Абайдың Құдай, дін философиясы
блог
Халқымыз асыл дінімізді дәстүрге сіңіріп, күнделікті әдет-ғұрыпқа байлаған, діндегі ақиқаттарды ғана ғылым деп тапқан. Құранды хақ деп танып, ислам дін шеңберінде тәлім жасаған. Ислам діні туралы өткір ойлар ұлы ақын Абай атамыздың шығармаларында көптеп кездеседі. Хақ дінді өз шығармаларында жырлау арқылы Ислам дінін қазақ танымға жақын етіп жеткізе білген. Абайдың шығармаларындағы әр ойлары дін туралы пікірлермен сабақтасып, тұтас қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды.
Абайдың дінге деген көзқарасы өте күрделі. Ақын шығармаларында ислам міндеттері, бес парыз, әдеп асыл дінімізді түгел қамтылған десек болады. Яғни, Абай - кәміл, жан-жақты үйлесімді жетілген толық мұсылман.
Айталық, ислам тазалыққа ерекше көңіл бөлген. Сыртқы тазалықпен қоса ішкі рухани тазалыққа да айтарлықтай мән берген. Өйткені, сыртқы тазалық пен ішкі тазалық үйлескенде ғана адамның жаны нұрланып, жасаған құлшылықтары қабыл болмақ. Абай атамыз да өз өлеңінде халыққа Ислам дініндегі тазалықты дұрыс насихаттау керектігін, сыртқы тазалық пен қатар ішкі рухани тазалыққа да соншалықты көңіл бөлу керектігін өлеңіне арқау етеді:
"Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
Хүснізан мен иманды білді ойлаған.
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай
Сыртын қанша жуғанмен іші оңбаған…"
Ішкі тазалық - жүректің тазалығы, көңілдің пәктігі, ниеттің дұрыстығы адами қасиеттердің кемелдігін құрайды. Жүректі таза ұстау жөнінде Пайғамбарымыз былай дейді: “Адам баласының денесінде жұдырықтай ет бар. Сол жақсы болса, бүкіл дене (іс-әрекет) дұрыс болғаны. Ол бұзылса - бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар, ол - жүрек”. Және бір сөзінде “Әр затты кір шалғаны тәрізді жүректі де кір шалады. Оны тәубамен, кешірім тілеумен тазалап отырыңыздар” делінген. Абай атамыз 17 қарасөзінде де:
“…Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не?” - деп жұдырықтай жүректің қызыметін көрсетсе:
“…Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы” - деп жүректі таза ұстау керектігін насихаттайды.
Абай мұсылманың бес парызының ең бастысы әрі негізгісі, ол - Алланың бар екендігіне, Құран оның сөзі, ал Мұхаммед пайғамбар оның елшісі екендігіне иман келтіріп, сенуі шарт деп көрсетеді.
"Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Мумин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,
Тәуилін білерлік ғылымың шақ".
Аллаға иман келтіріп, бар болмысыңмен, жан тәніңмен сүюді үгіттейді. Абай: “Алла Тағала адамзатты махаббатпен жаратты. Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз іс емес пе?” - дейді 38 қарасөзінде.
Абайдың шығармаларындағы әр тақырыбы дінмен сабақтас. Дүниелік, бар ойы “өмірден алу”, тартысу, жеп қалу сынды адамдарды сынап, “дүние, мүлік ол не және кімге тиесілі” деген сауалдарға дін шеңберінде үн қатады.
"Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде
Сонда ойла, болады не сенікі?"
Өлең жолындағы “Оныкі” дегенін Алла Тағаланы, оның ризығын бейнелегенін аңғарамыз. Мәңгілік тек Алла екенін, алымның қайтарымы барын осы бір өлең жолымен ұғындырады.
Қорытындылай келе, ұлы ақын, ойшыл, философ Абай шығармалары халқымыздың асыл мұрасы. “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан” деп ұрпағын өмірден өз орынын табу үшін ислам дінінің философиясын жоғары деңгейге көтере отырып, Хақ жолды шығармаларында көрсетеді.
Данат Жанатаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты;
Шман Сағди Қуанышұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты.