Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлына - 150 жыл

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлына - 150 жыл
жеке
блог

ХХ ғасырдың басындағы ірі саяси тұлға, көрнекті қоғам қайраткері, аса ірі әдебиет теоретигі, ғұлама түрколог, жаңа қазақ тілі білімінің негізін қалаушы – Ахмет Байтұрсынов.

Ахмет Байтұрсынов – қазақ халқының әлеуметтік өмірі мен мәдениетіне аянбай адал қызмет еткен ірі қайраткер, үлкен талант иесі, тарихта орны айрықша зор тұлға. Ол 1905 жылы педагогикалық училищені бітірген соң, еліміздің әртүрлі  облыстарынан мектептер ашып, ұстаздық қызмет етті, жатпай-тұрмай еңбек етіп, қайткенде қазақ халқының көзін ашуға, санасын оятуға барын салды. Қазақ халқының алдыңғы елдердің қатарында болуы үшін ең алдымен оқу-ағарту ісін аяғына қою керек екендігін түсінген А. Байтұрсыновтың оқу-ағарту идеясы, оның қоғамдық қызметінің арқауы, азаматтық борышының негізі болып табылды. Бір сөзбен айтқанда, ол өзінің барлық саналы ғұмырын қазақ қоғамында білім мен ғылымның дамуына, ағартушылық ісіне арнады.

Сондай-ақ, А.Байтұрсынов – ХХ ғасырдың басында демократиялық бағыттағы зиялылардың көшін бастаушылардың бірі, Алаш партиясы мен Алаш автономиясын құруда басты рөл атқарушылардың бірегейі болды десек артық емес.

Бүгінде, аталмыш тұлғаның айтулы мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Қазақстан бойынша ұлт-ұстазының тағылымы мол ғұмырын дәріптеу мақсатында түрлі ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, түрлі іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі,  Алаш зиялысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың рухани көсемі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Бұл конференцияға белгілі тілтанушы, тарихшы, әдебиетші ғалымдар, оқытушы-филологтар мен студент жастар қатысты.

Конференция ҚазҰУ-дың  Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау сөзінен басталып, ректор Ахмет Байтұрсынұлының үлт болашағы мен бостандығы, азаттығы жолындағы жанкешті еңбегі жайында ой өрбітіп, түркі әлеміне ортақ түлғаның өмірінен үлгі-өнеге алудың маңыздылығына тоқталды. «Біз еліміздің, тіліміздің болашағын ойласақ, Ахмет Байтұрсынұлы бағытын ұстануға тиіспіз. Өйткені тіл тағдыры – бүкіл мемлекеттің тағдыры. Бүгінгі конференцияның  да тарихи миссиясы – Байтұрсынов танымы арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту», – деді университет басшысы.

Бұл конференцияның ерекшелігі сонда, университетіміздің қазақ тіл білімі кафедрасына Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілді. Алаш ардақтысының бай мұрасын дәріптеуге арналған бұл жиында алқалы қауым алдымен ұлы тұлғаның есімі берілген аудиторияның лентасын қиды. Конференция барысында ағартушы ғалымның таңдамалы шығармаларының үш томдығының тұсауы кесілді. Шығарылымның басты ерекшелігі – студенттерге Ахмет Байтұрсынұлы еңбегінің түпнұсқасын оқуға толық мүмкіндік жасады.

ҚР ҰҒА академигі, тарихшы-ғалым Ханкелді Әбжанов Ахмет Байтұрсынұлы және қазіргі Отандық тарих ғылымының сабақтастығына көпшілік назарын аударды. «Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы үздіксіз интеллектуалды ізденіспен ғұмыр кешті. Ол жайлы өзі былай жазады: «1901 жылдан бастап, оқытушылықтан қол босаған уақыттарымда өз бетіммен білімімді толықтырдым, әдебиетпен шұғылдандым».  Алғашқыда отарлық, кейінде тоталитарлық қуғын-сүргін көсіле жазуына мүмкіндік туғыза бермеді. «Қазақ» газеті мен Алаш қозғалысының басы-қасында жүру, кеңестік Қазақстанның саясаты мен тыныс-тіршілігіне араласу шығармашылық жұмысқа септеспеді. Соның өзінде артында мәңгілік мұра қалдыра алды», – деді ғалым.

Қорытындылай келгенде, Ахмет Байтұрсынұлының есімі тарихта қазақ тіл білімі мен әдебиетінің және қазақ журналистикасының негізін қалаушы ретінде, сондай-ақ, қазақ жазуының реформаторы, алғашқы ұлттық әліппенің авторы, ақын, аудармашы, педагог, ағартушы ғалым, қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде мәңгі қалмақ.

Бекетай Қызылгүл

ҚазҰУ, 2-курс магистранты