Торғай газеті һәм Ә. Балғымбаев

Торғай газеті һәм Ә. Балғымбаев
жеке
блог

    Торғай газеті һәм Ә. Балғымбаев

Ұлт тарихы инелі жіп іспеттес. Бастауы мен бітер тұсы екі ұш,аралығы теп-тегіс. Аралық үзілсе жалғанбаққа әлек. Бәрібір қалары бір түйін. Ел тарихы мен Қазақ баспасөзінің арасы дәл осы күйде. Түйнекті салған кер заман. Отарлық һәм қыспақта бір ішінде. Отарлықтың бұғауында езілген қайран ел болса,аралықтағы қысымның қыспағын татқан баспасөз. Ашық жазса ор,үнсіз қалса елге сор,айдауға көнсе намыс қор. Әсіресе, жер саясатына танытқан қарсылық дәл осы хәлде. Қазақты жермен сынаған сұм заманның езгісі 1867-68 жылдардағы әкімшілік реформадан бастау алады.

Баспасөз ұлт тарихы болғандықтан, патша реформасының қазақ басылымдарымен байланысы тығыз. Соның  бірі де бірегейі-Торғай газеті. Қазақтың ағартушылық тарихындағы білдей екінші қазақ инспекторы Ә.Балғымбаевтың редакторлығымен жарық көрген газеттің тағылымы биік, тарихы тереңде. Тұнған тарих қоймасын ашарына да себеп болған реформашыл патшалық, қойма кілтін жұтқан да сол патшалық.Әкімшілік реформа орнаған кезең қазақ жерін шептеуге көшпеліні зар еңірете,өзін емес өзгені қожа қылған қоныстандырушылықпен сипатталады. Газеттің мақсұты да-сол, жердің хәлін,елдің тірлігін бүй деу. Газеттің заман сынындағы бұл тақырыптарға бойлауы редакторының қайсарлығымен ұштасып жатқан ерлік қасиеті.Ә. Балғымбаевтың қазақтың көзі ашық болуына теріс бұрылған замана арқасынан қаға,елін өнер-білімге насихаттағаны ақиқат. Газет бетіндегі «Торғай уезіндегі оқу жағдайын жақсарту» мақаласы осының дәлелі болумен қатар, оның ағартушылық дәрежесінің биіктігін көрсетеді.

Замана кейпін астарлап бейнелеген басылым қарадан ақ түс тудырмастан қарасын тұнық көрсеткен-ді. «Кейбір уездер де басшылықта бір орыс көрмейсің,кілең қазақ жайлаған...» Замана кейпін байқамайсыз ба?! Бірінің аяғына бірі қақпан қойған болыстар. Қай жеңгенің менікіге салып қақ төбеден айдақтаған патша ағзам. Бұл жазбаны иенбей жазып,тарих дерек көзіне тірек еткен басылым. Сын мен шынның арасын фельетонмен сынаған бұл батылдық қос қарлығаш үлгісінің жемісі де болар.

Жерді меншіктеудің арты аштыққа әкелді. Торғай газетіндегі бұл мәселемен қоныстандыру арасында байланыс бар-ды. Тарихқа көз жүгіртсем, 1898 жылы өңірді аштық шарпыған. Шыдамағаны безіп,шыдас бергені аштықтың ащы кермегін татса,патшалық жерді тартып,қоныстандырып әлек. Өткеннен жасқанбалық. Мұның өзі бүтіндей бір ұлтты құрту саясаты!

Балғымбаевтың редактор ретінде ұстанған саясаты-егіншілікке насихаттау. Қара бұқараны сақтап қалудың төте жолы да осы еді. Әрине,қастерлеп кие  тұтқан ата жолды тәрк ету бір нәубет. Деседе,заманға да қарай амал етпек керек. Құлдыратқаны-ата кәсіп болса,ақсағанымыз медицина болды. Өзге емес,Ә.Балғымбаевтың өзі денсаулық сақтау ісіне баса назар аударған. «Бесіктен молаға дейін» фельетонын «Торғай»газетіндегі сын айдарының үлгісі десем қателеспеспін. Фельетон жазылған кезеңде дәрігерлер саусақпен санарлық,сапасы мүлдем мүшкіл болды. Жетіспеушіліктен Добровольский сынды жер аударылғандардың ем ісіне араласуы, Шығыс медицинасы негізінің бірі болған ұлт үшін әрине сын! Демек, Ә.Балғымбаевтың сын мақаласында бұл мәселені өлтіре сынауы тектен-текке емес! Халқының осындай тозығы жеткен көлеңкелі жақтарын әшкерелеген «Қазақ тұрмысының очерктері» фельетоны, оның асау қанды намысшылдығын сездіретіндей.

   Ана тіліміздің дамуына үлес қосумен қатар,орыс әдебиетін де аударуға төселгені Ә.Балғымбаевтың нағыз публицист екенін көрсетсе, тарихы терең  «Торғай» газеті ұлтына деген ақ жүрегінің көрінісі. Газет атауын естігенде аман қалған ұлан байтақ жермен қоса, жанқия жерді қорғаған Ахаң ерлігі еріксіз еске орала кетеді. Ұлт тағдыры ащы күйікті намысты бұрқ еткізсе,сол намысты өршіткен патша соққысы көлбеңдеп газет бетімен қайта оралатындай...