Жастар мәселесінің түйіткілдері

 

Мәңгілік Ел деген екі-ақ ауыз сөзде қаншама мән мен мағына жатыр. Мәңгілік ел ата-бабаларымыз аңсап армандап, жете алмай кеткен сөз. Мәңгілік Ел ата- бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Жер бетінде тауқыметті көп көрген халықтың бірі- қазақ халқы. Иә, орысқа бодан болған үш ғасырдың ішінде тарихымыз, ар- ожданымыз табанға тапталды. Қолдан жасалған аштыққа душар болдық, зұлматтың құрығына түстік. Қаншама қиын күндерді, азапты түндерді қазақ деген өр халық бастан өткерді. Бірақ бұл күндер келместің кемесінде кетті деп зор сеніммен айта аламын.Ата- бабаларымыздың аңсап кеткен арманы шындыққа айналды. Көгімізде Туымыз желбіреп, Әнұранымыз асқақтады, Тіліміз өз мәртебесін алды. Бір сөзбен айтсам тәуелсіздігімізді алдық, ешкімге жалтақтамайтын , ешкімге алақан жаймайтын егеменді елге айналдық. Ата-бабалардың аңсауымен, желтоқсаншы жастардың қайсарлығымен Тәуелсіздік есіктен еніп, жанымызға шаттық сыйлағалы міне 30 жыл, 30 жас. Отыз жылда ел жаңа, еліміз көркейіп, жеріміз жандануда, бар әлемнің назары біздің елімізде. Қазақстанды бүкіл әлем таниды десек қате айтқаным емес.

Осы ретте ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», - деген сөзі мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқын аңғаруға болады. Егемен елдің жастары баянды болашақтың байрағын көтеріп, жарқын келешектің желкенін керіп келеді. «Мен жастарға сенемiн!» деп үкілі үміт, салқар сенім артқан Мағжанның жауһар жырына арқау болған ел ертеңі жастарымыздың қолында екені сөзсіз.

Кез келген ел өзінің болашағын, ертеңін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бүгінгі күнде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стартегиялық мақсаттарды жүзеге асырушысы.

Ұлт болып қалыптасып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі – ұрпақ тәрбиесі болды. Халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы. Бүгінгі таңда мемлекетіміз өз тәуелсіздігін алып, өзінің дербес мемлекеттілігін қалыптастыруда. Болашақ мемлекетіміз ұрпаққа деген сабақтастықтан туындайтын дүние болғандықтан, әр халықтың болашағы жастарына тәуелді екені даусыз мәселе. Егер бүгін жастар өз халқының рухымен тәрбиеленіп өспесе, онда елдің келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені, ұлттың барша мұрасы жастарға аманат етіледі. Ал, жастар оны сақтамаса және өзінен кейінгілерге тапсырып кетпесе, біртіндеп ұлттың атауы да өшеді.

Қай ғасырда болсын ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Мен ұстазбын. Ұстаздың алдынан өтпейтін жан жоқ! Ұстаздың жарқын бейнесі шәкірт үшін адамгершіліктің ең үлкен бейнесі болып қалыптасуы керек. Ұстаз өзінің бар күшін, бар білгенін бала тәрбиесіне , біліміне өз өмірін арнаған ардақты Жан. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан сәбидің ең алғаш көретіні анасы, бала тілі де ана деп шығады. Балдырған бала болып алты жасында мектеп табалдырығын аттап, он бір жылдан соң ер жетіп жігіт, бой жетіп қыз болып жаңа баспалдықтың сатысына көтеріледі. Осы уақыт аралығында бала мен бала болатын Ұстаз. Ұстаз шәкірттің екінші анасы. Біз ұстаздар шәкірттерге тек қана білім беріп қоймай ақылшысы, сырласы қиналғанда жол сілтеп дұрыс бағыт беретін, өз тәжірибемізбен бөлісетін жандармыз. Ана мен әкеден кейінгі ар-ұятты бойға сіңіретін , бала бойына ізгілікті жағатын аяулы жандар Ұстаздар. Барлық уақытта білім қоғамның алға жылжуымен бірге келе жатқан ең басты құндылықтардың бірі. Біліммен жан-жақты қаруланған, ой көкжиегі биік азамат қана мемлекеттің қарыштап дамуына өзіндік үлесін қоса алады. Баланы білім биігіне ұмтылдыру, мектептен алған білімді өмірде тиімді қолдана білуге үйрету, білімге деген қызығушылығын ояту ұстаз қауымының басты міндеті деп санаймын.

Педагог кәсіби шеберлікке жету,өз мамандығының данышпаны болу бір күнде пайда болатын дүние еместігін түсіну қажет. Сондықтанда өскелең ұрпақтың болашағын жарқын етіп ,өміріне жолдама алуға жағдай жасағысы келсе ізденісті тоқтатпай,кәсіби шеберлік пен білім деңгейін арттыра түссе толық нәтижеге жететінін анық айтамын. Менің алдыма қойған мақсатым; Барлық тәрбиелік істе әрбір баланы жеке тұлға деп танып ,біліп жан-жақты білімді, ой өрісі кең шәкірт тәрбиелеп шығару. Мақсатым орындалу жолында ізденудемін. Педагогтердің мектепке дейінгі білім беруде жаңа технологияларды игеру-бала тұлғаның табысты дамуының кепілі. Ұстаз бен шәкірт егіз ұғым. Бір бірінен ажырата алмайсың. Алдыңа келіп отырған әр оқушының болашағы, білімі сенің қолыңда. Сондықтанда ұстаздар әр уақытта да үлкен ізденісте болуымыз шартты. Білім алмасу, жаңа технологияларды игеру сияқты ізденісте болуымыз керек. Шәкірттің сенен де озып бір биік шыңды бағындырғанын, шын ниетпен адал жүрекпен қалайсың. Ұстаздан шәкірті озыпты деген сөзді естудің өзі бір керемет емеспе?

Қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарына жан-жақты өнегелі тәрбие беру – қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі. «Тәрбиесіз берілген білім – адамның қас жауына айналады» демекші. Ең алдымен жас келешек ұрпаққатәрбие берілуі тиіс. Себебі тәрбие берместен еш білімді қондыра алмаймыз. Жастар жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады – деп кемеңгер басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай бүгінгі жастар бұрынғылармен салыстырғанда өзгешелеу. Атап айтсақ адами құндылықтары бөлектеу. Жастардың тұлғалық сипаты жаскезінен бастап қалыптасады. Тәрбие – отбасынан басталады дей келе осы тұста ата-ананың шешуші, маңызды рөл атқаратынын айта кеткен жөн.

Бүгінгі жастардың бейнесі бәсекеге қабілетті, жарқын жүзді, білімге құштар, ар-намысы мен рухы биік, тарихына таныммен, құрметпен қарайтын, еліне жаны ашитын адамгершілігі мол жан болуы тиіс. Ал жастар арасында ер балалардың қыз мінезді болып қалыптасуында оқу буындарында ер мұғалімдердің азаюынан деген пікірдің де жаны бар секілді. Оған да көңіл бөлу өзекті.Жаңа заманның жастарының жаңа талаптарын елемеу уақыт ағымын ескермегенмен бірдей. Осы орайда жастар арасындағы мәселелерді жіті қарастыру мәселелерін тізімдеуге болады. Бұл жерде мен нақты статистикалық, я болмаса шетел тәжірибесімен салыстыру жүргізуді басты мақсат ету қателік, өйткені өзімізде барды бағалай алуымыз, өзімізде жоқты жамай алуымыз қажет. Ең бастысы жастарымыздың ұлы дала рухына сусындап тік өсуі қажет. Жастар мәселесі бүгінде актуалды такырып десем артық айтқандық емес. Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының жастарының психологиялық жағдайы өте жақсы және де өте белсенді дамуда, десек те өзге ұлттарға қарағанда біз ұлттық бұрыннан дамыған мінезімізге көңіл бөлгеніміз өте орынды деп есептейміз. Сонда ғана ұлттық құндылығымыз сақталып, білімнің нәрі шыңдала түспек.

«Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Қазіргі таңда дінге бет бұрған жастар арасында діни сауаттылықты арттыру мақсатында .Сол жастарымыздың Исламның қазақ қоғамының дәстүрлі ұстанымы мен ерекшеліктеріне, құндылықтарына ешқандай да қарама-қайшылық туғызбайтын тәлім үйреніп келіп жатқандар бар.Мешіт имамдарының оларды оқытып-үйретуге күштері жеткіліксіз болып отыр».

 Нақты ислами діни сауатты жастар санасына ұялата алсақ, біріншіден білімді жастар жиналған ақпараттардың қажетін алып, қажет емесін сүзгіден өткізіп үйренер еді және ислами діни сауатты жастар сыбайластық, жемқорлық сынды қоғамдық кеселдерден аулақ болар еді, сонымен қатар ел санаты көбейіп, тастанды, жетім, қараусыз қарт мәселелері кеміп, өз-өзіне қол жұмсау, қоғамға өзін қажетсіз деп тану сынды кеселдерден де арылар едік деп ойлаймын.Нәтижесінде жастардың білім аясы кеңіп, діни және ұлттық санасы өсіп, көптеген кедергілерге қарсы тұруға мүмкіндік туады. Әрине мұның бәрі оңай бітетін шаруа емес, дегенмен ел болашағының жарқын болуы үшін айқын қадамдар екені анық.

Жастардың теріс ағымдардың шырмауына түсуінің басты себебі – жұмыссыздық пен діни сауатсыздық. Бұл қатардан жас буын өкілдерді ғана емес, ересек адамдарды да көруге болады. Теріс ағымдардың арбауына түсіп, діни көзқарасын өзгертіп жатқандар ертеден келе жатқан салт-дәстүрді теріске шығарып, ата-анасының берген тәрбиесін мойындамай, дәстүрлі болмысқа сай киінбей, қоғам ішінде іріткі тудырып жүр. Жастардың теріс ағымдар қатарына кіріп кетпеуі үшін ғаламтор желілерінде таралатын мәліметтерді бақылап отыру, жастардың қызығушылығын арттыратын сайттарды көбірек ашу, жастарды қоғамдық іс-шараларға белсенді араластыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, рухани құндылықтарды бойына сіңіру, діни білім беру сапасын арттыру жұмыстарын қарқынды жүргізуді уақыт талап етуде.

Дені сау ұрпақ – тірегіміз Жастардың денсаулығын жақсартып, білімін көтеру және әл-ауқатын арттыру мәселелері Елбасының үнемі назарында болуы бекер емес. Адам бақытты болу үшін бұл дүниеде екі нәрсе керек: бірінші – денсаулық, екінші – білім. Осы екеуі біріксе, адам алдында алынбайтын қамал, қол жетпейтін арман, игерілмейтін биік жоқ. Мемлекетіміз халық денсаулығына әрдайым ерекше көңіл бөліп, еліміздің тұрғындарының өмірін неғұрлым ұзарта түсуге бағытталған шаралар алуы қазір басты мәселеге айналып отыр. Әсіресе, жастардың денсаулығы мықты болуы тиіс. Әскерге шақыртылған жастарды медициналық тексеруден өткізгенде көптеген жастардың денсаулығы қалыпты жағдайда емес екені анықталып отыр. Жастар денсаулығының нашар болуы неліктен? Мұндай жастың келешегі не болмақ? Бұны балалар мен жастардың денсаулығын бекемдеу ісінің әлі де ойдағыдай болмай отырғаны деп ұққанымыз жөн. Бүгінгі жас бала – ертеңгі әке, жас қыз – ертеңгі ана екенін естен шығармауымыз керек. Темекі мен спирттік өнімдердің, нашақорлықтың адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға қанша қасірет әкелетіні жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік – қазіргі бүкіл әлемде қоғамның ауыр дертіне айналды. Ішімдікке әуестіктің қыз-келіншектер мен жасөспірімдер арасында кең етек алып бара жатқаны, соның салдарынан қылмыстық оқиғалардың жиілеп бара жатқаны алаңдатады.Ұлтын сүйетін, ана тілін білетін, салт-дәстүрін құрметтейтін, төл өнері­нен ләззат алатын жас­тар қатары көбейсе, еліміздің гүл­денері анық. Қоғамдағы кемшін тұсы­мыздың бірі – жастардың өз ұлтының құндылықтарынан гөрі, өзге елдің арзанқол дүниесіне құмартып жүргендігі болса керек. Жалпы бүкіл әлемде ұрлық-қарлық, адам өлтіру, қыз зорлау, тонаушылық пен қарақшылық оқиғалары жиі кездесуде. Осындай келеңсіз істерге тосқауыл қою үшін ұлттық идеология керек. Жас бала – күнге талпынған өсімдік сияқты десек, оған дұрыс бағдар көрсететін ұстаз да аса қажет қой. «Құбылған әлем жарысы, Ақылды жанның табысы» дейді Шәкәрім бабамыз. Бәрін біліп алуға тырысатын, өмірге икемді, тәрбиелі жастар аз емес. Ұлттық мәдениеттен жұрдай ұрпақ­тан халықтың қасиеті мен мүддесін қор­ғай­тын азаматтар шықпайды. Халық даналығында «Баланы әуелі мейір-шапағатқа, содан соң ақыл-парасатқа, ақырында еңбек пен ғылымға баулы», – дейді. Өмір көшіне ілесем десең, уақыт талабына сай талпыныс жасаудың, жасампаздықтан жалықпаудың, ақылың мен еңбегіңе сүйенуге тырысу керек.

Халықтың жаны – ана тілінде. Ұстаздар үшін тәрбие көзі бола алатын тарих та, асыл сөз де, асқақ рух иелері болған, балаға үлгі бола алатын дана да батыр бабаларымыз жетерлік. Тек осы рухани байлығымызды саф алтындай жарқыратып балаға көрсете білсек, бала да оны көре біледі, қызығады және қабылдайды. Ұлттық рухта тәрбиеленген бала – сол ұлттың болашағы бола алады.

ХХІ ғасыр адамы – адами қасиеті қалыптасқан, ұлтжанды, жаңа инновациялық технологияларды меңгерген, терең білімді, жаңалыққа құмар, бәсекеге қабілетті, салауатты өмір сүре алатын, шығармашыл тұлға болуы керек.

Бала тәрбиесі – ұстаз бақыты. Ендеше, бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ үшін сапалы адам тәрбиелеуде аянбай еңбек етейік. Біз Мәңгілік елдің Мәңгілік халқымыз!

 

 

 



Бөлісу: