Оқушылардың ораза ұстағаны олқылық па?

Оқушылардың ораза ұстағаны олқылық па?
жеке
блог

Құран түскен қасиетті ай басынан әлеуметтік желілерден мұғалімдердің «оқушылар ораза ұстап, оқуға ынта қоймай жатыр» деген жан айқайын естіп жүрміз. Осы орайда, сіздермен Рауан Қайдардың «Егемен Қазақстан» газетінің жетпісінші санына жарялаған «Оқушылардың ораза ұстағаны олқылық па?» мақаласын талдайық.

Автор айтпақшы, құрсағыңды аш қойып, құран оқып, құлшына құлшылық қылатын қасиетті айдың қадір-қасиетін, Пайғамбар үйреткен парасатты жолдың парызы мен сүннетін партадағы оқушы қаншалықты түсіне алады?! Алланың айрықша әспеттеген, елшісінің ерекше ескерткен он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазанның рақым нұрынан әркім де дәмелі, үлесінен үмітті. Сауабынан құр қалып, сан соғуды қаламайтыны анық.

Ендеше, оқушылардың ораза ұстағаны олқылық па? Бұл жайлы сараптама жасаған Рауан Қайдар алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы таратқан ақпаратты ұсынған.

Онда «әлеуметтік желілер мен мектеп мұғалімдерінің whatsapp топтарында ораза ұстаған оқушылардың оқу үлгерімі мен денсаулығына қатысты мәселе талқылануда. Осыған орай әлеуметтік желі қолданушылары мен ата-аналар тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жас балалардың ораза ұстауына қатысты сауалдар келіп түсуде. Осыған байланысты ҚМДБ төмендегі ақпараттық түсіндірмені қаперлеріңізге салады: Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін. Ата-аналарға осы мәселеге аса көңіл бөлуге кеңес береміз. Кез келген құлшылық, оның ішінде ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек. Оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайды қарауына болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды. Үшіншіден, ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұраймыз», делінген.

Сонымен бірге, жаңа көзқарасты қалыптастырып, ойды қорытуда ақ халатты абзал жандардың да пікірі сырт қалмапты. Атап айтар болсақ, автор мақалада нейропедиатр Гүлдана Шойбекованың «Дәрігер ретінде айтарым, егер баланың денсаулығы жақсы болса, ораза ұстауда тұрған ештеңе жоқ. Керісінше, пайдалы. Қазір біз сигр, сибр деген диагнозды екінің біріне қойып жатырмыз. Бұл – ішек аурулары. 5-12 жас аралығында көп кездеседі. Бүгінгі таңда тамақтану үрдісі қатты өзгеріп кетті. Бұл содан пайда болатын ауру. Айран, сүт, йогурт барлығына қант қосылады. Бұдан бөлек балалар тәттіні көп жейді. Соның кесірінен аурушаң балалар көп. Ал ораза ұстаса, тым болмағанда бір ай болсын асқазаны, ағзасы тәттіден тазарып қалатын еді» деген оңтайлы пікірін көрсеткен.

Осы секілді сала мамандары мен ата- аналардың пікірлері сараланып көзі қарақты көрерменге тың әрі дәлелді мақала ұсынылған.

Оймақтай ойын автор «Мақаламыздың мәні біреуді кемсіту емес, керісінше, кемшілікті кеңінен талқылау. Жан-жақты саралау. Оқушылардың олқылықтарын түзету. Сауапты ойлайтын, сабақты қоймайтын, сауатты оқушылардың саны артса дейміз» деп тобықтай түйіндейді.

 

Назерке Альбертқызы