Сарапшылар болжамы: инфляция әлі де көтеріледі!

Сарапшылар болжамы: инфляция әлі де көтеріледі!
жеке
блог

Сарапшылардың инфляцияға қатысты пайым-болжамдары соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткішке шықты, деп мәлімдейді ҚҚҚ сарапшылары. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) сараптамалық орталығы қазан айындағы бірқатар қаржы индикаторлары бойынша қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың кезекті пікір, болжамдарын жария етті.
Әдеттегідей бұл жолы да ҚҚҚ зерттеуі отандық банк, сақтандыру компаниялары, брокерлік ұйымдар мен сараптамалық, қазынашылық бөлімшелер мамандарының пікіріне негізделген.
Қыркүйекте Ұлттық банк интервенциялар жүргізген жоқҚыркүйекте Ұлттық банк интервенциялар жүргізген жоқ
Онда Brent маркасындағы мұнайдың бағасынан бастап, АҚШ долларының қазақ теңгесіне және ресейлік рубльге қатысты құны, сондай-ақ инфляция, жалпы ішкі өнім және ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі сынды көрсеткіштер есепке алынған.
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, отандық қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың алдағы жылға қатысты инфляциялық болжамдары мәз емес. Бір жылдан кейін күтілетін инфляцияға олардың тарапынан берілген орташа баға бұл жолы 12,9%-ға дейін өскен.
Нарықтағы кәсіби мамандардың пікірін сарапқа салған ҚҚҚ сарапшылары – «бұл 2017 жылдан бергі ең жоғары болжамдық көрсеткіш» деген түйін жасайды. Айта кетейік, келер жылға қатысты бұған дейінгі инфляциялық пайымдар 12,5% шамасында болатын.
Сарапшылар талқыға салған кезекті сауал: «26 қазанға белгіленген кезекті отырысында Ұлттық Банк базалық мөлшерлемеге қатысы қандай шара қолдануы мүмкін?» деген мазмұнда. Бұл тұрғыда қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылар әртүрлі болжам айтқан: 50%-ы базалық мөлшерлеменің көтерілуін күтсе, 43%-ы «бүгінгі деңгейде қалады» деп есептейді, ал 7%-ы «мөлшерлеме төмендейді» деген пікірде.