Алматы облысында «JAS OTAU» орталықтары ашылды

Отбасы – қазақы ортадағы қасиетті ұғым. Себебі ол – ізгі тәрбиелік қайнар көзі, мейірім-махаббат бастауы, саналы тұлға қалыптасуына негіз болар басты іргетасы, бал дәурен балғын шақтың жылы естеліктеріне толы ыстық ұя. Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен өсіп-дамуында, өмірде өз орнын тауып, аяғын нық басуында, икемі келер кәсіпті игеріп, табысқа қол жеткізуінде отбасында берген тәлім-тәрбиенің ықпалы өте зор. «Балапан құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді халық даналығы. Ұрпақ өн бойына ізгі адамгершілік нәрін сіңіру, ғұмыр жолында бағыт нұсқар шамшырағындай жарқын үлгі көрсету, өнеге-тағылымы мол дүниелерге, жақсылық атаулыға баулу – ата-ананың басты парызы. Береке-бірлігі, тату тірлігі жарасым тапқан жанұя – салауатты қоғамның басты тірегі. Сүттей ұйыған шаңырақта өзара сыйластық, ыстық сүйіспеншілік, қамқорлық пен түсіністік салтанат құрады. Ал күнара дау-жанжал орын алып, кез келген нәрсе ұрыс-керіске ұласатын, үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидаты қадірін жоғалтқан жанұяда бақ-береке де, ырыс-дәулет те тұрақтамасы анық. Соңғы жылдары қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды түсінігімізге жат ұғымды жиі құлағымыз шалады. Отбасы мүшелері арасындағы өзара түсініспеушілік, бірі өзгесіне әлімжеттік не зорлық көрсету, балағаттау, қысымға алу, қинау әрі қорлау сынды жантүршігерлік фактілер орын алуы, әрине, көңілге қаяу салары анық.
Осы мәселелерді негізге ала отырып, Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «QAZAQSTAN JASTARY» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, осы жылы, үлкен жоба жүзеге асырылды. «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша «JAS OTAU» орталығының қызметін ұйымдастыру» жобасының аясында қиын жағдайға түскен отбасылар мен зорлық-зомбылық тәлкегін тартқандарға тегін қызмет көрсететін әлеуметтік-пихологиялық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер орталықтары Алматы облысының үш ауданында ашылған болатын. Оған қоса, облыс тұрғындарына арналған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу «1302-Сенім телефоны» арқылы білікті мамандардан психологиялық көмек алу мүмкіндіктері берілді. Қызмет тәулік бойы жұмыс істеп, нөмірге қоңырау шалу тегін және қолжетімді жасалған. Нәтижесінде 300-ден аса азаматқа  құқықтық және психологиялық көмек ұсынылған. Жыл бойында әлеуметтік түйіткілдердің алдын алу бағытында түрлі іс-шаралар өткізілген болатын.
Сонымен қатар, аталмыш жоба аясында жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі әкелердің мәртебесі және жауапкершілігін жоғарылату, отбасылық құндылықтарды дамыту және нығайту мақсатында «Әке – отбасының тірегі» атты облыстық әкелер форумы өтті. Жиынға отбасында, бала тәрбиесінде өз жауапкершілігін сезінген белсенді әрі түрлі сала қызметтерінде үлгі көрсетіп жүрген, ұрпағына саналы тәрбие беріп, көпке үлгі болып отырған, көпбалалы әкелермен қатар, жас әкелер де қатысты. Форум аясында олар түрлі тренингтерге қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Бүгінде отбасы тәрбиесіндегі, балалардың бойына патриоттық сезімді дарытып, адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы әке рөлін көтеру мәселелеріне қоғам назарын аудару қажет. Осы орайда, форумда белсенді әкелердің басы қосылып, алдыңғы буынның оңды тәрбиесін, ата-аналар қауымдастығының жұмысын жетілдірудегі өзекті сұрақтарды талқылау сынды бірқатар мәселелерге тоқталып, жиналған қауымның ортақ ұсынысына сәйкес, тұңғыш рет облыстық Әкелер кеңесі құрылды.
Осындай жобалардың арқасында, елімізде біршама әлеуметтік мәселелері өз шешімін табатынына кәміл сенеміз. Отбасы – шағын мемлекет. Отан отбасынан бастау алады. Жанұя бақыты жолында тәуекелге бас тігіп, жауапкершілік жүгіне арқа тосқан жан ғана қоғам алдындағы азаматтық борышын адал өтей алмақ. Бұл – еш жерде жазылмаған өмір заңы. Сол себепті ой-санасы, сезім сарайы, жан дүниесі үйлесімді тұлғаны бақыт мекені-отбасында тәрбиелеп өсіру – баршамыздың адами борышымыз екенін сәл де болса естен шығармауымыз қажет.
 



Бөлісу: