«Түркістан 2040: келешек келбеті» концепциясы

«Түркістан 2040: келешек келбеті» концепциясы
жеке
блог

          Түркістан еліміздің рухани-мәдени дамуына сүбелі үлесін қосып, күллі қазақ жұртшылығын сан ғасырлық ұлттық мұрасымен тамсандырып келеді. Бүгінде киелі шаһарда мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында бірқатар іс-шаралар қолға алынып, көптеген бағдарламалар жүзеге асуда. Осы орайда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің атқарып жатқан жүйелі жұмыстары жайлы атап өткен жөн. Себебі, бұл университет –халықтар достастығы мен білімнің алтын көпіріне айналған қасиетті қара шаңырақ. Биыл рухани астанада орналасқан оқу орданың құрылғанына 30 жыл толады. Университет әлеуметтік - стратегиялық бағыттарды талдай отырып, Түркістан қаласын дамыту үшін «Университеттің 30 жылдығына 30 жоба» идеясын әзірледі. Аталған бағыт бойынша тұрғындарды тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету, білім беру жүйесін жетілдіру, қоршаған ортаны көркейту, инновациялық жобаларды әзірлеу, техника саласын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Солардың бірі әрі бірегейі - «Түркістан келешегі-2040» идеясы. Бұл жоба қаланы жан-жақты көркейту үшін таптырмас концепция.

         Өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйымдастыруымен күллі түркі халықтарының басын қосқан саммит болып өтті. Жиын барысында елдердің одақтастық байланысы жайлы айтылып, «Түркі келешегі-2040» идеясы жан-жақты талқыланды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанның облыс орталығына айналған сәттен бастап, қалада түрлі мекемелер мен мәдени орталықтардың бой түзегенін атап өткен болатын. Ал, бұл идея шаһардағы туризм мен транзиттің, жасыл экономика мен экологияның, шағын және орта бизнестің прогрессивті дамуын айқындайды.

       Қазіргі таңда түркі әлемінің бесігіне айналған шаһар адам танымастай өзгерді. Қалада көрсе көз тоймайтын сәнді ғимараттар, ғылыми кітапханалар, театр мен білім ошақтары, түрлі ойын-сауық орталықтары салынды. Бұл алдағы жиырма жыл ішінде Түркістанның қарыштап дамып, туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді. Қаланың көркін кіргізіп тұрған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жаңашылдық жүргізу мен әлі де тамыры тереңде жатқан археологиялық ескерткіштерді зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Бүкіл жұртшылықты таңдандырған «Керуен Сарай» орталығы сынды руханилықтың алтын бесігіне айналған мәдени ошақтар күн санап артып келеді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа Қазақстан үшін білімнің алар орнын айқындап берген болатын. Сондықтан Түркістанның келешегін гүлдендіру үшін білім сапасын арттырып, өзге мемлекеттерден оқ бойы озық тұру қажет. Аталған бағытта Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік Президент өз Жолдауында «Жаңа Қазақстан» үшін білімнің алар орнын айқындап берген болатын. Бұл тұрғыда Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті бірқатар жұмыстар атқаруда. Тікелей Түркия мемлекетімен байланысы бар оқу орны шетелдік азаматтарға сапалы білім беріп, үздік студенттерін өзге мемлекеттерге тағылымдамадан өтуге жіберіп жатыр. Жыл сайын арнайы гранттар бөліп, өз ісінің шебері атанар мамандарды даярлауда. Тіпті, тіл үйрету орталықтарын ашып, инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруде.

       Шаһардың бүгінгі экологиясына келер болсақ, қаланы жасылдандыру жұмыстары атқарылып, көрікті саябақтар мен ұлттық парктер салынуда. Экологияны реттеу үшін мемлекет бюджеттен қаржы бөліп, дамыту жұмыстарын бастап та кетті.

     Сан ғасырлық тарихы бар Түркістан қаласын келешекте қалай елестетеміз?

Елбасы айтқандай, бұл қала болашақта миллиондаған тұрғыны бар мәдени орталыққа айналмақ. Ендігі мақсат - “Түркістан келешегі-2040» идеясы аясында аталған жұмыстарды бір жүйеге келтіріп, елдің тұрақты әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету. Концепция толық түрде жүзеге асып, төккен тер мен еткен еңбек ақталып, мәдени астанамыздың дамуына өз үлесін қосады деген ойдамын.

 

 

 

Сурет интернет желісінен алынды.