«Сарыарқа» газетіндегі Жүсіпбектің бейнесін қалыптастырған мақала

«Сарыарқа» газетіндегі Жүсіпбектің бейнесін қалыптастырған мақала
жеке
блог

Өз кезеңінде, қырдағы  қалың  ел  арасына кеңінен тараған басылымның  бірі – «Сарыарқа»  газеті болды. «Сарыарқа» газетінің басылымдарында Алаш  партиясының  саяси  бағдарламасы, Алаш Орда өкіметінің қаулы-қарарлары, қазақ тарихы үшін құнды дүниелер саналатын құжаттар жарық көрген. Бұл газетте ел мұңын, қара байыр халықтың әл-ауқатын, өзекті мәселелерді  көтерген  көптеген  көсемсөз  шығармалары басылған. Кейбір ақын-жазушыларымыздың да сиясы кеппеген туындылары осы «Сарыарқа» газеті арқылы оқырманға жол тапқан. Солардың бірі және бірегейі – Жүсіпбек Аймауытов.

Ел қамын ойлаған, жазу шебері Жүсіпбектің «бостандық», «теңдік» жайлы жазған әрі өзінің қолтаңбасын қалдырған мақала «Тұр, бұқара, жиыл кедей, ұмтыл жастар!» деген атпен үшінші нөмірінде жарық көрген. Мақала да: «Мырзаның күні кетті. Халық енді ойланатын мезгіл жетті. Қара бұқара! Аш көзіңді! Кедейлер, күнің туды. Байға жағынып, жалға бағынып, тамаққа сатылатын заманың емес. Алсаң, теңдесіп отырып ал сыбағаңды! Теңдік алатын кезінде құлқынның құлы болып кетпе!»,-деген үндеу сөздер жазылған. Бұл, елді бостандықты дұрыс пайдалануға, сауаттыққа, ұйым құрып тозығы жеткен елдің жағдайын жақсартуға насихаттаған. Жігіттер, жастар қауымына жауапкершілікті, сұрауды қатты талап етті. Әрине, мұның бәрі қазақтың қамы үшін. Қазақ жастарынан да мұғалімдер, ұйым басшылары, бетке ұстар азаматтар шықсын деген ниеті мен жанашырлығы. Оған дәлел ретінде, мына үзіндіні ұсына аламын: «Мұндай заманда атқа мініп, іс қылмағанда, қайда істейсіңдер? Бар болсаңдар істейтін істерін мынау: мұғалім, учитель, болмаса жоба білетін жас жігіттер басшы болып қара бұқараның басын қосып «Бұқараның ұйымы» деген ұйым жасау керек. Бастаушы болса, қостаушы табылады. Қорқатын, қорғалатын заман емес, жыбырлайтын, сыбырлайтын заман емес, ұйым жасауға құдайдың пәлесі болмаса адамның пәлесі түк қылмайды.»

Қорыта келе, Жүсіпбек Аймауытовтың нақты қазақ жігіттеріне салған сұрауын, артқан жауапкершілігін жоғарыда аталған мақаладан түйсігімізге түйіндей аламыз. Осы мақала арқылы, өз халқына деген жолдауын, бағыт-бағдарын, ұсынысын білдірді. Қазіргі заман секілді, Жүсіпбекте өз заманында жастарға үлкен сенім артты. Ел болашағы, елдің өрлеп-өнуіне жастардың тікелей қатысының барын тайға таңба басқандай көрсете білді.