Өскеменде ғылым қызметкерлері марапатталды

Өскеменде ғылым қызметкерлері марапатталды
жеке
блог

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да өткен салтанатты шарада ғылыми-зерттеу бойынша атқарылған жұмыстар қортындыланып, осы бағытта биіктен көрінген ғалымдар мен студенттер марапатталды.
Соңғы жылдарды алып қарағанда аталған білім ордасының ғылымнан бөлек, инновациялық дамуда алға жетелейтін түрлі тетіктер ойлап табудағы жетістігі жиі айтылып келеді. Тек өндірістік қана емес, медицина саласында да әралуан өнімдер әзірлеп үлгерген. Әлбетте, университет басшылығы мұны бірнеше жыл көлемінде академик Н.Д.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травмотология және ортопедия орталығымен серіктестік орнату мен Қазан қаласындағы федералды университеттің халықаралық деңгейдегі әріптестерінің жұмылдырылуымен байланыстырды.


- Қазір университет материалдық-техникалық базаны жаңартуға көп мән беруде. Осы жерде аумақтық-ұлттық өзгерістерге өз пікірін білдіріп, өзгеріс енгізуге қабілетті маман даярлау күн тәртібінде. Ғылым саласын алсақ, заманауи жабдықтар, станоктар және өзге де құралдар сатып алуға екі миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бұл білім ошағының 34% бюджетін құрады, - деді университет ректоры Жасұлан Шаймарданов.
Ғылыми кеңес барысында бірнеше жыл көлемінде жіті қолға алына бастаған ғылыми-зерттеу жұмыстарынан түсетін табыс та айтылды. Ректор сөзінше, республикалық ЖОО-ларды есепке алғанда ШҚТУ-дың көрсеткіші біршама жоғары. Зерттеу нәтижесінде түсетін орташа табыс 2-4% болса, ШҚТУ-дікі 15-18% аралығында.


- Ғылыми-зерттеу экожүйесі мен инфрақұрылымын ойлап тауып, жас мамандар даярлау жоспары ұдайы бекітіліп тұрады. Қазіргі уақытта білім ордасы әртүрлі бюджеттерді қамтитын 12 сыртқы қаржыландыру жобасына ие. Қаржыландыру мөлшері 1,6 миллиард теңге. Осы көрсеткіш бойынша еліміздегі барша ЖОО-лар арасында төртінші орындамыз, - деді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ цифрландыру бойынша ғылыми-зерттеу қызметінің проректоры Наталья Денисова.


Әрі қарай осы университеттің түлектері әрі қазір ғылым-ілімнің әр саласында жүрген азаматтарға сөз кезегі берілді. Айталық, ШҚО ТЖ департаменті ескерту басқармасының бастығы Алексей Штыкель сәуір айының 12-сін тек Ғарышкерлер күні ғана емес, бірегей ғалым-геолог Қаныш Сәтбевтың туған күні ретінде маңызды дата екендігін атап өтті.
Әрі қарай ғылыми-зерттеу бойынша табысқа жетіа үлгерген бірқатар қызметкерлер мен студенттер марапатталды.