Бастама түбі қайырлы болғай

Осыдан бірер жыл бұрынырақ болу керек, оңтүстік астанамыздағы М. Мақатаев атындағы №140-мектеп-гимназиясындағы 8-сынып оқушыларының наурыз мейрамына арналған мерекелік бағдарламасы өтеді екен деп естідік. Біраз ата-ана: «Әй, қойшы соларды. Даңғаза қазақ әдеттегісінше, әшейінде жоқ-жоқ деп зарлағанымен міндеттемемен жиналған қазы-қарта, жал-жая, көже, палау ... , кәмпит-бауырсақты көл-көсір қылып шашып тастар. Арақ-шарабы да болар. Жылда айта-айта жауыр болған жыр-терме, бірер тақпақ пен дәстүрлі көріністерді көре отырып тамаққа сылқия тояр. Дастархан жарыстырып,  берілген орындарға риза болмай  алакөзденіп тарқар» - деп, барғылары келмегендіктерін жасырмады. Жоқ, обалы бекер, бұл жолы олай болмады. Әр сынып бір команда құрыпты. Әрқайсысының өз аты, ұраны, әнұранына дейін бар.  Спортшы формасын киген өрендер лек-легімен кәдуілгі олимпияда ойындарына келген шабандоздарша  сап түзеп, акті залына кірді. Салтанаты анау-мынау мерекеңе бергісіз десе де болар еді. «Әттең, қашан біз осы бос дарақылықты, көрсеқызарлықты, талғамсыз еліктеушілікті қояр екенбіз» - деп қынжылып жүрген кез. Мына көрініске әжептеуір марқайып, арқамыз кеңіп сала берді. Жарыс басталып та кетті. Асық ату, күрес, арқан тартыс, аударыспақ, соқыртеке ... . Қайсыбірін айта берейін, қазағымда шеберлікке, қайсарлыққа, ұшқарлылылыққа, ұстамдылыққа, жігерлілікке баулитын сан түрлі жарыс ойындарының бар екендігіне куәгер болып, едәуір желпініп қалдық. Ине шаншар бос орын қалмаған залдың қабырғалары жанкүйерлердің айқайынан жарылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Делебеміз қозып, тақымымызды қыса гөй-гөйлеп отырған біраз ата-ана біруақта аяғымызға  қап киіп алып қалай атойлай шауып келе жатқанымызды байқамай да қалыппыз.  Қарғадай қарадомалақтарымыздың бойларында сан-алуан өнердің бар екендігін бұдан бұрын неге байқамай жүрендігімізге қайран болысып,  үйді-үйімізге кәдімгідей мерейіміз өсіп қайттық. Ұйымдастырушы ұстаздар мен оларды қолдаушы мектеп әкімшілігіне деген ризашылығымызда шек жоқ. Шын жүректен рахмет айтпаған пенде қалмаған шығар.

                Ал күні кеше –ғана дүниеден озған тарлан жазушы, дарабоз жорналшы Сейдахмет Бердіқұловты еске алу үшін өткізілген дүбірлі той ше? Сол күндері орталық стадионның жанындағы кіші алаңға барғандар да, бармағандар да арманда шығар! Тұлымдары желкілдеген бүлдіршіндер мен таяққа сүйенген қариялар, әуелі қырқынан шығар-шықпас сәбилерін бауырларына басқан жас жұбайлар да сонда. Екі күн бойы ақпарат құралдары мен баспа қызметкерлерінен құралған 34 футбол командаларының жанкешті өнерлерін зор құштарлықпен тамашаладық. Тамашалап қана қойған жоқпыз, көмейіміздің шамасы жеткенше жанымызды сала бар даусымызбен бірге ойнадық.

                Екінші күні алғашқы ойындардың бірінде ұтып, бірінде ұтылып келесі айналымға өте алмай қалған команда мүшелері де келді. Өздерін кеше шаң қаптырып кеткен әріптестеріне шын пейілдерімен барынша үн қосты. Нағыз кеңпейіл, ақжүрек, ер мінезді жандар екендіктерін танытты. Жарыстың шырқау биігі «Егемен Қазақстан» мен «Тамос» командалары араларындағы жекпе-жек болды. Жараған бәйге аттарындай шымыр да ширақ апайтөс жігіттердің қимыл-әрекеттері кәсіпқой футболшыларға бергісіз еді. Негізгі уақытта бірін-бірі ала алмаған екі команда қосымша уақытта да итжығыс түсті. Тек пенльти кезінде «Егемен Қазақстан» командасының қақпашысы Бауыржанның шеберлігі кубоктің тағдырын шешіп берді. Жүректері  жарыла шын қуанған жанкүйерлердің кейіптерін көргісі келгендердің дәл сол мезетте сол жерде болулары керек еді. Ойыншылардың шеберліктері, ойынның тартымдылығы жайлы сөз бастап алсақ аяқтауымыз мұң болар. Қорытып айтсақ негізгі мақсатты ардақты ағаға деген ілтипат, сол кісінің рухына бағышталған шараның арқасында денсаулық пен рухани байлықтың бірден-бір кепілі әрі демеушісі спортқа деген кейінгі ұрпақтың пейілі екендігі айқындады.

                «Әттеген-ай» - деген жерлеріңіз болды ма деп сұрамақ болсаңыз: «,Апыр-ай, Бәленбай команданың өкілі Түгенбай қарсыластар қақпасына доп соқты» - деуге осында жүргендердің 99 пайызын құрайтын қаракөздердің тілі жарамай қалғаны ма?» - деп толқып тұрғанымда, көзіме осы думанның басы-қасында жүрген қазақтың біртуар ұлы Мұхтар Құл-Мұхамет мырзаның түспесі бар ма. Қасындағы Шерағаң екеуіне жақындап кеп іртік-іртік ойымды түйдек-түйдегімен ақтара салыппын.

                Мереке әдеттегідей аралас тілде аяқталды. Оған да шүкір. Осындай күнге жетеміз бе, жоқ па деп, дүдәмал күй кешіп жүргеніміз күні кеше-ғана емес пе еді? Шын өркениетке енді ден қоя бастаған сиқтысың, Қазекем. Тілім тасқа! Іске сәт!

Автор: Намаз Нұржан, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің магистранты.

Жетекші: Жанатаев Д. Ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  философия кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты.



Бөлісу: