Білім қалашығы – ҚазҰУ

    Жас ұрпақтың санасына құйылған білім – еліміздің кемел болашағына қаланған кірпіш.

    Мектеп – оқушының қабілеттері мен талантын, потенциалын ашатын, барлық ғылым салаларынан хабардар ететін алғашқы баспалдақ. Сол баспалдақтың өзінде – оқушы жанына жақын салаға бет бұрып, болашағын ерте қолға алуы керек.

    Әр түлек өз кезегінде – таңдауы түскен сала бойынша жоғарғы оқу орнын таңдап, жарқын болашаққа қадам жасайтын тұлға. Оқу ордасы беретін білімнің сапасы – еліміздің бүгіні мен ертеңі. XXI ғасыр ғылым мен техниканың дамыған заманы. Еліміз осы тұста – іздеуші, саналы ұрпаққа сапалы білім беретін көптеген жоғары дәрежелі оқу орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Барлық білім қуған ұл-қыздар сол білім ордаларында оқуға лайықты.

    Мен де осындай бетке ұстар оқу орнының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2-ші курс студентімін. Журналистика факультеті, баспа ісі мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Осында оқуға түсуім – пандемияның әлемдік деңгейде белең алып жатқан кезеңіне тұспа-тұс келді. Салдарынан, өзімізге таңсық, жаңа онлайн форматқа көштік. Осындай көлемді өзгерістерге қарамастан, білім беру-білім алу сапасы еш төмендеген жоқ. Оқу процесінде тізбекеп айтар қиындықтар да аса көп орын ала қоймады. Араға бір жыл салып, бұл жаңа форматтың да уақыты шегіне жетті. 2-ші оқу жылында жаңа достарыммен көріскеніме, университет табалдырығын нағыз студент ретінде аттағаныма мыңдаған студенттермен бірге қуандым. Сол кезде бір дүниеге көзім анық жетті.

    Тарихы тереңге тамыр жайған білім ошағы – әр білімпазға құшағын кең жая – барлық мүмкіндіктерге жол ашып тұр. Әр студет жан-жақты дамып, ізденіс жолына түсіп жүр. Көңіл қуантар бағдарламалар, ойын-сауық және шығармашылық кештер, ұйымдар мен студенттік жиналыстар, креативті талап ететін жарыстар университеттің өз балаларына – дара тұлға болып қалыптасуына ықпалын тигізеді. Бұдан басқа, күнделікті өтетін сабақтардың жөні бір бөлек. Мамандық бойынша оқытылып жүрген әр пәннің маңызы зор. Мамандық бойынша бізге берілген тапсырмалардың бірі – БАҚ-та, басылымдар бетінде байқалмай кеткен редакциялық, стилистиқалық, мағыналық қателерді табу. Осындай тапсырмаларды орындау барысында мамандығымның маңыздылын байқадым. Осы тұста ҚазҰУ-дың, оның ішінде журналистика факультетінің ұстаздарына алғыс айтқым келеді. Әр күні арамыздағы жүздеген шақырымдарға қарамастан, санамызға тың ақпарат ұялатып, білім шыңына жетелеп жүрген оқытушылардың арқасында – өзімді нағыз редактор секілді ерекше сезіне бастадым. Баспа ісі мамандығында оқып жүргендіктен – баспа өнімдеріне жаңаша көзқарас та қалыптасты.

    ҚазҰУ – жоғарғы оқу орындарының ішінде үздіктердің үздігі. Білім қуған түлек ҚазҰУ қалашығынан барлығын табады. Атап айтар болсам: ғылыми зерттеу институррары, технопарк, біліктілікті жетілдіру институты, 16 факультет, ғылыми орталықтар – қала ішіндегі қалашықта орналасқан. Университет аумағында студенттерге арналған жаттығу залдары, спорт комплексі, кітапхана мен оқу залдары және студенттер срайы тағы бар. ҚазҰУ-дың есіктері армандарын мақсатқа айналдырған, оларға жетуге құлшынысы бар азаматтарға әрдайым ашық. Еліміздің болашағы жас ұрпақтың қолында.

 

Пайдаланылған әдебиет:

https://www.kaznu.kz/kz/3275/

 

Авторы:

Сатыбалдиева Рауана

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Журналистика» факультеті, «Баспа ісі» мамандығының  2-курс студенті



Бөлісу: