АНДЕРДОГ-2022
жеке
блог

АНДЕРДОГ-2022

Футболдан Ұлттық құрамамыз биыл ерледі. Ұлттар лигасындағы жетістігіміз жанкүйер қауымды бір сілкіндіріп тастады. Енді келесі маусымда Англиямен бірге В лигасында күш сынасамыз (әрине, ағылшындармен бір топқа түсер-түспесіміз белгісіз, дегенмен Англияның В лигасына түсіп қалғаны ақиқат).

Енді шама-шарқымызша Қазақстанның биылғы жүрген жолдарын бір саралап өтсек.

АДИЕВ ДЕГЕН КІМ?

Жігіттердің биылғы дебюті бәрімізді екі ұдай сезімде қалдырды. Наурыз айында құраманың тізгінін уақытша ұстаған Андрей Карпович құраманың ойынына аса бір серпін бере алған жоқ. Молдованы пенальтилер сериясында әупірімдеп ұттық та, С лигасындағы орнымызды әзер сақтап қалдық. Жігіттердің ойыны, аяқ алысы көңілден шықпады. Сол баяғы бірде олай, бірде бұлай ойын. Карпович мұны “Қазақстанда маусым енді басталып жатыр, футболшылардың ойыны қалыпқа түскен жоқ” деп түсіндірді. Бәрібір, анадай сүреңсіз ойынмен ұзаққа шаба алмайтынымыз айдан анық еді.

ҚФФ жетекшілері де осылай ойлады, сірә. Өйткені осы жылдың мамыр айындағы кезекті отырысында Карповичтің орнына ресейлік Магомед Адиевті тағайындап тастады.

“Адиев деген кім соншалық? Құрама тізгінін бере салардай мықты болғаны ма?” деген сұрақтар тұрды жанкүйер қауымның көкейінде. Гуглден іздеп кеп жіберсеңіз, Адиевтің өткен жылы “Шахтер” тізгінін ұстағанын, Қазақстан кубогының финалына және УЕФА Еуропа лигасының плей-офф сатысына дейін барғанын біле аласыз. Екінің бірі-ақ жетіп жүрген жетістік. Мұндай бапкер құраманың ойынын түрлендіре ала ма?

Ұлттар лигасында біздің топта Беларусь, Словакия, Әзірбайжан құрамаларының бар екенін білгенде, анау айтқандай ештеңе күте қоймадық. Сөйтіп жүргенде маусым айының тамылжыған күндері де келіп жетті.

ЫҢҒАЙЛЫ ҚАРСЫЛАС

Бірінші қарсыласымыз — Әзірбайжан. Ана екеуіне қарағанда, оң жамбасымызға келетіні осы ғана. Бұған дейін төрт рет ұтыппыз. Ұпайды алсақ осылардан ғана жұлып аламыз. Қалған екеуі оңайлықпен беріле қоймайды.

“Астана Аренада” Әзірбайжанмен өткен ойынның бірінші таймы көңілімізді түсіріп жіберді. Қарсыласқа басымдықты беріп қойдық. Қорғанысымыз да мәз болмады. Шабуылды да мандытпадық.

Бірақ екінші тайм тіпті басқаша өрбіді. Әуелі Абат Айымбетов алыстан шірене тартты. Доп маңдайшаға тиіп, қақпа торынан бір-ақ шықты. Қуанып та үлгермедік, Рамазан Оразов артынша тағы да әзірбайжандар қақпасының торын бүлк еткізді. Алайда ойыннан тыс қалыпты. Шабыттың рухы қамшылаған жігіттеріміз шабуылды одан бетер үдетті. Асхат Тағыбергеннің пасын Абат аяғының сыртымен теуіп, гол соға салды. Әдемі гол. Біздің орындауымызда сирек кездесетін гол. Төреші он ойланып, жүз толғанып, ВАР тексеріп жүріп, есептеді-ау әйтеуір — 2:0.

Осылайша Әзірбайжанды аса қиналмастан ұттық. Айттым ғой, Әзірбайжан бізге ыңғайлы қарсылас. Тарихымызда бесінші рет олардан басым түстік. Бірақ алда бұдан он есе, жиырма есе қиын матчтар күтіп тұрды.

“ГАМШИКТІ ҚҰРАМАҒА ШАҚЫРЫҢДАР!”

Үш күннен соң Словакияға қарсы ойыннан бәлендей ештеңе дәмете қоймадық. Біріншіден, сырт алаңда ойнаймыз. Екіншіден, ол құраманың деңгейі бізден анағұрлым жоғары. Құрамадан 34 жастағы Марек Гамшик кеткенімен, басқа да сайыпқырандар жетерлік еді.

Алайда, төрешінің бірінші ысқырығы естілісімен, жігіттеріміз үміт отын маздатып қойды. Бірінші минутта-ақ бірінші соққыны жасап үлгерді. Төртінші минутта Абат сәл салқынқандылық танытқанда ғой, есеп ашар еді. Бұдан кейін де словактар тізгінді қолына алғысы келгенімен біздің жігіттер олардың дегеніне көне қоймады. 26-минутта қақпаға бағытталған соққылар саны біздің пайдамызға 6:0 болғанда, өз көзімізге өзіміз сенбедік. Рамазан Оразовтың бір өзі сол қанаттан атойлап, қарсылас қорғаушыларын әбігерге салды да отырды. Құрама дебьютанты Михаил Габышев мұндай жанкешті болар ма, қарсыластың соққыларына аяғын да, кеудесін де тосып, қақпаға жақындатпады. Шабуылдағы Абаттың әр қимылы қорғаушыларды дүрбелеңге салып, әбден зықысын шығарды. Словактар Абат пен Рамазаннан қауіп күтіп жүргенде, Аслан Дарабаев гол соғып кетті.

Екінші тайм біз үшін тым ұзаққа созылды. Күшіне мінген словактар тұс-тұстан атойлады. Гол да соғып кетіп еді, абырой болғанда төреші  есептемеді. Жігіттеріміз осы нәтижені сақтап қалды.

Алты күннен соң Словакияны “Астана Аренада” қабылдадық. Міне осы ойында бірінші орынның тағдыры шешілді. Есе қайыруға келген Словакия матчты баяу бастады. Олар ет қыздырам дегенше біздің жігіттер есеп ашып тастады. Михаил Габышевтің аспандата берген пасын бір сәт қорғаушылардың назарынан тыс қалған Ян Вороговский қақпаға бұра салды — 1:1. Қорғаушылар Янға тосқауыл болудың орнына Абатпен әлек боп, қапыда қалды. Осы сәттегі 28 мыңнан аса көрермен жиналған стадиондағы қиқуды айтып жеткізе алмайсыз. Екінші гол нағыз британдық стильмен соғылды, Асхат Тағыбергеннің асырған добын Эльхан Астанов баспен соғып, алыс бұрышқа дәл түсірді.

Бұл ойында құрама қорғаныста да, шабуылда да жақсы ойнады. Жалпы бұл циклдағы қай ойынды алып қарасаңыз да, Қазақстан қарсыластарынан аз шабуылдады, қақпаға соққыны аз бағыттады (Беларусьпен өз алаңымыздағы ойынды айтпағанда). Есесіне, сапа бар, мәселен, Словакия бізбен ойнаған қос матчта 30-дан аса соққы бағыттаған, соққаны — бір ғана гол. Словакия жанкүйерлерінің “Марек Гамшикті құрамаға қайта шақырыңдар” деп талап ететініндей бар.

Қазақстан Словакияны 2:1 есебімен ұтқан соң топта бірінші орында қалу мүмкіндігін әлдеқайда жақсартып алды. Енді олар қалған екі ойынның біреуінде ұтса болды, В лигасының жолдамасы алақанға өзі түседі.

ЫҢҒАЙСЫЗ ҚАРСЫЛАС

Беларусь құрамасымен 2022 жылға дейін бес рет ойнадық. Біреуінде ғана тең түсіп, төртеуінде ұтылдық. Доп айырмасы — 3:14. Бұдан өткен сәтсіздік бола ма?

Биыл Беларусь тым нашар. Соңғы рет қашан жеңіске жеткенін де көзі қарақты жанкүйерлер болмаса, былайша қарапайым адам есіне түсіре алмайды. Ресей-Украина қақтығысына байланысты, өз алаңындағы ойындарын Сербияда көрерменсіз өткізуге мәжбүр. Мұндай құраманы осындайда ұтпағанда, қашан ұтамыз?

Расында да ыңғайсыз қарсылас екен. Сербиядағы қаңыраған бос стадионда өткен ойында біз тең ойынды әзер сақтап қалдық. 90-минутта Малкевичтің соққысы бағанамызға тиіп, зәре-құтымызды алды. Дегенмен 1:1 нәтижесі топтағы бірінші орынды сақтап қалуға жеткілікті еді.

Төртінші турдан соң маусым айындағы ойындар сериясы мәреге жетіп, Ұлттар лигасы қыркүйекке дейін демалыс алды. Үш айлық үзілістен соң құрама бастапқы қарқынын жоғалтып алмады ма деген де қорқыныш болды. 22 қыркүйекте Беларусь құрамасын қабылдап, 79-минутқа дейін есеп 1:1 боп тұрғанда да “Беларусь ыңғайсыз қарсылас” деген түйткіл ойымыздан бір сәт кетпей тұрып алды. Оның үстіне Габышев пен Сергей Малый бос қақпаға соға алмады. Тек 79-минутта ғана көп жасағыр Бақтияр Зайнутдинов допты қорғаушының аяғынан тартып алып, жаңа шабуылды өрістетті. Абатқа асырып еді, ол айып алаңына ене сала қайта Бақтиярға жөнелтті. Бақтияр өзіне қарсыласа берген қорғаушыны қапы қалдырып, жақын жерден теуіп торға түсірді де, "Беларустарды бүгін де ұта алмай қаламыз ба?" деген күдігімізді біржола сейілтті — 2:1!

Ессіз қуанымызды төрешінің голы бірден есептей қоймағаны ғана іркіп тұрды. Төреші әрі ойланып, бері ойланып, алаңның ортасын көрсеткенде ғана “Беларусь синдромын” жеңіп шыққанымызға көзіміз жетті.

Әрине, бірінші таймда да Габышевтің ғажайып голы, Рамазанның “Мессише жасаған финттері” секілді атап өтерлік жәйттер болды. Алайда, жақында ғана тікелей эфирде берілген ойынды бүге-шігесіне дейін баяндамай-ақ қойғанымыз дұрыс та шығар.

ЖЕҢІМПАЗПЫЗ! БҰДАН ӘРІ НЕ БОЛАДЫ?

Бірінші орынды мерзімінен бұрын иеленген Қазақстан құрамасы Әзірбайжанмен ештеңе шешпейтін соңғы ойында 0:3 есебімен ұтылып қалды. Оған күйіне қоймадық, алайда сол жеңілістің болашақтағы зардаптары жайлы еш ойламадық. Біріншіден, Нұралы Әліп жоқ жерден алаңнан қуылды. Ол енді ЕУРО-2024 турниріне жолдама беретін плей-офф кезеңіне қатыса алмайды. Ол ойындарда Нұралының көмегі қажет-ақ еді. Екіншіден, біз 13 ұпаймен С лигасындағы төрт топта бірінші орын алған төрттіктің соңында қалып қойдық, себебі, доп айырмамыз нашар — 8:6. Бұл дегеніміз, плей-офф кезеңінің жеребесі тартылғанда біз екінші кәрзеңкеде боламыз. Ал ойын бірінші кәрзеңкеден орын алған команданың алаңында өтеді. Сырт алаң ауыртпалығын көтере алмайтын біздің құрама үшін бұл аса ауыр сын. Ондағы қарсыластарымыздың қай-қайсысы да осал емес,  Түркия, Грекия, Грузия...

Ұлттық құрамадан бұрын Габышев, Оразов, Астанов секілді ойыншыларды көрмеп едік. Адиев аталған футболшыларды құрамаға шақыру арқылы ойынды күшейткені көзге көрініп-ақ тұр. Өйткені бұл футболшылардың құрама табысына қосқан үлесі өте зор. Сондай-ақ бұрындары Бағдат Қайыров, Самат Жарынбетов, Темір Досмағамбетов, Аслан Дарабаевтарды да сирек көретінбіз.

Бұлардың арасында Габышевтің жасы 32-де, Досмағамбетов пен Дарабаев 33-те. Бұдан бөлек құрама тірегі саналатын Асхат Тағыберген, Сергей Малый сияқты футболшылар да отыздан асып кеткен. Бұлардың бәрі де құраманың дәл қазіргі таңда негізгі құрамдағы таңдаулы футболшылары екенін ескерсек, болашағымызға алаңдамай отыра алмаймыз. Келесі жылы өтетін плей-офф кезеңінде бұлардың бабы қалай болады, ол жағы да уайымдатады. Әлде 25-ке жете қоймаған Зайнутдинов, Әліп, Оразов, Самородов секілді жастар құрама тағдырын өз қолдарына алар ма екен? Сондықтан да, жыл санап жүріп мұндай жоғары жетістікке зорға жеткен шақта буын алмасу кезеңіне тап келіп, қайта құлдырамасақ болғаны деген де қорқыныш бар.

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ