Темекінің тың түрі

Бүгінде қолданысқа енген жаңа дүниелерді назардан тыс қалдырмайтын жастар, электронды шылымды да айналып өтпеді. Соңғы кездері ел жастарын еліткен ермектің біріне айналып, қоғам дертінің қатарына кірді. Вейб, маскинг сынды атауларға ие болған электрондық темекінің бұл түрлерін студенттер, оқушылар кез келген жерде будақтатуға еш қысылмайды.
Тілге тиек болған электронды темекінің құрамының басым бөлігі – никотин. Улы зат адам ағзасына бірінші тартқаннан ақ кіріп, қанға өтеді. Сәйкесінше, аталмыш шылымға деген психологиялық тәуелділік туындайды. Адам оны шекпесе ашуланшақ болады. Жүрек-қан тамырларына әсер етеді. Сондай-ақ, өкпе мен бүйрекке зиян тигізеді. Ұзақ уақыт бұл құрылғыны пайдалану қатерлі ісікке әкелуі мүмкін,- деп дөп басып айтты мамандар. Құрамында никотины бар тауарды тасушылар әлеуметтік желілерде виртуалды дүкен ашып,  еркін саудаға көшкен. Тыйым салынғанымен заңға бағынған саудагер аз. Әдеттегі темекі сияқты жасырын сатылатын өнімдер, қазірде кез келген дүкен сөрелерінде самсап тұр. Десе де, зиянды өнімнің дүкендерден гөрі әлеуметтік желідегі саудасы қызып тұр.  Электронды шылымның бұл түрінің жастарды елітуінің себебі шылымның сан алуан дәмі бар, түтіні тәтті, хош иісті болып келеді. Қалауыңызша манго, қарбыз, жүзім секілді тәтті дәмдерден таңдай аласыз. Шылымның қуаты кемінде 800 рет будақтатудан 2500 рет будақтатуға дейін барады. Бағасы шамамен 2500 теңгені құрайды. Атауы көп электронды темекінің қолданушылар саны жыл сайын артып, ал жастары жасарып бара жатыр. Осыған дейін де аталмыш шылымның зияны айтылса да, тұтынушы жасөспірімдер саны азаяр емес.

Темекіден жақсы иісі жағымды деп жүрген жастар болса оның зияны ұшан-теңіз екенінен бейхабар. Мамандардың айтуынша қыздырылатын табак қарапайым темекіден де қауіпті. Ал, билік электронды құрылғыларды табак өнімдерінің қатарына жатқызып, ғимараттардың ішінде пайдалануға тыйым салды. Десе де, оған құлақ асып жатқан жастар жоқ. Осы ақпараттарды біле тұра, уақытша ермек пен тәтті дәм үшін өз ағзаңызды құрбан етуге дайынсыз ба?



Бөлісу: