Еуразия Ұлттық университеті ұстаздарымен кездесу

Еуразия Ұлттық университеті ұстаздарымен кездесу
жеке
блог

ЕҰУ доценттерімен кездесу өтті
2022 жылдың 5 мамыр күні Еуразия Ұлттық университетінің дәрежелі ұстаздарымен әңгімелесу өтті. Шара Астрахан ауданының Өндіріс ЖОББ КММ-де ұйымдастырылды. Кездесуге Астрахан ауданының 9-11 сынып оқушылары келді. Ұйымдастырылған кездесу университетке шақыру мақсатында емес, оқушыларға барынша идея тастап, өнегелі әңгіме жеткізу.
Нақтырақ айтар болсақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҰУ-нің «Әлеуметтік мәдени даму» жөніндегі проекторы, Алаштанушы ғалым ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, ҚР Елтаңба аворы, сәулет профессоры Жандарбек Мәлібеков, қазақ өлеңдерінің қүрылысын зерттеушісі, филология ғылым докторы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Негимов, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай, физикалық және экономикалық география кафедрасының профессоры Сапаров Қуат Табылдыұлы, Жоғары математикак кафедрасының профессоры Байарыстанов Асқар Ойнарович, Техникалық физика кафедрасының профессоры Ақылбаев Әбдраш Тасанұлы, Баспасөз және баспа ісі кафедрасы профессоры Тоқтағазин Мұратбек Балқыбекұлы, Халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Әлпейсов Әміржан Қайырұлы, «Абай» академиясы ғылыми-зерттеу институтыныңдиректоры Әубәкір Жандос Мағазбекұлы, «Білім тарихы» мұражай меңгерушісі Ахметова Сымбат Муталафханқызы, «Жастар» департаментінің директоры Тлепов Жамбыл Аманкелдіұлы атты үлкен ұстаз, доценттер қонақ болып келіп, өз тәжірибелерімен бөліскен болатын. Тәжірибелі тұлғалар оқушыларға білімнің ауадай қажет екендігін өз өмірлерімен байланыстырып та, ойшылдардың көркем сөздерін қолданып та жеткізуге тырысты. Серік Негимов бір сөзінде: «Білімді іздесеңдер, кітап оқыңдар. Кітапсыз адам дамымайды. Маржанның бәрі осы кітапта» -деді. Аз ғана уақыт ішінде өрбіген әңгіме бәрін дерлік өмірлік ақылмен сусындады.
Келген қонақтар өздерімен бірге ЕҰУ оркестрін алып келіп, ән-шашу сыйлады. «Дала сазы оркестрі» қазақтың қара домбырасын, саз-сырнайын, қоңыр үнді қобызың бір әуенге әуелетіп, көрермен жүрегін жаулады. Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» , Қыздарбек Төребайұлының «Сылқым қыз», Дина Нұрпейісованың «Науаи», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», Шетел шығармаларынан попурри «Белла Чао мен Игра престолов», Ардақ Тәңірбергенұлының «Жорықта» сынды күйлерімен жанымызды рухани байытты.
Келген ұстаздардың барлығы дерлік оқушыларға үлгі боларлықтай әңгіме айтып, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Уақыт тауып келген қонақтарға алғысымыз шексіз!