Тәуелсіз 30 жыл ішіндегі мемлекеттік тілдің мәртебесі:  қазақ тіл
жеке
блог

Тәуелсіз 30 жыл ішіндегі мемлекеттік тілдің мәртебесі: қазақ тіл

Мақсаты:

1. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын, әдебиеттік деңгейін анықтау
2. Қазақ тіліндегі аударма ісінің бүгінгі жағдайына сипаттама беру
3. Қазақы жарнама негізінде мемлекеттік тіл қолданысына баға беру
Өзектілігі: Мемлекеттік тілдің өз қағидаларынан жұрдай болу қатері туындап, өзге тілдің жүйесін негіз етуге мәжбүр. Сондықтан да, қазақ тіліндегі ресми сөз орамдары түсініксіз, жалаң аударманың талабына ғана жауап беретін қасаң мәтін ретіндегі қолданыста. Осыдан барып, қазақ тілінің ресми  саласы дамымай, тұтынушыларына керексіз, аудармалық статистика үшін жансыз ресми тіл саласы ретінде қалыптасуда.

Қазақ тілі өз тарихында аса күрделі ахуалды кешуде. Тілдік орта барған сайын тарылып, қолдану сапасы құлдырай түсуде. Тілдік орта барған сайын тарылып, қолдану сапасы құлдырай түсуде. Бүгінгі дәуірде қоғамдық қатынастың басты игілігі болу үшін тілдің әдебиеттік сипатының дамуы - негізгі шарт. Қазақ тілінің әдебиеттік деңгейін анықтау жолында бірнеше мәселелерді аңғардық. Қазақ тілінің постиндустриалдық қоғам жағдайындағы қолданысқа толық бейімделмегендігі ғылыми нысанға айналмай отыр. Бұл мәселе ғылыми күн тәртібінде байыпты қойылмағандықтан және соған сәйкес шара алынбағандықтан, қазақ тілінің қалалық тұрғындар тіліне айнала алмауы тағы да соған айғақ. Осының нәтижесінде  қазақ тілі орыс тілінің ұғымдары мен сөз орамдарын солайымен көшіруге амалсыз бейімделген.

Тіл стилінің салалануы (дифференциация стиля языка). Әдебиеттік тіл өзінің ресми стилдік салалары арқылы көрініс табады. Ал, тілдің стилдік дамуы салалық терминдердің қалыптасуына тікелей қатысты. Қазақ тілінің экономика, ісжүргізім, ғылым мен техника салаларына тән әдебиеттік ресми стилдері толық қалыптаспаған. Әлеуметтік-саяси және рухани салаларға бұрынғыша стихиялық сипаттағы қолданыс тән болып қалып отыр. Өмірдің түрлі салалары бойынша ресми сипаты дамымағандығынан, қазақ тілінің қолданымы тұрмыстық деңгеймен шектелуде.

Қазақ терминдерін қалыптастырып, дамытуға, термин қорын бекітуге арналған Мемлекеттік термин комиссиясы жаңа терминдерді қазақ тілінің теориялық жүйесіне сәйкес орнықтыруға икемсіз, ғылыми сараптамадан өтпеген жасанды да тіл табиғатына жат сөздерді заңдандыруға мәжбүр құрылым болып қалуда. [1]

Тілдің әмбебаптығы (универсальность языка). Қазақ тілінің салалық дамымау салдары оның әмбебаптық қабылетіне нұқсан келтіруде. Содан барып, тілдің атқарымпаздығы (функционирование) кері кетіп отыр. Осының кесірінен қазақ тілі дербес лингвистикалық жүйе емес, орыс тілінің аударма нұсқасы түрінде қалыптасу үдерісі басталып кетті. Нәтижесінде мемлекеттік тіл ақпарат өндірудің тіліне айнала алмауда, оның үстіне парламент пен үкіметтегі заң шығару және басқару тілі, өндірісті меңгеру тілі болуды былай қойып, тұтыну тілі бола алмауда. Елдегі жарнама мен тұтынушыларға арналған ақпараттың бәрі дерлік орыс тілінде тарайды.

Қазақ тілі дипломатиялық ресми тіл ретінде қалыптаспай отыр. Мемлекеттік тіл өзге шетелдік тілдермен орыс тілі арқылы ғана аударма ісжүргізім деңгейінде қамтылған, ал дипломатиялық үдеріс тілі ретінде іске аспауда. Нәтижесінде қазақ тілінің әлемдік тілдермен мемлекеттік тіл ретіндегі делдалсыз (орыс тілінсіз) арақатынасы жоққа тән. Бұған айғақ ретінде қазақ тілінің шет тілдермен тікелей қатысқа шығару тетігі болып табылатын тілмаштық (ілеспе аударма) тұрақты тәжірибе мен оның дипломатиялық тілдік құрылым ретінде қалыптаспағандығын атауға болады.

Тілдің ауызекі (фольклорлық) және жазбалық үлгілері. Қазақ тілі - ауызекі де, жазбаша да үлгілері қалыптасқан тіл. Ал, тілдің ресми стилі аударма саланың нәтижесінде қалып отырғандықтан, дами алмауда. Кәзіргі қазақ тілі негізінен тұрмыстық деңгейдегі қолданыста болғандықтан, бір ізге түспеген өңірлік сипаттағы лексикалық  айналым тілдің  бұрын қалыптасқан ауызекі және жазбаша ресми стилдерін одан әрі дамытуға кедергі келтіруде. Оның үстіне қазақ тілі дербес ақпарат өндіру тілі емес, аудармалық деңгейден аса алмағандықтан да, ресми стилдің орнығуы күрделі мәселелерді қордаландыра түсуде. [4]

 

Біздің елімізде де жарнамалардың қате аударылу мәселесі өршіп тұр десек те болады. Көше бойында толассыз жарыса ілінген кейбір жарнамалардың қазақ тіліндегі аудармаларына мұқият зер салар болсақ, аударманың не мағынасыз екенін, не сөздердің дұрыс таңдалынбауын және тілдік нормаға сәйкес еместіктерін байқай аламыз. Қазақ тілі «мемлекеттік тіл» болып есептелетіндіктен, оның қай жерде болмасын сауатты әрі орынды, дұрыс қолданылуының талап етілуі Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» заңының II Тарауы, 12-бабында «12.2. Меншік түріне қарамастан, Қазақстан аумағында қызмет істейтін барлық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнамалар мемлекеттік тілде беріледі. Қажеттілік болса, жарнама мәтіндерінің аудармасы Қазақстанда тұратын этникалық топтардың тілінде де беріледі. [2] 12.3. Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында, таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде қажеттi ақпарат болуға тиiс» деп жүйелі түрде анық көрсетілген. [3]  Дегенмен, заңдарда көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін жарнамалар саны шексіз. Қала ішінде жүріп солардың біразын байқадық.Кей аудармаларда тіптен мағына жоқ, мысалы: «не сорить, не харкать!» – «алауыздық тудырмаппын аумақта» және «на территории не курить!» – «темекі шекпеппін аумақта!»(«Алтын Орда» базары). Біріншіден, аудармада мән-мағына жоқ. Екіншіден, сөздердің орын тәртібі дұрыс қолданылмаған. Осыған орай, біз өз аудармамызды ұсынамыз: Аумақты ластама немесе Аумақты ластауға болмайды! және Аумақта темегі шегуге болмайды!Бұлай аударуымыздың себебі, көпшілікке түсінікті әрі мағыналы аударып отырмыз.

Келесі бір байқаған қате аударма ол «Alser» цифрлық техникаларды сатушы сауда желісіндегі жарнамалық баннердегі мына бір сөйлем: «оформление подарочной карты Gift IT, на покупку IT-техники и мобильных устройств» – «IT техника мен ұялы құрылғыларды сатып арнап Gift IT сыйлықтық картасын ресімдеу». «құрылғыларды сатып арнап» сөз тіркесі өзара байланыспайды және келесі жай сөйлеммен мағыналық байланыс көрсетіп тұрған жоқ. Біздің дұрыс деп ұсынатын аудармамыз келесідей: «IT техника мен ұялы құрылғыларды сатып алуда Gift IT сыйлықтық картасын рәсімдеу». Біз екі жай сөйлемді бір-бірімен байланыстыра отырып, аудардық. Сонымен қатар, өзіміз күнделікті барып тағамданатын KFC тағамдану желісіндегі арнайы қорапшадағы мына бір түсініксіз аударма: «Когда безумно хочется курочки, а ты за рулем – держи путь в KFC авто!» – «тауықты өте жегің келсе, ал сен көлікті басқарып отырсаң – онда KFC авто бірге бол!» Мағынасынан бөлек, ең алдымен бірден-бір қателік ол – қазақ тіліндегі сөздердің дұрыс таңдалынбауы. Осындай мағынасыз аударма қалай жасалады екен деп, google онлайн аудармасына салып көріп едік, онда да мүлдем басқаша аударылған. Сонда қандай аударма жолын қолданғаны түсініксіз. Негізінен, түпнұсқаның берер мағынасын аударар болсақ - «Егер сен көлікте болып, тауық етін жегің келсе – жолыңды KFC автоға бұр!»

Келесі қарастыратын аудармадағы мәселе – қазақ тіліндегі сөздердің дұрыс эквивалентінің қолданылмауы. Мысалы: «Alser» цифрлық техникаларды сатушы сауда желісіндегі сол бір баннердегі «оформление бонусной карты Like IT» - «Like IT бонустық картасын ресімдеу». Жалпы қарайтын болсақ, аударма дұрыс. Алайда, «оформление» сөзі «ресімдеу» деп аударылған. «оформление» сөзінің дұрыс эквиваленті «рәсімдеу».    «технический осмотр»– «техникалық байқау»(Шевченко – Гагарин көшесіндегі көлік жөндеу орталығы) «осмотр» сөзінің қазақ тіліндегі эквиваленті дұрыс таңдалынбаған. Байқау сөзі сайыс, бір нәрсені байқап қалу деген секілді мағыналарды білдіреді. Мысалы, «медицинский осмотр» дегенде «медициналық тексеріс» деп айтамыз ғой. Сондықтан да, «техникалық тексеріс» деп аударылған дұрыс деп есептейміз. Тағы бір көзіміз түскен аударма «Рамстор» супермаркетіндегі «Redbull» сусынының жарнамасы «не хватает рук?»– «Қолың ұзарса ғой». Бұл жарнамада антонимдік аударма тәсілі қолданылыпты. Алайда, аударма «Redbull» сусынының негізгі қолданылуын жеткізбей, тұтынушыға нақты ақпарат бермей тұр. «Шамаң жетпей жатыр ма? Шаршадың ба? Үлгермей жатыр ба? Қуатың таусылды ма?» деген аудармалары дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Себебі, бұл сусынның негізгі мақсаты – күш-қуат беру. «огромный выбор, лучшая цена»- «мол сұрыптама, үздік баға» деп «City Center» сауда кешеніндегі «Technodom» цифрлық техника сатушы сауда желісін жарнамалаған баннердегі жазба. Жалпы, қазақ тілінде «сұрыптама» сөзі «іріктеп алу, таңдау» деген мағыналарды береді. Ал түпнұсқа орыс тіліндегі «выбор» сөзі «таңдау» деген мағынаны білдіреді. Сол себепті «мол таңдау, үздік баға» деп аударылуы дұрыс болар еді. Сонымен қатар өзіміз күнделікті тұтынатын «Айналайын» сүт өнімінің қаптамасындағы мына бір жазу:«Мені қайнатуға керек жоқ! Құйып ішуге болады!» – «Меня не нужно кипятить! Можно наливать!» Аударма қазақ тілінің тілдік нормасына сай емес, «қайнату» етістігінің септік жалғауы дұрыс жалғанбаған. Жалғау барыс емес, ілік септігінде болуы қажет, сондықтан «Мені қайнатудың керегі жоқ» аудармасы дұрыс.

Бұндай қателіктердің басты себебі ғаламтордағы онлайн сөздіктер десек те болады. Ол жерде сөзбе сөз аударылады. Бұл қателіктердің өзектілігін анықтау мақсатында сауаланама жүргіздік. Сауалнамаға Алматы қаласының 28 тұрғыны қатысты. Тұрғындарға қойылған сұрақтар: «Көшеде келе жатқанда жарнамаларға мән бересіз бе?» «Сізге қай тілде жарияланған жарнама түсініктірек?» «Қазақ тілінде жарияланған жарнамаларды түсінесіз бе, қанағаттана аласыз ба?», т.б сұрақтарға жауап алуға тырыстық. Сауалнама нәтижесінде 63% тұрғын жарнама мән беретінін айтты, ал қалған 37% тұрғын жарнаманы байқамай да қаламын деп жауап берді. 70% тұрғын орыс тіліндегі жарнамадан ақпаратты түсіну оңайырақ әрі орыс тіліне мән беру әдетке айалып кеткендігін айтты, ал қалған 30% тұрғын қазақ тіліндегі жарнаманы жақсырақ түсінемін деп жауап қатты. Келесі сауалға 56% тұрғын кейбір кезде аудармасы қате болып жатады, бірақ жалпы түсінуге болатындығын айтты, ал қалған 43% тұрғын көбіне түсіне қоймайтындығын және күнделікті түрде қолданатын сөздерді қолданбайтындығын айтып, наразылық білдірді.

Қазіргі жарнамаларға тән ортақ кемшілік – олардың алдымен орыс тілінде дайындалып, содан соң ғана мемлекеттік тілге аударылуында. Осыған орай, сәтсіз аудармалар тартымсыз, мән-мағынасы айқын болмағандықтан, тұтынушыны қызықтыра алмай келеді. Ал, жарнаманың қазақ тілінде жазылуы, басқа тілден қазақ тіліне аударғаннан гөрі әсері болады. Мысалы, өлең шумақтары, шешендік сөздер, мақалдарды қазақ тілінің табиғатына, қазақ ұлтының ұғымына сай қолданғаннан көп нәрсені ұтар едік.

1. «M&Ms» – «екі тентек елге сыймас»

2. Тарифтер – «Бірлік болмай, тірлік болмас»

3. «Snickers» – «Ауырды нар ғана көтереді»

4. «Merci» немесе «Raffaello» – «Сіз тыныс алғанда – тек демаласыз, Ал жақсы көргенде – өмір сүресіз»

5. Кір жуғыш ұнтақтар – «Жақсы құрбы келгенде, көңілде кір қалар ма?»

    Жақсы ұнтақ келгенде, киімде кір қалар ма?!

6. «Redbull» - «Күштінің қолы ұзын»; «Күшенген жеңбейді, күші көп жеңеді» және т.б.

Жалпы, ана тіліміз нақыл сөздерге, мақал-мәтелдерге өте бай. Егер де, кейбір жарнамаларды тура аудармай, оны мәдениетімізге бейімдеп жасақтайтын болсақ, қазақ тілінің тағы бір мәрте асқақтауына, шешендік сөздеріміздің ұмытылмай, жаңа бағытты қолданысына да пайдасын тигізетіні сөзсіз.

Қорытындылай келе,  қазіргі уақытта мемлекеттік тіл қолданысы қай жағынан болсын дамуы бәсендеп жатыр. Қазақ тілі дипломатиялық ресми тіл ретінде қалыптаспай отыр. Мемлекеттік тіл өзге шетелдік тілдермен орыс тілі арқылы ғана аударма ісжүргізім деңгейінде қамтылған, ал дипломатиялық үдеріс тілі ретінде іске аспауда. Нәтижесінде қазақ тілінің әлемдік тілдермен мемлекеттік тіл ретіндегі делдалсыз (орыс тілінсіз) арақатынасы жоққа тән. Егер бұл мәселені бірігіп бір жақты етпесек, ұлттық рухымыздың дәйегі, ана тіліміздің қолданыс аясын қазірден де төменгі деңгейге жеткізер түріміз бар.

 

Қолданған әдебиет:

1. Пәннің оқу әдістемелік кешені «Мамандану практикумы ІҮ» «050503» – «Психология» мамандығына арналған:Оқу әдістемелік материалдар. 2013 жыл, 112-115 бет

2. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» заңының II Тарауы, 12-бабы.

3. Қазақстан Республикасының «Жарнама» туралы заңының II Тарауының 6-бабы.

4. «Википедия» сайтыhttps://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A2%D1%96%D0%BB_%D0%BA%D0%BE%D0%BC%D0%B8%D1%82%D0%B5%D1%82%D1%96

 

 

1. https://www.google.kz/url?sa=i&url=https%3A%2F%2Fonline.zakon.kz%2FDocument%2F%3Fdoc_id%3D31338555&psig=AOvVaw2gCdwD1G9T4zyaEhuw_h3U&ust=1637927480743000&source=images&cd=vfe&ved=2ahUKEwjO68O-ubP0AhWYvyoKHYPdBcUQjRx6BAgAEAk