Чемпиондар ұстаханасы
жеке
блог

Чемпиондар ұстаханасы

Болар бала бесігенде бұлқынар-демекші, дарынды баланың қатарлас құрбы-құрдастарынан өзгешілігі әркезде бір қадам алда жүріп, озық ойлауында болады –дейді ғалымдар. Ия, бұған қосылмасқа дауа жоқ. Баланың жастайынан әр салаға қабілеттілігі байқала бастағаннан бастап оны дұрыс арнаға бағыттай білу ата-ананың міндеті.

Баланың жүрек қалауы не қаласа соған бейімдеудің орнына көптген ата-аналар өздерінің қалауы бойынша оқуға немесе спортқа беріп жатады. Әрине ол дұрыс емес. Қазақта талапты бала-талпынған құстай, құмары қанбас аспанға ұшпай-деген қанатты сөз бар. Талапты бала қалайда бір жерден тесіп шығары сөзсіз. Тек дұрыс қататтана білсе болғаны. Ол дегеніміз бұлақ көрсең көзін аш –демекші сол талапты да талантты балаларды тани білетін аке-шешеден бөлек бапкерлерге үлкен жауапкершлік артылады. Көп ішінен талантты баланы суырып алып қататын  қамдап үлкен биікке самғап ұшуына бағыт берер білікті бапкерлер көбінесе дарынды жастарға арналған мектеп ошақтарында спорт мектептерінде болады. Бүгінгі біздің әңгіме арнасы көптеген талантты жастардың қанатын қомдап үлкен спортқа ұшырып шығарып жатқан  Алматы қаласының маңындағы ,,Шаңырақ,, шағын ауданындағы ,,Олимпиада резервінің Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжіне арналмақ.

Бұл спорт мектебінің іргетасы 2007 жылы қаланғалы бері әлем, Азия жарыстарында жүлде салған көптеген спортышалрдың қатары толыға түсуде. Мысалы, жүзуден  рекорд жаңартқан Азия ойындары мен Әлем чемпионатының алғашқы жеңімпазы Эльмира Айғалиева мен бокстан әлем чемпионаттарының жеңімпаздары есімдерге елге танылған Жәнібек Әлімханұлы мен Назым Қызайбайлар айтулы мектептің түлектері. Бүгінгі таңда спорттың 14 түрінен 440 оқушы біліммен спортты қосақтап шыңдалуда.  

Қазіргі кезде айтулы спорт мектебінде тәлім алып жатқан таланттардың жетіп жатқан жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, Ақтау каласында ағымдағы жылдың 11-17 шілде  аралығында  Қыздар боксынан жастар және жасөспірім арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты болып өткен еді. Сол сында мектептің атынан 15 қыз қатысып, 4 алтын, 7 күміс, 4 қола медальмен оралған. Ал, Чемпионаттың ең үздік боксшысы Сейдіш Бақыт атанса, Бурабай Меруерт ҚР спорт шебері атағын орындап мектептің мерейін өсірген. Алтын жүлдені:  Бурабай Меруерт, Қабдолда Әйгерім , Жаңабаева Аружан, Сейдіш Бақыт жеңіп алса, күміс жүлде: Тайыржанова Шахназ , Балғабек Аруза, Балғабек Аруза, Таубай Ұлдана, Түркістанова Ақжан, Рысбек Шұғыла , Әбілқайыр Үміт, Сейітханкызы Панардың мойындарына тағылған. Ал, жүлделі үшінші орынды:  Сәлімбай Анар, Манатқызы Мадина, Абдуллаева Лия мен  Сүйеналы Нұрсұлу сынды гүрзі жұдырықты былғары қолғап шеберлері ие болған екен. Былайша айтқанда, қыздар арасында өткен ел біріншлігіне тігілген жүлденің басым бөлігін айтулы бір ғана спорт мектебінің былғары қолғап киген талантты қыздары жиып алып қайтса керек. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың 2-10 аралығында Бахрейн мемлектінің Манама қаласында еркін күрестен жалауын көтерген U-20 жастар арасындағы Азия чемпионатында 125 кг салмақ дәрежесінде белдескен балуанымыз Тәжі Бекзат қола жүлдегер атанса,тамыздың 16 жұлдызында Болгарияның астанасы София қаласында еркін күрестен жастар арасында (U20) өткен кезекті әлем чемпионатының екінші күні ел қоржынына Мерей Базарбаев  57 келі салмақта ақтық сынға түсіп күміс медалін жеңіп алып берген. Мерейдің күміс медалі осы әлем чемпионатындағы еркін күрес шеберлері иеленген жалғыз жүлде болғаныны бас айтамыз. Ал, сол жүлде осы мектептің ұжымы, директоры Медет Торғайұлы, еркін күрес жаттықтырушылары мен бас бапкері Кешубаев Роланның жұмыла жұмыс жасап төккен терлерінің жемісі екенін айтпасқа болмас.

Жеңіс – тынбай жасаған жаттығулар мен табанды еңбеңтің арқасында келеді. Сонымен қатар, қамқорлық пен жағдай жақсы қарастырылған жерде табыста көп күттірмейді. Ендеше,  дарынды жастарды тобымен шығарып жатқан чемпиондар ұстаханасы атанған мектеп ұжымы мен ел намысы үшін табысты өнерлерімен мектеп мақтаныштарына айналған споршыларға  алдағы уақытта да биіктен көрінулеріне тілекшіміз.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ