Мейірім шапағат зор Айт күні

Мейірім шапағат зор Айт күні
жеке
блог

"Кешегі күн бүгін тарих" - деген қанатты бір сөз бар. Әрбір күннің алла берген өз несібесі, қуанышы, жұбанышы, берекесі, меркесі болатыны заңдылық. Кешегі қасиетті рамазан айында 30 күн ораза тұтқан барша мұсылман қауымының айт мерекесі аталып өткен еді. Осындай мерекелі, берекелі мейрам күнінде барша мұсылман таңғы айт намазынан кейін бір-бірінің үйіне кіріп айттық мерекесімен құттық, жайылған ақ дастарханнан дәм татып мерекені тойлай бастайды.

Көктемнің осы бір жайма-шуақ мерекелі айт күнін еліміздің әр өңірі үлкен қуанышты көңіл күйде атап өтті. Хадисте: Сауабы тиетін іс істегенде қуан, күнә жасаған кезде ренжі, сен сонда ғана шын мұсылмансың-дейді. Кешегі айт күнінде әрбір мұсылман жағдайы төмен жандарға, жетім, жесірлерге ас-дәм таратып сауабын алып алланың ризашылығына бөленіп жатқанын көріп,білдік. Сонымен қатар, мерекелі айт күнінде табиғат аясына жанұяларымен табиғат аясына шығып, салауатты өмір жолында спорт шараларын өткізіп қолдан келгенше сауапты, пайдалы шараларды жасап барынша бұл күнді мерекеге сай өткізуге тырысты. Сондай бір игілікті әрі сауапты шараның бізде күәсі болуға алла нәсіп еткен екен. Көпке үлгі болатын бұл қайырымды шараны мұсылманның бес парызының бірі, қасетті Меккеге барып қажылық жасап қайтқан Талғат, Сембек, Ертай, Шырақбек сында иманжүзді қазақтың ардақты азаматтары ұйымдастырған екен. Алатаудың етегіне,табиғаттың тамаша бір көкмайсалы жеріне жайылған ақ дастарханға 200 астам отбасылар келіп, айт мерекесін жоғары деңгейде атап өтті.

Мерекелік шараның салтанатты ашылуында ПҚ"Желтоқсан Ақиқаты"-республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері, желтоқсан көтерілісінің ардагерлері ел алдына шығып концерттік бағдарламаларын тарту етті.Әсіресе, Жыр алыбы Жамбыл бабамыздың немересі Бекболат Жабыловтың төгілте шерткен күйі мен Дархан,Үсіпхандардың дамбыра мен гитара аспабымен үндесе шырқаған папури әндері жиылған халықты әсіресе жасөспірім балаларға үлкен әсер етіп, аямай қол соқты. Батырлардың тау етегін жаңғырта салған сазды әндері тыңдаушыларына ұмытылмас әсер бергені бір анық еді. Аллаға иман келтіргеннен кейінгі істің ең абзалы-адамдарман достасу, араласу, пікірлесу-деген хадисте. Сондықтанда бұл мерекелік жиынға жиылған отбасылар бір-бірімен араласып, тез тіл табысып мәре-сәре болып көңіл көтерді. Әсіресе спорт алаңдарындағы тартысты ойындар мерекелік жиынның көрігін қыздыра түсті десе болады. Волейбол, футбол алаңдарында нағыз кескілескен кездесулер орын алды. Республикалық "Желтоқсан Ақиқаты" қоғамдық бірлестігінің атынан ойын алаңында өнер көрсеткен Ертай, Дәулет, Дархан, Сайфуддин, Батыр сынды кешегі тәуелсіздігімізді жеңіп әперген қаhармандар, сырла аяқтың сыры кетсе де сыны кетпегендігін паш етіп жастарға қарсы тамаша ойын өрнектерін көрсете білді.

Жарыс соңында жеңімпаздар ұйымдастырушылардың әзірлеген бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Садақаның абзалы шөліркеген адамға су беру дегендей, қалалық тұрғындар осындай игілігі зор, қайырымы шексіз сауапты шараны сағынып-ақ қалған секілді. Табиғат аясында күмбірлеті домбыра шертіп, гитараның әсем әуезі орындалып айнала тербеліп,толқып тұрған күйде болды десе жаңылыс айтпаған болар едім.

Алдағы жылы бұл шараны ұйымдастырушар алқасы келетін отбасылар санын көбейтуді мақсат еткен екен. Алла алдарынан жарылқасын дейміз. Хадисте: Бір-біріңе қайырымды, мейір-шапағатты болып, қол ұшын беріңдер сонда іштегі арам, жаман пиғылдан тазарасыңдар-дейді. Сондықтан адамдар арасында бір-біріне мейірім, шапағат сый етер осындай ізгілікті, сауапты шаралар көп болса деп тілейік. Бескүндік мына жалғанда одан артық не бар.

АҚЫН ОРДАБАЙҰЛЫ.