Рухты кездесу
жеке
блог

Рухты кездесу

  Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультеті баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен Т. Қожакеев атындағы №230 мәжіліс залында ауған соғысының ардагерлерімен студенттердің қатысуымен кездесу өтті. «Соғыс ардагерлері – отаншылдық рәмізі» деген тақырыптағы кездесудің мақсаты студент жастардың бойында отанға, халыққа, тілге және ұлттық құндылықтарымызға деген ұлтжандылық сезімін ояту, жандандыру.

  Сөз тізгінін алған  ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, толыстағы полковник  Әбдібеков Мұхамбетжан Тоқтағұлұлы келген қонақтар Тұрғанбаев Сайлан және Меирманов Татибекті студенттерге таныстырып өтті. Сонымен бірге кездесу шымылдығы мемлекеттік әнұранмен ашылды, бұл бүгінгі жиынның басты ерекшелігі. Әнұранның шырқалуы рәмізге деген құрметтің белгісі.

  Кездесудің кезекті қонақтары өз өмірбаяндарын баян етіп, бейбіт заманда әскерге аттанып, Ауғанстан жеріндегі сұм ажалмен алысып, бастан кешкен қиындықтар мен қорқынышты кезеңдерін, елге аман-есен оралғандарын кеңінен тарқатып айтып берді. Ауған соғысы кезіндегі батырларымыздың ерліктерін еске алды. Тәлімді әрі ғибратқа толы бұл кездесуде Ауған ардагерлері сол сұрапыл жылдарды еске алып, өзінің өмірлік жолынан, әскерлік өмір жолынан сыр шертті. Шараға қатысып отырған жастар ағалар сөз еткен тағылымды әңгімелерден жаңа рух пен ерекше әсер алды десем қателеспеспін. Студенттер кездесу барысында өздерін қызықтырған сұрақтары қойып, түрлі оқиғаларды тыңдап, осы кездесуден ерекше әсер алды. Аталған тарих беттерін парақтап, бүгінгі күнге жетіп отырған ағаларымызбен сұхбаттасу студенттерге жалынды рух сыйлағаны анық.

  Жиын соңында ардагер ағалар студенттерге патриоттық сезімнің әрқашан болуын, елімізде ешқашан соғыс болмауын, жастардың Отанды қорғау парызы екендігін есте шығармауын тілге тиек етті. Соңында естелік суретке түсіп, бұл жиынның нүктесі қойылды. Факультетімізде осындай жиындар өткізу арқылы қазіргі жастарды ерлікке, отансүйгіштікке баулу өз нәтижесін берері анық. Расында еліміз осындай батырлар мен қаһарман тұлғаларымен мақтанады.

 

Динара БОРАНБАЙ

Баспагерлік-редакторлық және

дизайнерлік өнер кафедрасының

3 курс студенті