Тұғырлы тәуелсіздік.

Тұғырлы тәуелсіздік.
жеке
блог

Тәуелсіздік. Ерең еңбекпен, құрбандықпен, қан мен тердің арқасында алынған тәуелсіздікке биыл 30 жыл толыпты. Тура 30 жыл бұрын қазақ жастары ызғарлы желтоқсанның аязына қарамастан, болашаққа деген ынта жігермен, бойдағы үміт сәулесімен бостандық үшін көтерілген болатын. Олар тәуелсіздікті қалады,еркіндікті арман етті. Отты айналған кебенектей кішкене ғана жандарын шүберекке түйіп, жалынды жастар көтеріліске шыққан еді. Аяқтары мен қолдарын үстірген аяз бен суық қаруланған кеңес жендеттерінен жасқанбады. Бәрі қазіргі біздің қолымыздағы тәуелсіздік үшін еді. Тұран ойпатында орналасқан, қазақ халқының қамы үшін сіңген еңбек болды. Ер жігерлі, от жүректі жастардың отан мен өскелең ұрпақ үшін болған қозғалысы, "Тәуелсіз Қазақстанның" негізін қалады. Қазіргі қазақ елінің егемен өмірінің бастамасы болды. Жаңа буын, болашақ ұрпаққа мәңгілік елдің кірпішін қалап берді.Нағыз ұлттың ұландары елі үшін қалай қаймықпай,тайсалмай ерлік көрсететінін айқындап бергендей. 

        Тәуелсіздік – барлығымыз үшін бағалы мұра. Бірлік пен татулық біріккен күн. Ел тәуелсіздігі - ең алдымен халқымыздың  бақыты, ата – бабамыздың шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы саналады. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың  асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді.

          Міне, бүгінде сонау жылдарды еңсеріп Тәуелсіздігімізге 30 жыл толғалы тұр.  Бір жағынан қарасаңыз, аз уақыт, екінші жағынан, осы жылдары Елбасының баянды басшылығы мен халықтың бірлігінің арқасында үлкен асулардан өттік. Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.  Ата-бабаларымыздың асыл арманы – тәуелсіздік ақыры бұйырды. Осы бақытты күндердің ұзағынан болуы өзімізге байланысты. Себебі, біз келешектің кемелі болар білімді, инновациялы, интеллектуалды  ұрпақпыз.  Сондықтан қазіргі жастар терең білім алса елге адал қызмет атқаратыны даусыз. Еліне адал қызмет ете білу – Отанын сүйетін нағыз патриоттардың ғана қолынан келеді.

        Бірде Елбасы: «Отанды сүю – ерекше бақыт, ал оның аптабына күйіп, аязына шыдау әркімге бұйыра бермейтін бөлек дүние. Оның жолында оза шапсаң да, шоқтай жансаң да, жанып жатып арманда қалсаң да жарасады. Бұл – ата-бабаларымыздың асыл арманы. Біз тәуелсіздікті бабалардың нақылымен, халқымыздың парасатты ақылымен алдық. Тәуелсіздік – тарихтың толқыны, шайқалмай, уақыттың соққысын байқамай өз бетінше тұратын тұғыр ғана емес, оны қолда ұстап тұратын тек шарболаттай шындалған рух, наркескен жаңашыл мінез, арайлы ақ таң үшін күрес. Міне, мәңгілік жасайтын елдің өмірлік ұстанатын кепілі – осы» деген еді. 

Бүгінде, татулығы мен ынтымағы жарасқан Қазақстан, күн сайын жаңа кейіпке еніп, қазақ халқына ғана емес, өзге ұлт-өкілдерін тамсандырып, жырға толы таңғажайып сырын шертіп,гүлденіп келеді. Мұның барлығы тәуелсіздігіміздің үлкен бір жемісі деп білемін. Көк байрағы көгінде желбіреген, еркіндік сүйген елде зайырлы өмір сүру кейбір елдерге қол жетпес арман. Қазір біз бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз.    

         Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп келе жатқандығына да 30 жыл. Осы уақыт ішінде Қазақстан әлем елдеріне  жеке дара ел екендігін дәлелдей білді. Артта 30 жылды қалдырып, «Рухани жаңғыруға» да бет бұрдық. Мәдениетімізді тек материалды тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан игере бастадық. Нақтырақ айтатын болсақ, салт-дәстүріміз мен дінімізді, діліміз бен тілімізді қайта жаңғырта бастадық. Әлдеқандай еркіндік сезілгендей. Әрине, біз әлі баламыз, өткен шақта аға-әпкелеріміз, ата-апаларымыз қандай күй кешкенін білмейміз. Десекте, сол кісілердің айтқан әңгімелерінен өзімізге керегін алып отырамыз. Жаңғыру демекші, бойымызды кернеген шабыттан туған шумақтарымызбен бөліскіміз келіп отыр: 

 Жаңашылдық - жаңғырудың жол басы ,

Рухани жетiлудiң арнасы .

Ата - баба дәстүрінен басталған ,

Жастарменен куат алар жалғасы !

Саналы ұрпақ жаңғыруды қолдайды ,

Білім - ғылым ешқашан да тозбайды .

Келешекке бағыт - бағдар беретін ,

Жолдау жолы - жаңғыруды қозғайды .

Елім, жерім бабалардың көзісің .

Рух пен тілім ажырамас егізсің!              

Жоғалтпаймыз елімнің мол байлығын,

Осылайша әр жас мұны сезінсін!

Бұл байлықты ұрпақтарың жаңғыртпақ ,

Құрметпенен жалғастыра қорғайды .

Бұл жанғыру ендi бiзге аманат ,

Мәңгiлiкке рухы бiздi қолдайды !

Керуенi келешектiң болған соң ,

Иықтағы көтерген жүк аумасын.

Сiлкiндiрдi бұл бастама бiздердi ,

Жүректегi алау оты лауласын !                

 

            Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, біздің тірегіміз – тәуелсіздік, жылдар бойы ата-бабамыз аңсаған-бостандығымыз. Әрбір қазақтың  бойына жігер беретін ерекше бір сезім. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз талай шыңдарды бағындырып, мұраттарға қол жеткізді. Жоғарыда айтқанымыздай,  тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайтпас рухының жемісі. Сондықтан да, біз үшін Тәуелсіздік күні – ұлы күн. Тәуелсіздік – талай жанның қиылған өмірі, соның арқасында бізге, өскелең ұрпаққа жеткен үлкен бір бақыт деп білеміз. Арысы қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті екені мәлім. Қазақта «Отансыз адам , ормансыз бұлбұл» деген нақыл бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. 

Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн, бақытты күн. Осы бақытқа ие бола отырып, міне бүгін де тәуелсіз елдің ұландарымыз! Кеудемізді соғып тұрып айтатындай бұл жеңіс талай ашық аспанда, жарқыраған күн астында өмір сүруімізге мүмкіндік беруде. Қолымызға  ұстатқан бұл қастерлі тәуелсіздікті өшіріп алмау да, ұшырып алмау да мына біздердің, яғни өскелең ұрпақтың қолында. Тәуелсіз аспанда арайлап атқан әр таңымыз барлығымыз үшін де бағалы әрі құнды. Осымен ойымыз өз қорытындысына жетті. Тәуелсіздік туралы қанша ауыз толтырып айтсақ та артық емес. Себебі бұл халықтың жаны жайсаң өмір сүруіне тікелей қатысты құндылық. Көгілдір аспан ашық түстерден басқа түске боялмаса екен дейміз. Біз ең бақытты ұрпақпыз!