Жас лидерлер форумы өтті
жеке
блог

Жас лидерлер форумы өтті

Мектептердегі өзін-өзі басқару ұйымдары президенттерін, форум делегаттарын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева құттықтады:

– Биылғы дәстүрлі форум Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған, «Менің жауапкершілігім – біздің болашағымыз» ұраны NIS президенттерінің басты қағидаттарының бірі – командадағы көшбасшы, мектептегі көшбасшы, өмірдегі көшбасшы принциптерін растайды.

 

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының лидері Жалғас Тлеумуратин қатысты.

 

Екі күн ішінде форумға түрлі саладағы танымал кәсіпқой мамандар, сондай-ақ Зияткерлік мектептердің түлектері қосылды. Психология ғылымының докторы, «SKILLFOLIO» білім беру платформасының негізін қалаушы Виктория Шиманская Мәскеуден байланысқа шықты, ол Зияткерлік мектептермен ұзақ уақыт бойы табысты жұмыс жасап келеді. Онлайн семинарда форум қатысушылары жеке және командалық тиімділікті дамыту тәжірибесі мен дағдыларын талдады.

 

Форумда елордалық НЗМ халықаралық бакалавриат мектебінің түлегі, қазіргі уақытта Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің студенті Нұрпейіс Баймұханды «What is Leadership?» тақырыбында баяндама жасады:

 

– Ең алдымен өз өміріңіздің көшбасшысы болыңыз, алдыңызға үлкен, қол жетпестей көрінетін мақсаттар қойыңыз. Оларға қол жеткізген сәтте, одан да жақсы нәтиже бере алатын күшке ие боласыз, әрі қарай жүруге талпынасыз. Өзін-өзі жеңу – көшбасшыны өмір бойы жетелейтін басты қасиет.

 

Пікірталас алаңында көшбасшылар «NIS оқушыларының патриоттық, зияткерлік, физикалық, мәдени дамуында білім алушылардың өзін-өзі басқару ұйымының рөлі қандай?» өзекті мәселе бойынша баяндамалар жасады. Әр Зияткерлік мектептің көшбасшысы түрлі бағыттағы эксклюзивті жобаларын ұсынды.

Тәуелсіздік феномені, түрлі мәдени ағымдарға көзқарас, ХХІ ғасырдың басым мамандықтары, әлемдік және қазақстандық бизнестегі бос нишалар, сәтті немесе сәтсіз стартаптар, жаһандық сипаттағы инновациялық трендтер – осы және өзге де тақырыптарды форумның арнайы сессиясында «KPMG Central Asia» компаниясының маркетинг жөніндегі директоры, шақырылған George Washington University профессоры Данияр Қосназаров ұсынды. Face to face форматындағы кездесуде спикер өмірлік траекторияны құру туралы өз ойларымен бөлісті:

– Өршіл болыңыз, көкжиегіңізді кеңейтіңіз және өміріңізге түбегейлі өзгерістер енгізуден қорықпаңыз. Бұл көшбасшы бойындағы басты қасиеттерінің бірі.

 

– Форум мен ойлағаннан да асып түсті. Республика бойынша Зияткерлік мектептердің көшбасшыларымен танысу, мықты спикерлермен кездесу, тәжірибе алмасу, ашық спитчтер, жаңа идеялардың тууы – осының барлығына екі күнде қол жеткізе алдық. Мектебіме шабыттанып, үлкен жоспарлармен оралып жатырмын, – дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы NIS президенті Жалғас Тлеумуратин.