Сарайшықтағы Аққу (Секер) көлі, алтын қайық туралы аңыз

Сарайшықтағы Аққу (Секер) көлі, алтын қайық туралы аңыз
жеке
блог

Ел ішінде қадір қасиеті жоғары деректерінде Жәнібек хан өз жанына ел сыйлаған билерді, шешендер мен жырауларды, халық қамын ойлаған жақсылар мен жайсаңдарды жинаған дейді. Сол Жәнібек хан керуеннен толассыз түсіп 153 жатқан байлықты халықтың игілігіне, қаланы көркейтуге жұмсапты. Талайды тамсандырған «Аққу көлін» Жәнібек хан сол кезде салдырған екен. Жәнібек хан бұл істі ақыл-парасатпен істеген. Көл суына керуенмен келген қап-қап қант төктіріп, аққу мен қаз қондырған. Жәнібек хан көл жағасына көп етіп мия (солодка) ектірген. Көл суының тәтті болуына мия тамырының да әсері болған сияқты. Ескі заманда көл табанын суға толтыру, оны үнемі жаңартып отыру әлденеше қосақ өгіздермен, сандаған шығыр құрылғыларын күндіз-түні айналдырумен іске асқан.

Жәнібек ханның балалары ішіндегі ең сүйікті қызы табиғатты тамашалауды өте жақсы көреді екен. Көбінесе су жағасына барып, балықтың ойнағанын, құстардың топ-тобымен суға қонғанын қызықтап, жағалауға өскен әдемі теректерді аралауды қатты ұнатқан. Хан бұл орынды халық қызығатындай жұмаққа айналдырмақ ниетте көлге серуендеуіне мүмкін болсын деп қызына аққу пішіндес қайық жасатып берген. Аққулар қонып жатты дара суға, Қимады Секер көлден әрі асуға. Табысқан табиғаттың тамашасы – ай Көлге аққу, аққу көлге жарасуда. Көк жиек көлдің шетін көмкереді, Осы ма ед сұлулыққа ең керегі. Мөлдір көл, аққу менен алтын қайық Көзіңе елестетпей ме ертегі елді. Судың тәттілігінен, көлге қонған аққудың көптігінен бұл көл «секер көл» немесе «аққу көл» атанған. Хан қызы өзінің құрбыларымен бірге, әкесі жасатып берген аққу мүсініндегі алтын қайығымен құстарға дән беріп, бірте-бірте қолға үйреткен. Көл маңында өзіне қауіптің жоқтығына көзі жеткен құс атаулы Сарайшық аруларының алақанын қытықтап, бидайын жеп, жаз бойы «Секер көлде» еркін сайрандап, керуенмен келген шет жерліктер алдында қаланың сәнсалтанатын арттырады. Сарайшықтың Аққу көлі туралы хабар ел-елге тарайды.

Жәнібек хан онымен де шектелмей, оңтүстіктің бал татыған жеміс ағаштарының түр-түрін алдырып, көл жағалай отырғыздырады. Балғын шыбықтарды отырғызып, жерсіндіріп жібергенше, сол жақтың бағбандарын да жалдап алады. Осы ғажайыпты көзімен көріп, куәгер болған италияндық саяхатшылардың бірі Франческо Пегалотти «сол ғасырларда бау-бақша отаны сақталған Парсы елінде кездеспеген жүзім мен жеміс ағаштарының ерекше түрлері Сарайшықта өседі екен» - деген естелік қалдырғанын Ә. Кекілбаев жазған. Халықтың сүйіктісіне айналған хан қызы он беске қараған жасында кенеттен қайтыс болған. Хан сүйікті қызының жасауын байлығын аямастан жұмсап жасақтап, жазға салым ұзатқалы жүрген екен. Ханшайымның  қазасына тек өз туыстары ғана емес, күллі халық қайғырыпты. Хан халқына қызын бір айдан соң жерлейтінін айтыпты. Бұған халқы қызын өте жақсы көретін болған соң, құрметін көрсеткені деп бағалапты. Алайда, хан сол күні өзі сенетін жеті адамды шақырып, қызын бүгін түнде жерлеуді тапсырады.

Қызын алтын табытқа салдырып, алтын қайығы мен қайыры жоқ алтын жасауларын бірге жерлеуді, жерленген орынды ұшқан құс, жүгірген аң, екі аяқты жан білмейтіндей құпия ұстауды, ал сенімінен шықса, әрқайсысына алтын қайықтың құнындай алтын беретінін айтады. Жалданған жетеу түнде қызды жерлеп, сол орынның үстінен ерсілі-қарсылы айдалған жылқының шұрқыраған дыбысы естіліп тұрыпты. Ертеңгісін сарайға тапсырманың орындалғанын айтуға келген жетеудің сөзін тыңдасымен хан олардың басын шапқыздырады. Содан бері қарай «Сарайшықта алтын табыт, алтын қайық, алтыннан жасалған қыз жасауы көмулі жатыр» деген аңыз қалыпты. 1580 жылы казактар қаланы қиратқан кезде бірнеше жыл қатарынан қаланы қазып іздеген, бірақ тапты ма, таппады ма белгісіз.