Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерін

Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерін
жеке
блог

Биыл елімізде Ақымет Байтұрсынұлына арналған үлкен іс-шаралар өтуде. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойына орай халықаралық симпозиумдар, республикалық конференциялар ұйымдастырылуда. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті де бұл мерейтойға өз үлесін қосуда. Күні кеше ғана филология факультетінде лингвистикалық болжау орталығы ұйымдастырумен «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерін» атты дөңгелек үстел өтті. Үйірме жетекшісі – Дина Әлкебаева.

Айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған бұл шараға лингвистикалық болжау орталығы үйірмесінің құрамындағы доктаранттар мен магистранттар, студенттер қатысты. Доктарант Анарбек Адина ұлт ұстазының саяси жолы мен қоғамдық қызметі жөнінде баяндады. Бірі білсе, бірі біле бермейтін тың деректерге тоқталды. 3 курс студенті Асқар Алуа Ақымет Байтұрсынұлының түрмедегі өмірі туралы баяндама жасады. Өз ғұмырын түгелдей еліне арнаған қайсар рухты азаматтың өмірінің басым бөлігі қудалауда, түрмеде өткені әмбеге аян. Тар қапаста жаны мен тәні қатар азап шекті. Десе де, Ақымет ата өзін алда азапты жолдың күтерін біле тұра қазаққа қызмет етуді ғажап баққа санап еңбек етті. Ешкім де, ештеңе де дара да асқақ рухтың иесінің арманын талқан қыла алмады. Мін Сондай-ақ, шараға 4 курс студенттері де белсене қатысты. Жубай Аяжан ұлт ұстазының нақыл сөздерінен дәйек келтірді. Мысалы «Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда қайырымы қайтпаса», «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды».

Дөңгелек үстелге қатысушылар кемеңгердің әр сөзін дұрыс пайымдап, ұғынуға тырысып бақты. Одан өзге Камал Лаура Ақымет атаның баспагерлік, редакторлық қызметіне тоқталды. Ақымет Байтұрсынұлың төте жазуы жөнінде Нусупова Перизатта тың пікірлер білдірді. Қалдарбек Мейіржан ұлт перзентінің қазақтың жерін өзіне алып қалудағы ерен еңбектеріне тоқталды.

Алаш қайраткерлерін тану, таныту ісі әлі күнге дейін өзекті. Арыстарымыздың бірі һәм бірегейі Ақымет Байтұрсынұлына арналған әр іс шараның  маңызы ерек. Шынында да арынды ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерін».

Асқар Алуа Қуанышқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология факультетінің
3 курс студенті