Жүсіпбек Аймауытов - "Сарыарқа" газетінің белсендісі

Жүсіпбек Аймауытов - "Сарыарқа"  газетінің белсендісі
жеке
блог

  Қазақстанның жалпыұлттық демократиялық басылымдарының бірі, Семей қаласында шығып тұрған "Сарыарқа" газеті. Қараңғы халықтың көзін ашу мақсатында, тәуелсіздік рухын сездіре білген бұл басылымда ойып аларлық орны бар һәм ұлт қамын ойлаған арыстың бірі - Жүсіпбек Аймауытов.

  "Сарыарқа" газетінің белсенді мүшесі, сүбелі сөз иесі, болмысы ақындықпен терең ойлылығының белгісі болған көсем сөз иесінің, бұл басылымға қосқан үлесі мол. Басылымның бірінші санына шыққан "Сарыарқаның сәлемі" атты жүйелі өлеңінде, қарапайым сөз тіркестерінен құралғанымен, оқырманды өзіне баурайтын бір күш бар. Оқи отыра ақынның Сарыарқаға деген махаббатының шексіздіктен жаралған алып әлемін байқайсың. Ал, осы әсермен, отанға деген жалын оты шарпыған күйде, "Сарыарқа" газетінің алғашқы санына шығуыда кездейсоқ еместей. Себебі, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Отанға ұлы сезімін сыйлағандай, басылымның туған жеріне деген сүйіспеншілігі арқылы халқымен үндесетін байланыс барын көрсетіп тұр.

   Жүсіпбек Аймауытовтың «Мемлекет құрылысы» атты мақаласында, қазақ елінің өз алдына дербес жұрт болып мойындалар кезі туғандығына үміт артып, ел келешегіне қатысты өзекті ойларын көтерді. «Ұлан-байтақ жерде шашылып жатқан жүз миллион халықтың» қамы үшін сайлау ісінің қажеттілігі жөнінде, құрылтай жиылысы, саяси партиялардың алар маңызы турасында қазақтың да білуі тиістігін арқау етеді. Халық ел болашағы үшін сайланатын адамның қай партияда, қандай көзқараста болғанын біліп, таразылай отыра әділ шешім, әділ басшы қоюға кеңес бере өтеді. Бұл мақаладан, жас Жүсіпбектің ізденісі мен білімі арқылы, халыққа бағдар бере отыра ел қамы үшін ішкі саясатқа жете мән беріп, оқырманға кеңес берген. Сонымен қатар "Сарыарқа" газетінің екінші нөмірінде «Тұр, бұқара, жиыл кедей, ұмтыл жастар!», үшінші нөмірінде «Партия» деген мақалалары мен «Ғашықтық» , «Жынды», «Айна» атты шағын әңгімелері жарияланған. Бұл мақалалардан ой жүйелігі мен халыққа түсінікті тұжырым жасауына қолайлы етіп жазылғанын аңғарамыз. Жүсіпбек Аймауытов, әдебиет пен саясатты қатар бере, ұлт болашағын нығайтудың қайнар көзі болған.

  Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтірер болсақ, Жүсіпбек Аймауытов қазақ мемлекетін жасау, жоғалған елдікті қайта орнықтыру мақсатын алдыға тарта, аласапыран заманның шындығын әдебиет тілінде үлкен суреткерлікпен бейнелеген алаш азаматы.

 

Тынышбек Даниза Қанатқызы

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенті