Ұлт мүддесін ұлықтаған – Ұлттық университет

Ұлт мүддесін ұлықтаған – Ұлттық университет
жеке
блог

Ұлт мүддесін ұлықтаған – Ұлттық университет

     Болашағын сапалы біліммен байланыстыруды көздеген әрбір жас талапкердің арманы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсу. Неліктен? Себебі, бүгінде ғылыми-зерттеу институтының біріне айналған оқу ордасында отандық әрі  шетел нарығының сұранысына ие боларлық  білікті де кәсіби  мамандар даярланады.

       Білім көкжиегінің  «қара шаңырағына» айналған университеттің іргетасы 1934 жылы қаланды.  Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев басшылық ететін оқу ордасында бүгінде барлығы 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтары, сонымен қатар, технопарк жұмыс істейді. Студенттерге сапалы білім беретін кәсіби білігі жоғары профессорлар мен оқытушылар құрамы университетте жылдан-жылға көбейіп жатыр. 25000–нан астам студенттер, магистранттар мен докторанттарға 2000-ға жуық профессорлар, доценттер мен ғылым кандидаттары дәріс береді. Оқу барысын тәжірибеде жүзеге асыру мақсатында студенттер құрамы жыл сайын  шетелдік оқу-ғылыми мекемелерде өндірістік тағылымдамадан өтіп, біліктілігін шыңдауға зор мүмкіндік алады.

      Өзінің біліктілігі мен қабілетін, ерекшелігін  көрсетуді көздеген студент үшін білім ордасында жаңа мүмкіндіктерге жол ашылған. Яғни, «оқимын, ізденемін, талпынамын» дейтін  жастардың қанатының қайырылмай, білім кеңістігінде биік самғауы үшін университет қабырғасында барлық жағдай жасалған. Алыс аймақтардан келген студенттер ҚазҰУ қалашығында бой көтерген  жатақханаға орналастырылады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің еліміздегі өзге білім ордаларынан  ерекшелігі – 14 факультетке  арнайы жатақхана тұрғызылған. Осылайша Студенттер үйінде бес мыңнан астам қыз-жігіт  уақытша баспанамен қамтамасыз етіледі.  Бұдан бөлек, басқа да  оқу-әдістемелік және әлеуметтік нысандар студенттердің емін-еркін ізденіп, уақыттарын тиімді өткізуіне әрі алаңсыз білім алуларына мүмкіндік беріп отыр.

      Еліміздегі Жоғары оқу орындарының білім көрсеткіші бойынша ҚазҰУ – алғашқылардың бірі болып Тұңғыш Президентіміздің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының иегері атанды. Сонымен қатар, Quacquarelli Symonds (QS) беделді халықаралық рейтинг агенттігінің өткізген бағалау қорытындысы бойынша, университет «Бес жұлдыз» мәртебесіне ие болды. «QS Stars Rating System» халықаралық көрсеткіші негізінде бұл  марапат   Орталық Азия елдері арасындағы Жоғары оқу орындары бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің басшылығына салтанатты түрде табысталды.

     Кемелденген Қазақстанның келешегі – ойы ұшқыр, арманы асқақ, білімі жоғары ұл мен қыздарымыздың қолында. Осы мақсатты іске асыру тұрғысында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің басшылығы, оқытушылар құрамы аянбай еңбек етіп келеді. Білім көкжиегін кеңейтіп, арман-мақсаттарыңның орындалуына жол ашатын ҚазҰУ қабырғасынан осы уақыт аралығында бірнеше  білім және ғылым  саласының үздіктері, өнер майталмандары  мен елімізге танымал азаматтары түлеп ұшты.

 

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Шет тілі: екі шет тілі мамандығы

2 курс магистранты 

А.Ж.Әбікен