Радикалды діни ағымдардың қаупі

Радикалды діни ағымдардың қаупі
жеке
блог

        Радикалды діни ағымдардың қаупі

    Оның құқықтық негізін ҚР Конституциясы, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» ҚР заңдары және Қазақстанның өзге де нормативтік құқықтық актілері мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттар құрады. Тұжырымдама дін саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі дамыту, нормативтік құқықтық актілер жүйесі
мен елдегі дін саласын реттеу жөніндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқарушылық шараларды жетілдіру үшін негіз болды. Өйткені, әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі ретінде Қазақстанға дінаралық және
конфессияаралық шиеленістің таралуы, Орталық Азиядағы радикалды діни ағымдар белсенділігінің арту
қаупі төне бастады. Ауғанстандағы талибандар мен Сириядағы ДАИШ жағдайы жекелеген саяси күштердің
дінді өз мүдделері үшін пайдалану үрдісі әлемдегі діни экстремизм және терроризмнің таралуымен қоса
жүретінін көрсетіп берді. Діни фанатизм мен радикализм мемлекеттің конституциялық негіздеріне, елдің
зайырлы даму қағидаттарына, халықтың дәстүрлі рухани құндылықтарына зиян келтіретінін әркім көзімен көріп, түрлі ақпарат құралдарынан оқып, құлағымен естіді. Мәселен, 2019 жылдың аяғында өткен Қазақстан дінтанушыларының ІХ форумында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы орталық басшысының орынбасары Сергей Швейкин Қазақстанда 20 мыңнан астам деструктивті діни ағымның жетегінде жүрген адамның барын және олардың басым бөлігі Атырау, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тұратынын жариялады. Сондай-ақ, біздің азаматтарымыздың арасында 2008 жылдан Ауғанстандағы Әл-Каида ұйымымен байланысы бар топтарға қосылмақшы болғандар, 2013 жылдан Сирияға және Иракқа баратындардың көбейгені ашық айтылды.
Қазақстандықтар негізінен ДАИШ, Әл-Каида, Мұсылман джихады ұйымы және тағы басқа халықаралық террористік ұйымдардың қатарында жүрген және шетелде жүргендердің бір бөлігін ұстап, елге қайтаруға мүмкіндік туған. Ал, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы басшыларының сөзіне қарағанда елімізде жыл сайын 500-ден астам азамат деструктивті ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінге қайта оралуда.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежановтың пайымдауынша, радикалды ағымдардың алдын алуға қатысты жұмыстар тұлғаларды оңалту және бейімдеу, дәстүрлі дінге қайтару, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, халықтың діни сауаттылығын арттыру бойынша республика көлемінде 224-тен астам ақпараттық-түсіндіру топтары қызмет жасауда. Шаралар барысында халыққа радикалды діни ағымдардың негізгі сипаттары, оларды ұстанушылар қолданатын әдіс-тәсілдер мен бағыт-бағдарлар, оларға қарсы тұру жолдары түсіндіріледі. Сонымен қатар, радикалды діни ағымдардың мүшелерін оңалту және бейімдеу, дәстүрлі дінге қайтару бойынша республикалық деңгейде «Ақниет» оңалту орталығы, ал жергілікті деңгейде әкімдіктер жанындағы «Аңсар», «Шапағат» сынды оңалту орталықтары жұмыс істейді.
Министрлік интернет-кеңістікке мониторинг жүргізу арқылы радикалды діни уағыздаушылар жүктейтін материалдармен күрес жүргізуде. Күмәнді контентті анықтау, оқшаулау немесе оны жою жөнінде жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін озық технологияларды пайдаланады. 2019 жылы интернет-ресурстардың меншік иелері мен әкімшіліктері ұсынымдық тәртіппен экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 30 мыңнан астам құқыққа қарсы келетін материалды алып тастады. Сондай-ақ, ел аумағындағы 17 811 діни экстремизм мен терроризмді насихаттаған материалға шектеу қойылды.
– Тұжырымдаманы іске асыру барысында орталық және жергілікті деңгейдегі азаматтардың барлық санаттарымен алдын алу, оңалту жұмыстарын ұйымдастыру, оның дамуына болжамдық баға беру, өңірлер бойынша діни ахуалға талдау жүргізудің бірыңғай жүйесі әзірленді. Министрліктің тапсырысы бойынша
жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сәйкес, халықтың 86,3 пайызының дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдайтыны анықталды, – дейді Е.Нүкежанов. Оны кертартпа діни көзқарасты ұстанатын ата-аналарының ықпалымен білім алушылардың білім беру ұйымдарында діни ерекшелігі бар киім киюі, кейбір пәндерді оқудан бас тартуы, жасанды діни сылтаулармен балалардың медициналық вакцинациясынан бас тарту фактілерінің қоғамда қызу талқылануынан да аңғаруға болады.
Жалпы тұжырымдаманың индикаторлары белгіленген кезде 2018– 2020 жылдары дін саласындағы мемлекеттік саясатты халықтың қолдауын 89-дан 91 пайызға; мемлекеттің зайырлы даму қағидаттарын
61-ден 63 пайызға; діни экстремизм мен оның деструктивті идеологиясына қарсы іс-қимыл туралы халықтың хабардар болуын 76-дан 78 пайызға дейін өсіру белгіленген болатын. Бұл мақсатта бюджеттен жүйелі түрде мол қаржы бөлініп, арнайы ғылыми-зерттеу жұмысы жандандырылды. Соның нәтижесінде бірқатар өңірде бірнеше террорлық актілер орын алғанына қарамастан, радикалды діни ағымдардың белсенділігін белгілі бір деңгейде азайтуға мүмкіндік туды. Бұл Британ экономика және бейбітшілік институты жыл сайын жариялайтын «Global Terrorism Index» рейтингінде де көрініс тапты. Мысалы, 2019 жылы Қазақстан 160
елдің ішінде өз көрсеткішін 10 пунктке жақсартып 85-сатыдан көрінді. Дегенмен, бұған тоқмейілсуге әлі
ерте. Атқарылатын жұмыс жеткілікті. Оны терроризм қауіпінің төмендігі жағынан былтыр Ресейден (37) ғана
ілгері болғанымен, Қырғызстан (87), Әзірбайжан (103), Өзбекстан (135) елдерінің әлемдік рейтингтегі көрсеткіші бізден ілгері екенінен-ақ байқауға болады.

 

Жарқын Ақжол
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
«Дінтану»мамандығының 4-курс студенті;
Жетексіші: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
«Дінтану және Мәдениеттану» кафедрасының аға оқытушысы Мұқан Нұрзат.