Әлеуметтік мәселелерді қазақ тілінде талқылау

Әлеуметтік мәселелерді қазақ тілінде талқылау
жеке
блог

               2021 жылдың 20 желтоқсанында “Еркіндік қанаты” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен  “Құқығына қарай” пікір алмасу алаңының ашылуында адам құқықтары бойынша қазақ тілді талқылау өтті.

          Талқылаудағы спикерлер “Qazaqsha Jaz” қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, белсенді Әлия Сари, Фридрих Эберт Қорының Young Leadership Program түлегі, көптілді белсенді Ердәулет Рахматулла, Y-PEER Халықаралық еріктілер желісінің тренері, Aspan чат-ботының аудармашысы Амина Жұмамұрат және журналист Ая Өміртай болды.

     Спикерлер Қазақстандағы адам құқықтары мәселелері, қазақ тілді аудиторияның осы дискурстағы рөлі және олармен жұмыс жасаудың ерекшеліктері, әлеуметтік маңызы бар және құқық қорғау жобаларындағы тілдік инклюзия, адам құқықтары және қазақ тілді жастар тақырыбын талқылады.

    Qazaqsha Jaz” қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, белсенді Әлия Сари тілдік дискриминациялар және Qazaqsha Jaz қозғалысының арқасында жеткен жетістіктер туралы атап өтті және болашақтағы қазақ тілді жобаларға бірнеше кеңестер берді.

      Y-PEER Халықаралық еріктілер желісінің тренері, Aspan чат-ботының аудармашысы Амина Жұмамұрат сексуалды сауаттылық, гендерлік теңдік, зорлық-зомбылық және дәстүр жайлы сөз қозғады. “Біз аудиторияға бірден келіп, сексуалды сауаттылық жайлы айта салмаймыз. Ондай нәзік тақырыптарды аудиторияға алыстан алып келу керек” дейді.

     Фридрих Эберт Қорының Young Leadership Program түлегі, көптілді белсенді Ердәулет Рахматулла адам құқықтары туралы ең алғашқы мәліметтерді қайдан алғанын және қандай жобаларға қатысқаны туралы атап көрсетті.

       Келесі спикер - тәуелсіз журналист Ая Өміртай медиадағы әйел құқықтары мен гендерлік теңдік мәселелерінің көрінісі туралы “медиадағы әйел образы физикалық және эмоционалды тұрғыдан әлсіз және популяр медиада әйел жайындағы ақпараттың барлығы дерлік жағымсыз. Халық феминизм ұғымын дұрыс түсінсін және әйел құқығы салтанат құрсын десек, медиадағы мәселелерді шешуге тырысайық” дейді.

         Талқылау соңында қатысушылар 4 топқа бөлініп, өздерінің  пікірін ортаға салып, адам құқығы туралы сұрақтарға жауап берді.

 

                                                                                                                Салтанат Шерхан

                                                                                               Еуразия Ұлттық Университеті