ҚазҰУ жастары - ел болашағының негізі.

Әрбір мемлекеттің болашағы сол елдің жастарының қолында. Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар – бүгінгі жастар. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт болашағы -білімді ұрпақ қолында» дегені жарқын істерге апарар жолды меңзеп тұрғандай. Расында, бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, келешектің келбеті емес пе?

Сол себепті олардың білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті болып өсуі ел дамуындағы аса маңызды фактор деп білемін. Сондай, болашақта елдің тізгінін мықтап ұстайтын, арман-мақсаттары айқын, бәсекеге қабілетті, білімді, келешектеріне нық қадамдар жасайтын, қазақ ұлтын шын сүйетін және ұлттық құндылықтарымызды көзінің қарашығындай сақтайтын жастар бүгінде ҚазҰУ шаңырағында білім алып жатыр деп толықтай негізде айта аламын.  Өзім де сондай жастардың қатарында болғандықтан  Елбасының бұл сөзімен толықтай келісемін.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан Республикасының ең үздік жоғары оқу орындарының бірі. Ұзақ уақыт бұрын салынғанына қарамастан, университет қазіргі таңда білгір болашақ мамандарды дайындауда көшбасшы болып келеді.  Қазіргі таңда университет 37 мамандық бойынша кадрлар даярлайтын жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, технопарк бар. Оқытушы-профессорлар құрамы 2500 мың адамнан асады, олардың арасында 400-ден аса ғылым докторы, профессорлар, 800-ден астам ғылым кандидаттары, доценттер бар.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтар бар. Осы аталған мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындайды.

Университетімізде дәстүрлі түрде «Жалын» бірінші курс таланттарын анықтау, «Студенттік көктем», КВН, «Ана тілі аруы-Жігіт сұлтаны» сияқты байқаулар жоғары деңгейде өткізіліп тұрады.Сондай-ақ, студенттердің көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеті белсенді түрде жұмыс істейді. Оның құрамына «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, студенттер кеңесі, Болон үдерісі бо­йынша студенттік бюро, студенттердің ғылыми қоғамы кіреді. Қазіргі уақытта университеттегі барлық мерекелік іс-шаралар тікелей аталған ұйым жетекшілері мен жастардың қатысуымен өтеді.

 

        "Келешекке қадамды бүгіннен баста" демекші, өзім қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, алып жатқан біліміме ерекше көңіл бөлемін. Әрине, ең бірінші кезекке қоятын ол сапалы білім. Осы ретте Қара шаңырағымыз ҚазҰУ жастарға мол мүмкіндіктер сыйлауда. Нағыз білім жолын көздеген жастар үшін біздің ҚазҰУ ғылым мен білімнің ордасы дер едім. Университет қабырғасында студенттерге барлық жағдай жасалған. Жас талапкердің уақытын барынша тиімді өткізуі үшін университет басшылығы түрлі жобалар ұйымдастырған. Университетімізде Жастар ұйымдары көп. Студенттер Жастар ұйымдары арқылы әртүрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласа алады.

Алған білімімді одан әрі дамытып, ел болашағының жарқын болуына өз үлесімді қосу бүгінде менің ең негізгі мақсатым. Мен қалайда бұл мақсатыма жетемін! Біз секілді ұлттық рух пен туған елге деген шынайы сүйіспеншілік бойында үйлесім тапқан жастар барда, Қазақ елінің болашағы әрдайым жарқын болмақ!

Жас талапкерлерді біздің ҚазҰУ-ға келіп шынайы білім алып, әр түрлі қоғамдық жұмыстарға, қайырымдылық іс-шараларға қатысып еліміздің қарыштап дамуына өзіміздің үлесімізді қосуға шақырамын. ҚазҰУ-дан білім алып шыққан әрбір жас еліміздің ілгері қадам басуы жолында аянбай еңбек ететініне сенімін кәміл...

 Тәлімді тәрбиемен ұштасқан білім алып жатқан «Қара шаңырағымыз» – ҚазҰУ нағыз мүмкіндіктер мекені!

 

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 

Механика және математика факультеті,Есептеу ғылымдары және статистика мамандығының 1 курс студенті- Бекболатова Кундыз 

Жетекшісі:Филология факультеті,Шет тілдер кафедрасының аға оқытушысы- Тлеулинова Мейрамкул Бейсенбайқызы 

 



Бөлісу: