Абай шығармаларындағы қаратпа сөздер.

Абай шығармаларындағы қаратпа сөздер.
жеке
блог

Қаратпа сөздерді зерттеу тарихы көне дәуірден басталып, қазіргі уақытта да өзектілігін жойған жоқ. Тіл ғылымының қазіргі даму кезеңі тілдік процестер мен құбылыстарды зерттеудегі жаңа көзқарастар мен ұстанымдармен сипатталады. Көркем шығарма оқырманға бағытталғандықтан, онда «автордың бейнесі», «шығарма кейіпкері», «оқырман» сияқты категориялар көркем мәтінге негізделген сілтемелерді зерттеудің өзектілігі болып табылады.

    Абай Құнанбаев лирикасында жалпы тілдік жүйеге негізделген қаратпа сөздердің қолданылуы арқылы автордың оқырманға үндеу ретінде жеткізген  ой-пайымдауларын аңғарамыз.

   Ақын шығармаларында қаратпа сөздердің алатын орны ерекше. Поэтикалық мәтінде қаратпа сөздер тек экспрессивті және эмоционалды құрал ғана емес, сонымен қатар мәтін композициясын дамытуға және құруға, көркемдік мағынаны білдіруге қатыса отырып, болып жатқан оқиғаға автордың көзқарасының эволюциясының көрінісі және маңызды мәтін құраушы сөздер тобы. Абай лирикасында ақынның шығармашылық бейімділігін және оның эволюциясының кезеңдерін өз тұтастығында көрсететін қаратпа сөздер ақын өмірінің тарихи-өмірбаяндық деректерін, шығармалардың мазмұны мен тақырыптық ерекшеліктерін айқындайды.

      Ақын  шығармаларына жалқы есімнен гөрі, жалпы жұртқа, тұтас халыққа арнап айту тән. Мысалға:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, 
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

  Ақын үнінде мұң, айбар, реніш, кек бар. Өз халқын бөліп-жармай, түгел қамтып, тұтас шолып, баршасына бағыштап айтылған өлеңнің әлеуметтік салмағы орасан зор.

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, 
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат. 
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік 
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат. 

Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің, 
Сәулең болса, бермен кел талапты ерің. 
Жан құмары дүниеде немене еккен –  
Соны білсең әрнені білгендерің. 

    Бұл өлең жолдарының алдыңғы өлеңдермен үндес, сарындас болғанмен, кейінгі өлеңде ақын сөзін «Жігіттерге» қаратып айтып, жастар алдындағы ағалық ниеті, ұстаздық ғибраты тікелей оқу, білім, ғылым төңірегінде ғана болмай, өмірдегі адамгершілік іс, достық пен татулық, адалдық секілді әлеуметтік-этикалық биік қасиеттерді үлгі етіп, өсиет қылады.
     Ақын, сонымен қатар өз шығармаларында «Сен» есімдігін  қолданбай, әр бір оқырманның әр сөйлемді өзіне бағыттап қабылдауына ықпал етеді.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, 
Сонда толық боласың елден бөлек. 
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек, немесе

Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де - бір кірпіш, дүниеге 
Кетігін тап та, бар қалаң!

    Махаббат, сүйіспеншілікке толы өлеңінде де қаратпа сөз иесі құпия сақталған:

Ғашықтық, құмарлықпен - ол екі жол, 
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол. 
Сенен артықжан жоқ деп ғашық болдым, 
Мен не болсам болайын, сен аман бол. – Мұнда ақын «оған» деген ғашықтық сезімін, жүрек күйін жан қажеті деп сезінеді. Және сездіруге тырысады.

    “Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?”-дей келе ұлы Абай «жүрегіне» де үн қатады, сырласады.
Жүрегім, нені сезесің 
Сенен басқа жан жоқ па? 
Дүниені, көңілім, кезесің, 
Тиянақ жоқ па, қой, тоқта! - Оның лирикалық кейіпкерінің махаббаты тек талапшыл және құмарлықты ғана емес, сонымен бірге құрбандық, кейде мұңды немесе шарасыз, бірақ көбінесе жанашырлық пен адалдыққа қабілетті. Бұл қасиет Абайдың көптеген өлеңдерін шын мәнінде халықтық, эпикалық етеді.

     Абай лирикасы сан қырлы, тақырыбы кең, реңктері әртүрлі. Қоғамдық-саяси, философиялық, моральдық, сатиралық мазмұндағы шығармаларында әдебиет пен өмір арасындағы байланысты суреттейді. Ақын осы жолда түрлі көркемдегіш құралдарды шебер қолданаған. Қаратпа сөздер өлеңге бейнелі, айқын экспрессивті және эмоционалды реңк береді.

     Қорытындылай келе, Абай  шығармаларының айрықша белгісі – үндеу, арнау құралдарының өзіндік жүйесінің болуы екенін тағы да атап өтеміз. Ал қаратпа сөздер, бұл жүйенің ең маңызды құрамдас бөлігі, олар кең және жан-жақты қолданылады.

                                                                                                        Қуандықова Гүлжайна

                                                                      Әл-Фараби ат.ҚазҰУ-інің 2-курс магистранты