
блог
Амал мерекесіне аман жеттік
«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп Абай атамыз айтып кеткен екі ауыз сөздің дәл бүгін,яғни, 14 наурыз күні өзектілігі жоғары. Жаңа жылды Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары осы күнді «Көрісу күні, Амал мерекесі» деп атайд. Батыста тұрақты тойланатын бұл мерекеде ауыл адамдары бірінің үйіне бірі барып, көрісіп,амандасады. Ес білгелі амал мерекесін, көрісу дәстүрін отбасымызбен, ағайын-туыспен тойлап келеміз. Біздегі басты мақсат қыстан аман шыққан елмен қауышып, бір дастархан басынан дәм тату. Қазір де бұл мереке көбіне Батыс Қазақстан облыстарында тойланады екен. Бұл мерекені тек ауыл үлкендері емес, кішкене балаларға дейін тойлап, асыр сала қуанып, үй-үйді аралап үлкендерге қол алысып, көріседі.
Мерекеде айтылатын сөздер де ерекеше,мысалы: «Бір жасыңмен! Жасың құтты болсын! Жасыңа жас қосылып, көрісуден көрісуге аман-есен жете берейік!» деген игі тілектер айтылады. Бұрындары көрісу үшін аталарымыз алыс-жақын туыстарына аяқтай барып, көріссе, қазір ұялы телефонның арғы жағынан да көрісіп жатырмыз. Соның бір дәлелі менмін. Ауылдағы ата-анама,бауырларыма, туыстарыма әлеуметтік желі арқылы әдемі тілек тілеп,амандықтарын біліп отырмын. Әрине, бұл дәстүр біз үшін елеулі,тәлім-тәрбиеге мол мереке. Осынай керемет дәстүрлерімізді жойып алмауға тырысамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Көрісуден көрісуге аман-есен жете берейік,мереке құтты болсын!
Габдсалимова Ақбота
Еуразия Ұлттық Университеті