IQanat, IQ-і жоғарылар мектебі ме?
жеке
блог

IQanat, IQ-і жоғарылар мектебі ме?

IQanat-тықтар шет мемлекеттерді бағындыруда!Айта кететін жайт 2021 жылы осы мектеп оқушылары әлемдік деңгейдегі 40 жоғары оқу орнынан грантқа шақырту алған. Бұл мектепке грантқа түсу көптің басына берілмейтін бақ! Ендеше дәл осы мектепке грант жеңіп алған оқушылармен сұхбаттасайық…

Сұхбат беруші оқушыларымыз:Дүйсенбайұлы Әлихан, Айбекқызы Айнара! Оқушыларымызды таныстырып болсам, сұрақтарға көшейін.

Бұл мектепке оқушыларды қабылдайтынын қалай, қайдан естiдiңіздер?

Әлихан: “IQanat ” республикалық олимпиадасы туралы сүйікті сынып жетекшім Гүлмира Иманбаева апайымнан білдім.

Айнара: Мен бұл олимпиада туралы апамнан естідім. Өзі қатысып, олимпиада туралы көп білетін. Маған барлығын түсіндіріп, сілтемесін жіберген. Сілтеме арқылы өтіп, тіркелдім. Шындығында, мен мектеп жайлы білмегенмін.

Мектепте оқуға мүмкіндікті жеңіп алғаныңызды естігендегі сезім?

Әлихан: Бурабай төріндегі «IQanat» мектебіне түскенімді, осы мектепте оқуға 2 жылдық грант ұтып алғанымды естігенде, шексіз қуанышты болдым. Өйткені, бұл мүмкіндік әркімнің бағына бұйыра бермейді.

Айнара: Мектепке түскендегі сезім, шыны керек, ерекше болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған оқушылар арасынан таңдалып, үздік жүздіктің қатарында болу- бөлек әлем.

Мектепке қабылдау тесті қалай өтті, кандай турлар мен бағыттардан өттіңіз?

Әлихан: Жалпы,«IQanat» олимпиадасы 3 турдан, және қосымша мектепке іріктеу турынан тұрады. Алғашқы тур №4-інші Қарауылкелді орта мектеп-гимназиясында өтті. Бірінші турда, барлық мектеп пәндері бойынша тапсырдым. Жалпы, барлық тур мен үшін қатты қиындық әкелмеді. Тек толқыныс пен қорқыныш болды. Ең бастысы, қазір осы сынақтардың барлығынан өтіп IQanat-та оқудамын.

Айнара: Ең алдымен, сілтеме арқылы тіркелдім. Негізінен, олимпиада 3 кезеңнен тұрады. 1-інші және 2-інші кезеңі өзіміздің ауданымызда өтті. Кейін, 3-інші турға өткенімде қатты қуандым. Ақтөбе облысының атын қорғап, 48 оқушы Қапшағай қаласында өткен «IQanat»тың 3-інші пунктіне жол тарттық. Жақын достар, жаңа таныстық, жаңа ақпараттар. 3-інші кезеңнің нәтижесін естігенде де, өзімді қоярға жер таппадым. 700 бала арасынан іріктеліп, 300 оқушы болып, “IQanat High School of Burabay” мектебіне түсуге арналған тест тапсырдық. Алғашында қатты қорықтым. Қаншама кезеңді артқа қалдырып, соңғы пункте кеңістікте ойлау, яғни, математика пәні бойынша тапсырдық.

«IQanat» жоғары мектебінде жағдай қаншалықты деңгейде жасалған?

Әлихан: Осы мектептегі білім және өмір сүру жағдайы жоғарғы деңгейде десем де болады. Ең бастысы жайлы оқуға барлық мүмкіндіктер берілген: ноутбуктер, компьютерлер, лабороториялар, спорт жабдықтары. Бауыржан Момышұлы айтқандай «тәртіпке бағынған құл болмайды». Біздің мектепте оқушылардың деңсаулығы мен оқуын қатар ұстауға арналған күнтізбе де жасалған.

Айнара: «IQanat» мектебі- білім мен достықты әнұран еткен шағын отбасы. Мектепте оқып жатқаныма 1 жыл, 1 ай болды. Күннен күнге мектебімнің көркеюіне, жаңаруына көзім жетуде. Оқушылар үшін бар жағдайды жасап, жаңа жаңалықтар еңгізуден шаршамайды. Сонымен қатар, біліммен ғана шектелмей, оқушының спорттық, шығармашылық жағынан дамуына көмектеседі.

Бұл мектептің басқа мектептерден ерекшелігі қандай, ішкі ережелерімен бөліссеңіз?

Әлихан: Алдымен оқуға деген құштарлықты жоғалтпай, өмірлік мақсатқа жететін жолды нақты табуға негіздену қажет. Содан кейін ғана қандай да болмасын кедергі сіздің шаңыңызға жоламайды.

Айнара: Мектебіміздің басқа мектептерден ерекшелігі- орналасу аймағы. Щучье өзенінің бойында, таза ауа, нағыз білім алуға арналған орта. Қосымша, мектебіміз әлемдегі аты шулы университеттермен тығыз байланыста. Апта сайын мектепке жаңадан қонақтар келіп, мектебімізді қолдап кетеді. Ауыл балаларын қолдау мақсатында, ел ағалары спонсор болады.

Осы мектепке түскісі келетін оқушылар үшiн кішкене көмек ретінде қандай сынақтар болатындығын, және қандай пәндерден тапсыру керектiгiн айтып өтсеңіз?

Әлихан: Менің ойымша әрбір пәнге зейін қойып, оны зерттеген дұрыс. Өйткені, «IQanat» Қазақстанның түкпір-тікпірінен ең ақылдыларды жинайды.

Айнара: Ең бастысы талмай оқып, қатардың алды болуға ұмтылу қажет. Ата-ана үмітін басты мақсатқа қойып, оған жетуге амал жасау қажет. Бұл мектепке түскендегі басты түйгенім, уақытты тиімді пайдалану қажет. Олимпиадаға арналған Youtube қосымшасында көптеген видеосабақтар бар. Қазірден бастап, алдыға мақсат қойып, жаңа ақпараттарды білу қажет.

Біздің ауданның мақтанышы атанған білгір оқушыларымыз Әлихан мен Айнараға көп рақмет айтып, алдағы оқу жылына сәттілік тілеймін! Ендеше IQanat-тық болғысы келер оқушыларға айтарым:

IQanat-жәй мектеп емес тікелей ЖОО-ға түсуге дайындайтын жоғары дәрежедегі мектеп! Болашақты бүгіннен бастап, IQ-іңізді жоғарлатып, iQанаттық атаныңыз!