«Қазақстан болашағы – жастар»

«Қазақстан болашағы – жастар»
жеке
блог

2021 жылдың 6 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  түркітану және тіл теориясы кафедрасының  «Жас лингвист» клубы Құлмат Өмірәлиев атындағы ғылыми-білім беру қорымен бірлесе отырып мектеп оқушылары арасында «Қазақстан болашағы – жастар» тақырыбындағы эссе байқауын өткізді. Эссе байқауына Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Үшбұлақ елді мекенінде орналасқан Қ. Өмірәлиев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 9-11 сынып оқушылары қатысты.

Эссе байқауы бір айға созылды. Қатысамын деп қызығушылық танытқан оқушылар саны көп болды. Іріктеу кезеңінен үздік деп танылған 12 оқушының жұмысы негізгі кезеңге жолдама алып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  түркітану және тіл теориясы кафедрасының  оқытушы-профессорлық құрамына тексеріске жіберілді. Сарапшылар әр эссенің мазмұнымен толыққанды танысып, эссеге қойылған талаптардың орындалуын ескере отырып, оқушылар арасында жүлделерді үлестірді.

Байқау қатысушыларының барлығына алғысхаттар беріліп, жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Жүлдегелердің барлығына Құлмат Өмірәлиев атындағы ғылыми-білім беру қоры атынан ақшалай сыйлықтар табысталды. Қордың атынан демеушілік көрсетіп отырған көрнекті тіл маманы, түркітану және әдебиеттану мәселелерін зерттеген атақты ғалым Құлмат Өмірәлиевтің ұлдары Нұрғалым және Дәурен Өмірәлиевтер мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  түркітану және тіл теориясы кафедрасының  профессоры болып қызмет ететін, филология ғылымдарының докторы, әкесінің ғылымдағы жолын жалғаған қызы Жанар Құлматқызы Ибраева.

Эссе тақырыбының «Қазақстан болашағы – жастар» деп таңдалуы тегін емес. Тақырып таңдаудағы мақсат тәуелсіздік қарсаңында балаларға еліміздің тарихы туралы ой салып, еліміздің болашағы ретінде Отан алдында әрқайсысының парызы мен борышы бар екенін ұғындыру болып табылады. Жастарға үлкен жауапкершілік жүктелген.  Тәуелсіз Қазақстан өскелең ұрпаққа берілген бабалар қалдырған мирас екенін әр бала түсініп өсуі тиіс.

Эсселерді тексеру барысында  сарапшылар оқушылардың сөздік қоры бай, сөз саптауы жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оған қоса, оқушылар тарихи деректер туралы білімінің молдығын және тарихи оқиғаларды біліп қана қоймай, олардың өзара байланысын түсініп, сабақтастыра алатындарын көрсетті.

Эсселермен танысу барысында Қ. Өмірәлиев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің оқушылары болашақта Құлмат аталары сияқты жас кезінен бастап ел игілігі үшін, Қазақстанның ғылымы ен білімі үшін еңбектенгісі келетін жазған. Көрнекті ғалымның есімі берілген мектептің балалары ғалымның дүниеден ерте өтсе де, қазақ тілтанымы мен әдебиеті үшін құнды зерттеулер жүргізіп үлгергенін өздеріне үлгі санайтынын көрсеткен.

Мектеп оқушыларын ел тағдыры, ұлт болашағы алаңдататындығы кеудеге қуаныш пен мақтаныш сезімін ұялатады. Жас ұрпаққа дұрыс бағдар, тиісті тәлім беріп жатқан Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Үшбұлақ елді мекенінде орналасқан Қ. Өмірәлиев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің басшылығы мен ұстаздар ұжымының еңбегінң зор екенін атап өткен жөн деп есептейміз.

Республикамыздың шалғай аудандарындағы мектеп оқушыларына қолдау білдіріп, қанаттарын кеңге жаюына септігін тигізуге тырысып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұжымына да ерекше ризашылығымызды білдіреміз!

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ж.К. Ибраева

Аға оқытушы Г.С. Нәбиева

Оқытушы Б.М. Мырзабек