Театр-мәдениет ордасы


Театр-рухани байлықтың қайнар көзі екені баршамызға аян.Қазақ тарихында «театр»ұғымы болмаса, қазақ өнерінің белгілі бір деңгейде даму жолы қиынға түсуші еді. Ерекше сағынышпен, асқан махаббаттарымен театрдың әр қойылымын аңсап күтетін қадірлі көрермендерді көргенде көзіміз тоятыны жалған емес. Осындай өнер сүйер қауым үшін театр ұжымы да сапалы қойылымдар қоюға талпынатынына мен сенемін.

Өнерді бар жүрегімен түсініп, құрметтейтін адам үшін театрдың әрбір бұрышы, әрбір қойылым залдарының өзі ыстық болары сөзсіз. Театр өнері бізге не үшін қажет? Көзі ашық, көкірегі ояу адам неге театрға баруға құштарланып тұрады? Бұл сұрақтардың жауабы айдан анық білініп тұр деп ойлаймын. Театр өнері бізге ең бірінші кезекте көңіл-күй сыйлайды. Көңілкүй дегенде ол міндетті түрде жақсы көңіл-күй болуы міндетті емес. Театр деген-комедия,трагедиядан тұрады емес пе? Театр-өмірде кездесетін жақсылықтарды,қиындықтарды көркем түрде жеткізуге өз үлесін қосады. Өнердің құдыретін түсінетін әр көрермен театрға рухани дамып, демалу үшін баратыны мен айтпасамда түсінікті. Кейде адам баласы күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, рухани дағдарысқа ұшырап жатқанын байқамайда қалады. Сондай кездерде адам баласын рухани түрде дамытуға театрдағы қойылымдар өз көмегін тигізуі ғажап емес. Таяқтың екі ұшы болатынындай, театр өнерінің қадір-қасиетін түсінетін көрермен саны қанша болса, тіпті театрға барып көрмеген,театрдың қадірін білмейтін адамдардың да саны соншалық. Театр ол мәдениет ордасы. Ондағы әртістер- мәдениет тасушылар. Қойылымға барғанда театр мәдениетін сақтамайтын адамдарды көргенде бір «әттеген-ай» деп қалатынымыз жалған емес. Театрда әр адам өзің қалай ұстауы керек деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Менің ойымша ең бірінші кезекте қойылым барысында әртістерге кедергі келтірмеу үшін ұялы телефонды өшіріп қойған абзал. Бір жағынан өзіңізде бір сергіп қалатын едіңіз. Екінші кезекте, қойылымға кешігіп келу өте ерсі іс. Себебі, сіз өзге көрермендерге кедергі келтіресіз. Театр-мәдени орта болғаннан кейін сырт-киімге де ерекше назар аударған артық болмас. Классикалық киімдер құдды бір театр үшін жаралғандай.

Қазақ театры десе, қара шаңырақ Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры бірден есіме сап ете қалады. Себебі,қазақ театрының бастауы,нағыз қайнар көзі осы М.Әуезов атындағы театрынан басталған десем артық айтқаным емес. Сонау XX ғасырдың 20 жылдарында дәлірек айтсақ 1926 жылы негізі қаланған бұл театрдың тарихы тереңде жатқаны сөзсіз.
Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар!
-деген Абай атамыздың осы бір өлең жолдарымен бастау алған Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда көрермен назарына ұсынылып, ерекше сый-құрметке бөленуі қазақ театр өнерінің деңгейін көрсетіп тұрғаны анық. Әртістердің сахнағы шығуы,өз өнерлерін көрсетуі,қойылым аяқталғаннан кейін көрерменнің ыстық махаббатына ештене жетпесі анық. Театр өнері осы қырымен ерекшеленеді. Қазақ театр өнері өз ісінің нағыз шебер майталмандарын дайындап шыққанына еш күмән жоқ. Себебі, сондай мықты майталмандарлың қойып жатқан қойылымы арқылы театр өнерінің деңгейі біршама өсіп жатыр. Осы театр өнері арқылы жаңа өмірге қадам басып жатқан адамдарға, қалың бұқара халыққа рухани құндылық жағынан үлкен көмек беруге мүмкіндік бар.
Қорытындылай келе айтатын болсақ, театр өнері сонау қылышынан қан тамған заманда да елеусіз қалған жоқ. Керісінше күннен-күнге дами түсті. Демек, театр өнері сіз бен біздей жанашыр көрермендері барда ешқашан өлмейтіні анық. Қазіргі XXI ғасыр ақпараттық технологиялар заманында ұлттық құндылықтарымызды,рухани байлығымызды сақтап қалу әрине оңай емес. Дегенмен де, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, тіліміздің мәртебесін көтеруге тырысайық. Бұл жолда театр өнерінің қосатын үлесі орасан зор.



Бөлісу: