Қазақ баласы қандай мультфильм көріп жүр?

Қазақ баласы қандай мультфильм көріп жүр?
жеке
блог

Қай жанрдағы туынды болмасын, құбылтып әкеліп экранға тастағанда тып-тыныш отырған кезкелген адам үңіле қалады. Үңілмегенде ше? Қызылды-жасылды бейнелер бала түгілі естияр адамның есін кетіреді. Осы күні аталы сөзді «Ел болам десең экраныңды түзе» деп түлеткен де дұрыс болар.

Ел президенті биылғы жылды «Балалар жылы» деп бекіткен болатын. Тәуелсіздік табалдырығын аттап, туымызды тіктегелі отыз жылдан асты. Осы жылдар ішінде экранымыздан не көрсетіліп, не көрінбей қалды? Сағаттың тілімен тіркесе түрленген заманда бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндеріміз көк жәшіктен не көріп, не түйіп жүр?

Шекара аттап, шетелге көз салар болсақ, ондағылар киностудияның бүлдіршіндерге арналған ең үздік ойыншық екенін айтады. Расыменде, баланың санасын жаулау үшін анимациялық мультфильмдерді көрсету жеткілікті-ақ. Содан да болар, қазір тамырынан үзілген бір буын өсті.

Бүгінгі мультфильмдер бейнесі бес жасар баланы ғана емес, барша адамды өзіне еліте әкетеді. Жасөспірімдердің жадын жаулап, балаға бағдар болар туындылар мықтылыққа тәрбиелеп, адал болуға баулиды-мыс. Деседе, таяқтың екі ұшы болатынын естен шығармаған жөн. Соңғы жылдардағы туындылардың кескініне көңіл толғанмен, көздейтіні күдік ұялатып тұр. Күдігімізде себепсіз емес. Атын атап, түсін түстемесек те тырнақша ішіндегі туындылар баланың жүйкесін қазірден жұқартады, бойларындағы агрессияны күшейтіп, менмендікке тәрбиелейді деген пікір де қалыптасты. Ол да негізсіз емес. Сол үшін де әр ата-ана баласына бейненің берерін бағамдағаны дұрыс. Әйтпегенде тәрбиенің жауапкершілік жүгін көк жәшікке артудың зардабын тартуымыз мүмкін.

Осы орайда тізгіндеген тақырыбымның төңірегінде көтерер жайтты да түрте кетейін. Өз алдымызға ел болып, азаттық таңы атқалы тіліміздің тұғыры көтерілді. Шетелдің танымал «Оскар» мен сан жүлдені қанжығасына байлаған көптеген туындылар қазақша сайрады. Онымен қоса, ғаламтор желілерінде anidor.kz, kinokor.kz секілді отандық порталдар жүзге тарта туындыны қазақ тілінде ұсынуда. Десе де отандық туындыны көп кезіктере алмаймыз. Жыры атан түйеге жүк болған мультфильмдердің еліміздегі жағдайы қандай? Өзгенің өнімін қойғанда өзіміз не ұсына аламыз?

Шыққанына жарты ғасырға астам уақыт болған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» анимациясының ізбасарлары бар ма? Ел аузында қалып кеткен тұщымды туынды табылмастай, сапа сырғыған деңгейден қарыс қадам болсын алға жылжыдық. Бірақ бүгінгі көрерменге ұсынар жобалар келмеске кеткен кезеңді көрсете отырып, тарихымызды түлетіп, тау тұлғаларымызды тірілтуді ғана емес, заманға сай білім беріп, болашаққа азық болар нәрсені де үйретуі керек.

Баланың білімін арттыруды алға қойған отандық «Балапан және оның достары», «Ғажайыпстанға саяхат», «Данышпан қарға» секілді топ туынды экранға жол тартты. Санаға сіңірер ақпараты мол болсада, сапасы стандартқа сәйкес келмейді деседі жұрт.

Секундына жиырма төрт суретті қажет ететін мультфильмдер үштен бес жылға дейінгі аралықта дайындалады екен. Демек, сапасы сын көтерер тәуір туынды жасау үшін ұзақ уақыт керек. Экранымызды шетел туындылары толтырды деп қара аспанды төндіруге тағы болмайды. Неге десеңіз, қазір қазақ анимациясы да ұққан жанға жағымды дүния ұсынып отыр. Жарқ етіп, көрерменді қарық еткен отандық«Қазақ хандығы», «Күлтегін», «Әл-Фараби» сынды мультфильмдер олқылық орнын толтырғандай. Сонымен қатар балғын бөбектерге арнайы қорқынышты кейіпкерлерсіз сүйкімді бейнелермен суреттелген «Сәби», «Еркелер» және баланың таным көкжиегін кеңейтер «Ертегілер еліне саяхат», «Шахмат патшалығы» мен заманауи сарынға сай келер «Пырақтар» сияқты мультсериалдардың да көрермені табылуда.

Қорыта келгенде, аталмыш сала бір орталыққа біріктіріліп, темірдей тәртібі мен тұрақты талабы табылса жүйелі еңбек арқасында биік белестерді бағындырарымыз сөзсіз. Осы арқылы құндылықтарымыз бен төл тарихымызды таспаға түсіріп, басқаға дәріптеп, ұлттық санамызды оята түсеріміз хақ!

Назерке Альбертқызы

Әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық Университетінің

студенті