Абай менің өмірімде

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес

  Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес, 

- деп "жасында ғылым бар деп ескермесе де", келер ұрпаққа "ғылым таппай мақтанбауды" өрелі сөзбен өсиет еткен, "өлеңді ермек үшін емес, жастарға үлгі бермек үшін жазған", "алыстан сермеп, жүректі тербеген", халықтың шын асылы, 175 жыл өтсе де қалдырған мол мұрасы ұмыт қалмай, қайта жаңғырған, заманның зор биігіне айналған хакім Абай жайлы Мағжан ақын дәл осылай жырласа керек. Шын мәнінде өз заманында тұтас бір ұлттың зиялысы, халқының аянбай қамын жеген жанашыры, қара қылды қақ жарған шешен, тура жолмен топ бастаған көсем, қажы Құнанбайдың қолғанаты, әже Зеренің зейінді немересі, ана Ұлжанның құрсағынан шыққан ұлы ойшылы, қазақтың данасы, артық туған дарасы бола білген Абай менің өмірімде кім?

   Абай менің өмірімде - темірқазық. Алас ұрып адасқанымда, дұрыс жол білмей қара басқанда, талайлармен сөз таластырғанда, өзгелер жала жапқанда, жүрегім шатасқанда жүгінерім - Абай. Маған жарық жол сілтеуші, бағытымды айқындаушы, өмірде адасқанда терең тағылым мен теңдесіз тәрбие беруші де - Абай.

   Абай менің өмірімде - мөлдір бұлақ. Ағын судай арамдығы жоқ ақылын беретін, қаншама жыл өтсе де, ұлағатты сөздері ұмтылмайтын, мөлдір бұлағының әр жұтымында адамгершілік пен мейірімнің сарқылмас легі тұратын, білім нәрінен шөлдегенде сусындататын, мұхиттай жетістіктердің бастауы бола алатын - философ Абай.

  Абай менің өмірімде - адал дос. Мұңайғанда сырласарым, құлазығанда жырлас әнім, қиындықта қол ұшын созарым, ойланғанда кеңес алып, сезім тебірентерім де - Абай.

   Абай менің өмірімде ұлағатты ұстаз, айнымас ақылшы, мөлдір махаббаттың символы. Жан дүнием ауырғанда емдейтін дәрігер, ішімдегі алай-дүлей жайттарды сөндіретін өрт сөндіруші, ғылымға тәбетім ашылғанда сөлімді басатын аспазшы. Осының барлығын мен Абай әлемінен таба алдым, Абай үнінен ести алдым, Абай еңбегінен оқи алдым. Сол себептен де Абай рухы өлген жоқ, керісінше қайта жаңғырып, әрқайсымыздың өмірімізге үлкен нәр беруде.



Бөлісу: