Желіде Ресейге қарсы өшпенділікпен сөйлеуге рұқсат берілді ме?

Желіде Ресейге қарсы өшпенділікпен сөйлеуге рұқсат берілді ме?
жеке
блог

Facebook пен Instagram-да «ресейліктерге және оның ішінде ресейлік сарбаздарға өлім тілеуге рұқсат берілді» деген ақпарат көп жарияланып жүр. Бұл ақпарат рас па? 

Ақпарат 10 наурызда жарияланды. Reuters бұл ақпаратты Meta басшылығы контент модераторларына жіберді деген хаттан білген және соған сілтеме жасай отырып таратқан.

Ақпаратта Meta Facebook пен Instagram-да «ресейлік басқыншылар мен ресейлік әскерилерге қарсы өшпенділік тілін қолдануға тыйымды алып тастайтыны» хабарланды.

Сол мәлімдемеде-ақ Meta былай деп басын ашып алған:

«Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан әдетте біздің ережелерімізді бұзады деп саналып келген саяси пікір білдіру формаларына уақытша рұқсат бердік, бұл «ресейлік басқыншыларға өлім» деген сияқты сөздер. Әдеттегідей, біз ресейлік азаматтарға қатысты күш қолдануға шақыру әрекеттеріне жол бермейміз», – делінген мәлімдемеде.

Алайда бұл ақпарат ресейлік әскерилерге ғана емес, Ресей халқына да қатысты хейтспич қолдануға рұқсат берілді деп түсінілген, бірқатар ресейлік БАҚ осылай ақпарат таратқан.

Роскомнадзор да Meta мәлімдемесін осылай түсіндірген. Ресейлік ведомство сайтында Instagram-ды бұғаттау туралы шешімде мынадай мәтін бар:

«Өздеріңізге белгілі, 11 наурызда Meta Platforms Inc. өзінің Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде Ресей азаматтарына қарсы зорлық-зомбылыққа шақыратын ақпаратты орналастыруға мүмкіндік беру арқылы бұрын-соңды болмаған шешім қабылдады».

Алайда, ведомствоның бұл сөзін Meta жоққа шығарып, жаңа мәлімдеме жасады. 14 наурызда Meta Facebook пен Instagram-дағы жаңа саясат бойынша, «өшпенділік тілін» тек Украинада және ресейлік әскерилерге қарсы қолданылуына жол беретінін мәлімдеді. Бұл мәлімдемеде «Facebook пен Instagram русофобия мен ресейліктерді дискриминациялаудың кез келген формасына жол бермейтіні» айтылады.

Алайда бұл мәлімдемені «Ресей халқына өшпенділік тілін қолдануға рұқсат берілді» деп түсінгендер «әскерилер де Ресей азаматы ғой» деген тұжырым жасаған. Осылайша желіде екіұшты дау шыққан.

Үкім: жалған және манипуляция

@uscgalmaty @usinkz
#түркітілдесжурналистерқоры #Жорналшыданбіл #фактчек