БЕШБАРМАК

БЕШБАРМАК
жеке
блог

                    Түскі ас  кезі еді. Күннің ыстығына қазандықтардың қызуы мен сорпа-судың буы қосылып, асхана іші тым қапырық болып кеткен. Ел мүмкіндіктерінше ашық терезе тұсына, немесе желдеткіштің астына таман жайғасуға тырысып, ыңғайлы орын іздеумен әлек. Мен де аяқ-табағымды ұстаған қалпымда аңырып тұр ем: «Қазір мен сіздерді тағы бір экзотикамен таныстырам - деп, саңқ етті біреу немісше. – Бағана айтып ем-ғой, бізде жүзден астам ұлттар мен ұлыстар өмір сүреді. Әрқайсысы өз ұлттық ерекшеліктерін сол қалпы сақтауда деп. Соның бір айғағы ретінде осы қарапайым асханадан сіздер өзбектің палауын, дұнғанның лағманын, кәрістің хесін, украиннің пельменін ... – есіктен сұңғақ бойлы, қияқ мұрт, аққұба келген жігіт сүйріктей сұқ саусағымен кеңсірігіне түскен көзілдірігін көтеріңкіреп қойды да, иығын жапқан мойылдай қара шашын сілки қайырып, шегіншектей ішке енді – ең негізгісі қазақтың бешбармағын қалауларыңыз бойынша татып көресіздер».

- Қазақтың несін? – деді, жасының ұлғайыңқырағанына қарамай тізесінен шорты, алабажақ майка, күнқағары бір қарыс бейсболка киіп, кіндігінің тұсында салбыраған фотоаппаратын қосқолдай ұстаған егде кісі табалдырықтан аттай бере. Жігіт анаған «Не айтпақшысың?» -дегендей үңіле қарап тұрды да, сәл езу тарта: «...украиннің пельменін, ең негізгісі қазақтың бешбармағын қалауларыңыз бойынша татып көресіздер» - деді қайта сартылдап.

            -Қызық екен! Ол қандай тағам? Бешбармақ дегеннің мағынасы не? Неден дайындалады?

         Фотоаппарттыдан кейін дабырлай кірген оншақты адамның қайсысына жауап берерін білмеді ме, әлде жаттанды әңгімесінен ауытқи бастаған соң сөздік қоры жетіңкіремей қалды ма екен, әйтеуір топ жетекшісі галстугін түзеткен болып, одан пенжагінің қалтасынан қол- орамалын алып көзілдірігін, маңдайын сүртіп, біраз кідірді. Аналар тақымдап жанын қояр емес.

          -Бешбармақ- ол қазақтың ұлттық тағамы. Это ..., ну ..., фиңңер. Фюнф фиңңер. Бешбармақты бес саусақпен, тьфу елки, етті бес саусақпен , то есть бес емес, қолмен жейді. Бешбармақ дегеніміз – тағамның аты. Беш дегеніміз  - фюнф, бармақ дегеніміз – фиңңер.

          - Ал еттің мұнда қаншалықты қатысы бар?

          - Айттым ғой, тағамды еттен жасайды деп!

          -Елканың жапырағын қоса ма?

          Жетекші жігіт бір сәт абдырап қалғандай көрінгенмен қас-қағымда есін жиып алды.  Біреуінің бас, екіншісінің құлақ деп тұрғандықтарын, әңгіменің не туралы болып жатқандығын анық білмесе де нобайлап болса да түсіне бастаған   жұрттың езулеріне күлкі үйірілгенінен қысылды-ау  деймін, қонақтарын ас тарататын сөреге қарай бастай жөнелді. Жетекші жігіттің сөзінен неміс тұрмақ кішкентайымнан ет жеп өскен мен шатасудың аз-ақ алдында тұрмын. Айналадағылардың көңілі енді: «...то есть бес емес, қолмен жейдісі несі?» - деген ой келіп, кеңк етіп күле бере қақалып –шашалған маған ауа бастады. « Күлме досқа... !» - деп қоям ішімнен, қолорамал іздеп, қалталарымды ақтарып жатып.

           -Ай, тамыр, итынды уста! Кал калай? Бешбармак бар ма? Курдаска айт, даиндай  берсин. Мен казр магарыч акелем.  

           - Кел, келе ғой. Маржаңды ала кел.Тісің әбден қышыған көрінеді. Мұрның ғана қышыса бір тәрелке тұздығыңды туратып,  мені үйіңе шақырар ма едің?

          Осы қысқа әңгімені естіп сиырының сауырында отырған апам бұзауын босата салып, сүтін сүзіп болған соң ас қамына кірісетін. Қас қарая бергенде қақпаның сыртынан үйрек-қазы мен талпақтанауларын жайғастырып болып шырттай киініп алған, жанқалтасында қағазбен тығындалған шөлмегі бар, бір қолтығына гамошкасын, бір қолтығына Мариясын қысқан  Николай ағайдың сырықтай мойны қылтиятын.

          -Кел, кел, батыр. Денсаулықтарың  жақсы ма? Мал-жан аман ба?- дейді әкем есікті ашып жатып құшағын жая. Жауырыны бүкірейіп, бойы сорайған, шалбарының балақтары жалауша желбіреген «батыр» алшаңдай басып босағадан аттағанда ауламызға МТС* көшіп келгендей жермайдың исі бұрқ ете түсуші еді. Содан төрдегі жұмсақ көрпенің үстінде малдас құра отырып, сүт қатқан қою бұйра шаймен магарычтан бір-екі рет алып жіберген ағай соғыста болған қиян-кескі оқиғалардан әңгіме бастайтын. Қандай қатерлі кезеңдерде де қасынан бір елі қалмаған Мария апай әңгіме үстінде де ізінен жаңылмай басын шұлғи растап отыратын. Сәлден соң Николай ағай гармонын қолына алып құлаштай-құлаштай созатын да, зайыбы екеуі сонау алыс жылдары шабуыл арасында окопта отырып айтқан мұңды әндерін қос дауысқа салып зарлаушы еді-ай келіп. Бір кезде кілт тоқтаған ол тарамыстанған қолының  сыртымен иегінде мөлтілдеп тұрған тамшыларды сыдырып, астындағы көрпеге сүйкей салатын да: «Тамыр, давай, ал балалайкаңды» - дейтін. Әкем жолдасына ойлана бір қарайтын да, үндеместен төрде ілулі тұрған домбырасына қол созатын. Әбден буындарын босатып алған батыр қонақ ирелеңдей орнынан тұратын да, әскери кителінің омырауын ағытып жіберетін. Ол отырып-тұрып, алақандарымен кеудесі мен өкшесін қаға бастағанда үйдің ішін медаль сыңғыры мен домбыра үні кернеп кететін.

          -Несі бар, Дон Кихот та арық болған. Ерлік көрсетпесе соншама орден мен медальді бекер берді-ғой  деймісің? – деп, өзімізді-өзіміз сендіретінбіз.

          Буы бұрқырап табақ келгенде  әңгіме қайтадан сабасына түсіп, әрі қарай жалғасатын.   

          -Тамыр, сендердің осы еттеріңді, әсіресе тұздап қыстай кептірген қатты еттеріңді ерекше ұнатамын. Қалада  тұратындар балықпен ішетін сыра деген сусын бар. Әт-те-ең мынаның жұдырықтайын ала барсаң, талдай отырып шөліңді бір қандырсаң арман бар ма еді! Тек неге мұны «Бешбармақ» атағансыңдар? Бармақ пен еттің бір-бірінде не шаруасы бар? Түсінсем бұйырмасын!

          Әкем қонағына «шынымен білмейсің бе?» дегендей таңырқай қарайтын.

          -Әй, Коля, мұны «Бешбармақ» атаған біз емес, сенің аталарың. Баяғыда Ресейде сен аттас патша болыпты. Ішер ас, киер киімге жарымаған шаруалар көтеріле берген соң, бір жағы бүлікшілерден арылу, екіншіден солардың арқасында жерін кеңейтіп алу үшін қолдарына аздаған қаржы беріп, қару ұстатқан да осы жаққа қарай көшірген көрінеді. Соқасын сүйретіп, бала-шағасын жаяу жетелеген жалаңаяқ ата-бабаларың арып-аршып осы тұсқа менің атам Шаңбайдың заманында келген көрінеді. Жарым-жартысы жолшыбай қырылыпты да, сіңіріне ілініп аман жеткендерін осы Быжының* бойы мен Матай, Түлкілі, Терісаққан, Шаған тауларының баурайларын мекендеген біздің бабаларымыз алдарына мал, шұрайлы қоныс беріп, ашаршылықтан аман алып қалса керек. Қабырғалары ырсиып, тілдерін тістеп келген бабаларың біраз жыл тұрып қоңданады. Естерін әбден жияды. Быжыны бойлай Красногоровка, Холмогоровка, Развильное, Түлкілінің етегіне Голубиновка, Калиновка, Малиновка деген ауылдарын салып алған соң: «Сендер жабайысыңдар, тамақты қолмен жейсіңдер» - деп, әзілдеуге  көшкен көрінеді. Сол кездерден бастап етті «Бешбармақ» деп атау қалыптасып кеткен екен дейді көнекөз қариялар. Осы күні Сарыөзектің атын Гвардейск деп өзгерткелі жатыр екен деген лақап тарап жүр. Сірә ол да рас болар.

          -Ол ра-ас – дейді Коля ағай, нені растағаны белгісіз, қанша жуса да солярка исі кете қоймаған жүндес тарамыс қолын табаққа созып жатып. Мұның шет жағасын мен де естігем. Құрдас болғасын әдейі қытығыңа тие сүйкенгенім де. Мана «балалайкаңды» дегенімде ішің қылп ете қалса да, кәрі тарландығыңа салып ештеңе болмағандай сыр бермедің. Қайта өзімді мазақ қылғандай ләм-мим деместен домбыраңды алып, тарта жөнелдің. Шындығын айтсақ балалайка мен домбыра бір ағайынды болып келетін көрінеді. Бұдан бәленбай ғасыр бұрын көшпенділер, демек сенің бабаларың, біздің бабаларымыздың қалалары мен деревняларын басып ала беріпті. Сарбаздар сонда қанжығаларынан қос ішек тағылған кеспелтек ағашын тастамайды екен. Оны олар «домбыра» деп атаған көрінеді. Жорықтан соң қосының алдына от жағып, тамақ пісіреді екен. Қарындарына ел қонған жауынгерлердің естеріне айлап, жылдап көрмеген ата-аналары, жарлары, бала-шағалары, ел-жұрты, жері түспей ме? Сағыныштан жүректерін саз кернеген олар домбырасын алып «балам, балам» деп мұңаяды, неше түрлі  күйлер шертіп, әндер айтады. Жау кеткен соң жергілікті халық үш тақтайдың басын қосып домбыраға ұқсас аспап жасап алады да, онысын «балалайка» атайды. Сен екеуміз ғой мұның рас-өтірігін білмейміз. Дегенмен бір қисыны бар сияқты. Бұл алма-кезек дүниеде не болмады. Содан кейбіреулер өздерінше тон пішіп, астар  іздейді. Дау-дамай, төбелес шығаруға дайын тұрады. Осы күнгі балалар әзіл-қалжыңыңды көп түсіне бермейді. Сондықтан бұдан былай бұл жөнінде бір-бірімізді мыжғыламай-ақ қояйық. Ақыры қайырлы болсын. Кел, заман тыныштығы, халықтар достығы үшін алып тастайық.

          Қырлы стаканға толтыра құйылған патша аттас ағай әкелген іркіт сияқты сусынды тыжырына сіміріп алған соң, екі дос уыстарын толтыра бір-біріне сүрі еттен асатып жіберетін де, әрқайсысы өз аспаптарын қолдарына алатын.

                        -Мне в холодной землянке тепло,

                         От твоей негасимой любви ...

                         

                        -Қанішер, мейрімсіз жауыздан

                         Аяма, деп едің қасық қа-ан ... -  деп, қосарлана шыққан ән тылсым түннің біруағына дейін өшпейтін.

            -Gut. Sеhr гут. Dankе!* Тағамдарыңыз дәмді болды. Әсіресе бешбармактарыңыз көңілден шықты. Әдеттенбеген соң қолмен жей алмадық. Ыстық әрі сұйық тамақты өздері қайтіп қолмен ішті екен?» - деп күбірлескен топ таңданғандықтарын жасыра алмай гидті қаумалаған  күй сыртқа

 шығып бара жатты.

            Осыдан он-онбес жыл бұрын естіген тракторшы мен диірменшінің арасындағы әңгімені жоғары білімді маманның сөзімен салыстыра бір шешімге келе алмаған мен сілейген күйі орнымда қала бердім.

Автор: Намаз Нұржан, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің магистранты.

 

Жетекші: Жанатаев Д. Ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  философия кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты.