Ахмет Байтұрсынұлы - ғалым

  Өз кезеңінде «Қазақтың Ахаңы» деген мәртебелі атқа ие болған Ахмет Байтұрсынұлының ұлтына сіңірген ұлан-ғайыр еңбегі әр саладан көрінеді. Мәселен, ол – ең бірінші,қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсаған ағартушы, ең алғашқы «Әліппе» оқулығының авторы, екіншіден, қазақтың әлеуметтік өмірінің барлық саласына назар аударған ірі публицист, қоғам қайраткері, үшіншіден, өнер иесі – ақын, қазақтың тілін ғана емес, әдебиетін де зерттеген ғалым және халықтың тез сауаттанып хат тануы үшін араб жазуын реформалап, ұлттық деңгейге көтерген бірегей тұлға.

  Ұзақ ғасырлар бойы қолданыста болған араб жазуының халықты тез әрі жаппай сауаттандыру жолында бірқатар кедергілері мен қиындықтары болды және араб әліпбиін пайдаланған күллі түркі халқы ортақ орфографиялық заңдылыққа бағынған болатын. Ал бұндай жазуды ұлттық деңгейге көтерудің ең басты тәсілі ретінде А.Байтұрсынұлы араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сәйкес реформалау деп білді, осылайша ұзақ ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан араб графикасына өзгеріс енгізу идеясын алғаш көтеріп, оны іс жүзінде реформалады.

  А.Байтұрсынұлы әліпбиінде 24 әріп, 1 дәйекше белгісі болды. Дәйекше қойылмаған сөз жуан, дәйекше қойылған сөз жіңішке болып оқылатын. Яғни үш ақ дауыстысы бар араб әліпбиін, қазақ тілінің үндестік заңына сүйене отырып, еш қиындықсыз қазақ жазуына ыңғайлады.

  Ұзақ ғасырлар бойы қолданыста болған араб жазу жүйесі негізінен үш түрлі сатыда қызмет етті: қадим, жәдид, төте жазу. Осылардың ішінде төте жазу, яғни А.Байтұрсынұлының әліпбиі ана тілінде сауат ашудың ең тиімді құралы болды.



Бөлісу: