Менің таңдауым-ҚазҰУ

Менің таңдауым-ҚазҰУ
жеке
блог

Кез келген адамның тұлға болып қалыптасуына оқитын білім ордасының маңызы айрықша. Мен үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сан жылдар бойы білікті ғалымдарымен танылып, көш ілгері тұрған университет. Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген соң магистрлік дәреже алу үшін Алматы қаласына келдім. Ал, мұндағы заманауи білім беретін оқу жүйесі мені әрқашан таңқалдырады. Дәлірек, филология факультетінде білім алу, аты дүйім қазаққа мәлім профессорлардан тәлім алу мен ылғи қанаттандырады.

М.Әуезов, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, М. Балақаев сияқты көрнекті тұлғалар негізін қалаған филология факультетінің тарихы тереңде жатыр және өзінің дәстүрлеріне бай. Шығармалары әлемдік әдебиеттің алтын қорында абыройлы орын алатын академик, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов біздің факультетте 30 жылдай жұмыс істеді.

      Факультетте әр жылдары белгілі ғалымдар сабақ берді: академик Зейнолла Қабдолов, академик Рымғали Нұрғали, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Хайролла Махмудов, Кәкен Аханов, Тұрсынбек Кәкішев, Алтай Аманжолов, Мая Бағызбаева, Талғат Сайрамбаев, Алма Қыраубаева. Студенттердің, яғни біздің жадымызда мәңгі қалған көрнекті ұстаздарды әлі күнге дейін мақтан тұтамыз.

     Филология факультетінің түлектері республикамыздың көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткерлеріне айналды. Олардың арасында Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижанұлы, Жансейіт Түймебаев, Алдан Смайыл сияқты көрнекті тұлғалар бар. Факультет қазақтың рухани мәдениетінде ерекше орын алатын белгілі ақындар, жазушылар Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Қадыр Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеевтерді мақтан тұтады.

Бүгінгі таңда факультет студенттері ҚазҰУ қалашығында білім алуға және тұруға барлық жағдай жасалған. Факультетте алты кафедра жұмыс істейді, олардың бесеуі: Қазақ тіл білімі, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы, Орыс филологиясы және әлемдік әдебиет кафедрасы, жалпы тіл білімі және еуропалық тілдер кафедрасы, Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы бітіруші кафедралар болып табылады және болашақ мамандарды даярлауды жүзеге асырады. Мен оқитын шет тілдер кафедрасы әлемдік тілдерді білікті оқытады. Осындай,

2020-2022 жылдар аралығында университеттің оқу жүйесі толықтай жаңа форматқа ауысты. Пандемия салдарынан барлық студенттер, магистранттар қашықтықтық оқыту дәстүрінде білім алды. Университет ұстаздары саналы түрде жылдам жұмыс істеп, студенттермен кері байланыс жасап тұр. Әртүрлі қиындыққа қарамастан, білім ордасы өз студенттеріне сапалы білім беруге тырысты. Көп сабақтар «ZOOM» платформасы арқылы өткізіліп, білім алудың жаңа бағыты қалыптасты. Маған ерекше ұнағаны – ұстаздардың тек білім беруде ғана емес, студенттерді өмірлік іс-әрекеттерінде қателіктер жасамауға баулуы. Шынында да, ҚазҰУ – адамның жан-жақты даму ордасы. Оқуға түскелі бері өзімді дамытуға, ұстаздардан жаңа дағдыларды үйренуге тырыстым. «Білімсіздің күні-ғаріп» демекші, университеттің білім жүйесі, кампустары көңілімнен шықты. Бұл оқу орнында оқыған әрбір азамат өз елінің талантты, білікті маманына айналатынына кәміл сенемін.

Кеңесбек Шалқар Маралбекұлы

Филология және әлем тілдері факультетінің магистранты