Көрпемізге қарап көсілсек

Жұмыстан жаңа ғана келіп, сырт киімдерін шешіп жатқаны сол еді, телефон шарр ете қалды.

-Сені - деді, зайыбы телефонды ұсынып.

-Кім екен, сұрамаймысың?

-Хабарландыру арқылы дейді, бөтен біреу.

-Күте тұрсын.

Мұрындары пысылдап бірі етігіне, бірі бас киіміне жармасқан балаларын маңдайларынан мейірлене иіскеп кіреберісте біраз отырған бұл асыға  қоймады.

-Әле-е.

-Ассалаумағалайкүм, ағай.

-Әликүм ... Бұл кім?

-Мен бір інішегіңіз. Германияда служить нетіп келіп ем, прапорщик болып. Келініңіз бен балам сол жақта қалған. Келетін түрлері жоқ. Жақында қайта кететін ойым бар. Мұнда қандай болады? ...

-Тоқта, тоқта. Өзіңе не керек, соны айтшы созбай. Менің қазақ екенімді қайдан білдің?

-Балдарыңыз қазақша шулап атыр ғой. Ана, әлгі..., нетіп, немісше үйренейін деп едім.

-Германияда қанша жыл болдың?

-Бес жыл. Құдай қаласа бір-екі айда қайта кететін шығармын.

-Бес жылда үйренбеген тілді бір-екі айда қалай үйренбексің? Қайтадан әскерге бармақпысың?

-Жоғә-ә. Мына дүрбелең кезде біраз жүре тұрайын дегенім ғой. Соған қағаздарым дайын  болмай атыр.

-Бес жыл не тағаладың, тіл үйренбей?

-Онда біз часта болдық қой, ағай. Ешкіммен араласқан жоқпыз. Сосын керек болар деп ойламаппын да. Ақысы қанша болар екен?

-Немістерге ғой ақысыз. Ал сенің шамаң келе қояр ма екен? Әлде сандық түбінде қалған тайтұяғың бар ма еді? КГБ-дан емеспісің әйтеуір өзің?

-Құдай сақтасын, о не дегеніңіз, ағай. Бір қой жете ме?

-Қойыңмен бірге жетпіс жеті атаң... - деді де, бұл айналасында балаларының жүргені есіне түсіп, тілін тістей қалды. Айтарының қалғаны кеңірдегіне кептеліп, тынысын тарылтып барады. Жауап ала алмаған арғы жақтағы аллолап, үрлеп біраз әуре болды да, дәнеңе шықпаған соң тастай салған болар, құлағын үзік-үзік ащы дыбыс жарып жібере жаздады.

-Шіркін-ай, мұндай да болады екен-ау ә? - деді бұл таңданып, үш ұйықтаса түсіне кірмейтін нәрсе.

-Мүмкін оныкі де дұрыс болар – деп ойлады содан бірнеше күн өткен соң сабасына түсіп. Ертеректе «Диссиденттерге ашық хат», «Шетелдегі ағайындарға ашық хат» деген үлкен ағаларының өлеңдері мен «Тойған жеріңе қызықпа» деген сияқты мақалалар оқығаны бар еді. Олар онда түрлі жағдаймен үйірінен айрылған ағайындарды: «Тоныңды отқа салдың. Мықты болсаң қиындықпен өз еліңде жүріп күрес. Өзгенің түтінін түтетіп, босағасында жүрсің. «Бөтен елде сұлтан болғанша ...» - деп мінеген сияқты еді. Кейін елге қайтып келгендердің: «Мұңғұл, қытай атандық. Қашқын атандық. Үй, жұмыс таппадық» -       деген шағымдары да газет беттерінен көзге түсе бастады. Арызданып, біреуден қамқорлық тілегенше, әркім өз шама-шарқына қарай әрекет қылып көргені де дұрыс шығар. Бөтен жерде болса да біразы бас қосып мәселе көтерсе, мүмкін олар да қуғын-сүргін көрген байғұстарға интернационалдық парызға беріктігін білдіріп, орталарынан ойып жер, тіпті автономия беріп те қалар. Сөйтіп Германия, Италия, Жапония, Америка ... да, а? Қазақ автономиялы ауданы, болысы, аймағы, республикасы мен ұлттық ұланы ... .

Пай-пай, бұл қиял дегенді қойсаңшы. Түбі  көрінетін емес. Бірінен-бірі тәтті. Дегенмен, бұл ортақол адамның зейіні жете бермейтін іс сияқты. Осы тақырып айналасында зиялылар қауымы не  ойлайды екен? Тағы да өлең, мақала, диссертация,  монография жазып жатқандары жоқ па екен? Материал әлі «свежий» сияқты-ғой.

Телефон бебеулеп қоя берді.

-Сені - деді, зайыбы трубканы ұсынып.

Бұл «... сымақты» бірер жыл бұрын жазған екенмін. Баспасөзге ұсынған-ұсынбағаным есімде жоқ. «Еңбегімнің» еш жерден көрінбеуі оны не құптай не жоққа шығара алмайды.

Әріп танығалы бері құрбыларым екі  таңбаның басын қосып қабырғаға жармасқанда да, қолдары бәкіге жетіп жүректері лүпілдей есік-терезелердің жақтауы, бақтағы ағаш қабығын ойып екі есімді қосу белгісімен көгендеп жүргенде де, рухани аталарымыздың салып берген қалтарыссыз тура жолымен шаңын боратып аламан бәйгеге түсе бастағанда да, бұра тартып, қыңырайып, үйірден тайсақтап, бүйректен сирақ шығарып, «жусан, адыраспан, қына, бәйшешек, тобылғы ...» -  деп, жоқ сұмдықты шығара бастаппын. Келе-келе, тындырып алатындай, нансыз әннің де болмайтындығы санама жетпесе керек, Сарыөзектің іргесіндегі қызыл жосаға дейін айдатып астық салдырған ел ағаларын сынаппын. Жайлауға тозаң жұтып күрк-күрк жөтеле тас жолды бойлай көшкен қойларды, егінге түсіп кеткен «тәртіпсіз» малы үшін ояу кезінде «ыштырап» тартып, көзі ілініп кетсе топ-тобымен айырылып, мылтық орнына таяқ ұстап, еңбекақы орнына айып төлеп, аңнан да адамнан да құқай көріп, өмірде көзі ашылмаған  малшыны аяппын. Ол ол ма? Есейген сайын ес кірудің орнына қырсық мінезім одан әрі тұла бойымды жаулай бастапты. Танауымның астына үлпілдеп қоңыр жолақ түсе бастағанда ғалымдардың нұсқауымен етегін тесіп дәрі қойды да, замана билеушілері бір тауды шалқасынан түсірді. «Ғылым мен техниканың жеңісі ... , Ең кемінде астананың 50 жылдық қауіпсіздігі ..., Халық қамы» деп, қоршаған ортам малақайын аспанға атқанда: «Сол тосылған өзен бойынан жиіркенбей отыратын орын таппай жүрмесек болды» деп қиқайыппын. Қауіпсіз қалада тұрақтап қалатынымды болжай алмадым-ау деймін. Кейінірек газет бетінен әйгілі бір фототілшінің «Көлсай» деген туындысын көріп, табиғат сұлулығына тәнті болудың орнына: «Көзіме қопарылған қарағай, жыланша ирелеңдеген тасжол, зәулім пансионаттар, желкенді қайықтар, шлагбаум, одан өте алмай тамсанып, мөлдіреген қара көздерінен қызығушылықпен қабаттасып ыза ұшқыны көрінген қазақтар елестейді» деп сәуегейсіппін. Ауру қалса да әдет қалмайтыны рас па деймін. Өткен іс өтті. Заман жаңарып, әр нәрсе өз орнын тауып жатыр. Ал мен қыртиып кері тартуды қоя алмай келемін. Өткендегі тіл, әдет-ғұрып,  ұлттық ойын, қайын мен жеңге, балдыз бен жезде деп, қай-қайдағыны қозғап, сол ұлтшылдық көзқарасым үшін баспа бетінен көріну былай тұрсын «саяси тұрғыдан сенімсіз» деген айдармен талай жал-жаядан да құры қалған кездерім болған екен. Енді ақыл тоқтатып, орда  бұзатын кездегі әрекетімнен неліктен ештеңе  шықпағанын салмақтап, ақырын жүріп анық бассам, есек аяңмен жатағандау болса да бір қырқаға жетіп жығылар ма едім? Шіркін туа біткен мінез-ай, сені қайта құруға қайсарлығым жетпей-ақ өтетін болдым-ау!

Сонымен бостандық, теңдік, егемендік, еркіндік лек-легімен келе бастады. Көзімізбен көріп, қолымызбен ұстамағанмен құлағымыз бәрін алаламай қабылдап, көкейімізге құя берді, құя берді. Сол кезде көшбасшымызға: «Кемедегінің жаны бір дегенге бүткіл кемені құтқармақ болып тыраштанбай-ақ өз тұсымыздағы тесікті бітей тұрып, қайығымызды дайындай берейік. 70 жыл бойғының бәрі теріс. Бірден түбімен төңкеріп тастап молшылыққа оп-оңай белшеден батамыз деп, күллі жұрт еркін саудамен айналысып кетіп,  бір қалтамыздан алып екінші қалтамызға ауыстырып сала бергеннен көсегеміз көгерер ме екен? Өндірістегі тәжірибе мен тәртіптен көз жазып қалмайық» - деп хат жазыппын. Оған мақұл немесе қателесесің деген жаңғырық естілмеді. Ақ түйенің қарны жарылып, күнде жиын күнде той өтіп көңіл бір желпініп сала берсе, екінші жағынан бұрын естілмеген неше түрлі сұмдықтардың беті ашылып, ақтаңдақ, қаратаңдақ, қилы заман қиындықтарының ызғары желігімізді су сепкендей басып, арқамыздан еміс-еміс қарып өткендей болып жүрді. Ол аздай анда-санда қара қазанның түбінен қасығымызға ештеңе ілінбей жағымсыз темір шиқылынан асқазанымыздан бұрын нервіміз тозатын болған соң: «Ойбай, ағайын, аттан! Жерге, малға, зауыт-фабрикаға ие болуға ұмтылайық! Біз гөй-гөйлеп жүргенде ырысымыз қолымыздан сусып кетіп, ертең аңырап саусағымызды сорып қалмайық. Саудаға араласайық. Менеджер, брокер, ..., делдал, спекулянт болудан қашпайық» - деп зар илеппін. Осыным өзіме бұдан біраз бұрынырақ: «Ақын-жазушылар, саясаттан бас тартқандарың, көзқарастарыңды өзгерте бергендерің дұрыс емес. Принципшіл болған жөн. Сендер тұрмақ диктор екеш диктордың да ұстанған өз тарапы болу керек. Кімнің түтіні тік шықса бетінің арын белге түйіп алып, соның шашбауын көтеріп жалпақтай беру ұят болады. Бұрын онша бүйірім бұрмай жүрген Әбділда атам байырғы көсем сардарының қолынан Ленин орденін алып тұрып: «Мен Ленин деп тудым, Ленин деп өмір сүрдім, Ленин деп өлемін» дегенде тура Шаңбай бабам тіріліп келгендей әсерде отырдым. Өйтіңдер, бүйтіңдер» - деп көсемсігеніме қарағанда негіздірек көрінді. Амал қанша, жазғандарымның енді кімге жақпай жүргенін білмеймін, «черновойлары» тартпамда қалыпты да, жіберген даналарым хабарсыз кетті. Осының  бәрін қорытындылай отырып мынадай тұжырымға келдім. Мен ақын-жазушы, журналист, саяси шолушы немесе мемлекеттік қайраткер емеспін. Демек, күнделікті өмірдегі кейбір құбылыстарды өзімше пайымдап түсінген сияқты болғанмен оны бір жүйеге түсіріп, көркем тілмен көкіректен қайта шығару жағы ақсап жатқан шығар. Бұл істе дилетант екендігім құпия емес. «Ендеше, көңілге жақпаған ел ағалары, зиялылар қауымы, депутаттардың аттарын атап, түстерін түстеп, шындық іздегенсіп, қуақыланып, астарлап, емеурін білдіріп, тұспалдап, бірнәрсені мегзегенсігенше, дерің болса айқын, басын ашып, тоқ етерін қысқаша тезис ретінде жазып жіберсең, арғы жағын мамандардың өздері-ақ реттеп жіберер еді. Астында аты-жөнің тұрмағанмен ойыңның жарық көруі ықтимал. Оқып отырып айызыңның қанғаны да бір ғанибет емес пе, түсінген жанға.» - деген тоқтамға келгендеймін

Сонымен айтпағым – басында өздеріңіз оқыған әңгімесымақты қағаз, сия, уақытты ысырап қылмай-ақ, былайша келте қайыруға болмас па еді-деу:

1.Қазақ жастары өз отанындағы болашағына сенімсіз.

2.Үйінен қырық қадам шыққан адам – мүсәпір.

Жүректері орнықты болмағанмен  үй-жайы бар, қарны тоқ ағайындарды емексітіп жылы орнынан  қозғап  алдыңдар да, мұнда күн көруіне жағдай жасамай әуре-сарсаңға салып қойдыңдар. Обалы кімге? Алдымен қай облыс, аудан, қала, ауылдың қанша адам қабылдап, үймен, жұмыспен қамтамасыз ете алатын мүмкіндігі барын зерттеп алып, Жоғарғы Кеңес бола ма, Министрлер Кабинеті қасынан ба, кіші-гірім топ құрып, оның төріне жоғарыда аталған жазғыш жанашырлардың біреуін отырғызып, мойнына көшіп келушілердің тағдырын жүктеп қойса қалай болар еді? Қоныс аударушылардың өз ресурстарын тиімді  пайдалану жағынан ақыл-кеңес беретін орталықтар ұйымдастыру, мемлекет тарапынан қосымша көмек беру, тіпті ол жетпей жатса жоқшылық қысып есеңгірей бастаған қандастарға тағы бір жолы қолқа салып көру жағын ойластыра ма, әйтеуір осыған жауапты бір адам болар еді-ғой, тәйірі.

Шынында да осы ойым өзіме ұнағандай болып отыр. Сірәдә түзелейін дегенім шығар. Шама келмес мақала, фельетон, әңгіме ... романға аяқ артып, нәтижесін көре алмай тауымыз шағылып бекер әуре болғанша, көрпемізге қарап көсілсек. «Бақа нетсе көлге сеп» демеуші ме еді бабаларымыз. Әрқайсымыздан осындай бір-бір тамшы ұсыныс шықса, түбі жеріміз құнарсыз емес сияқты еді ғой, көздегенімізге де жетіп қалар ма едік.

Автор: Намаз Нұржан, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің магистранты.

                                                       

Жетекші: Жанатаев Д. Ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  философия кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты.



Бөлісу: