"Құтты біліктегі" руханият мәселелері

"Құтты біліктегі" руханият мәселелері
жеке
блог

         Адамдарды моральдық азғындықтан, сезімдік жадаулықтан құтқаратын бір күш бар. Оның аты – руханият. Руханият қоғамды әлеуметтік-экономикалық құлдыраудан да алып шығады.  Ол- адамның дүниетанымының кеңдігінен, жанының нәзіктігінен, санасының жоғарылығынан, әділеттілік үшін белсенділігінен, өзгелерге қайырымдылығы мен ізгі ниетінен көрініс беретін ішкі әлемі. Осы руханият мәселесі түркі тілінде жазба әдебиет әлі тәжірибе жинай қоймаған уақытта жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында тереңнен қозғалады. Дастанда бар болғаны төрт-ақ кейіпкер болса да, осы төрт кейіпкердің  сұрақ-жауап, диалог, монологы арқылы оқырманды адамгершілікке, кемелдікке,  ізгілікке дәріптейді. Бүгінгі жұмысымда осы баласағұндық ғұламаны толғандырған, шығармасында көтерілген руханият мәселелеріне баса назар аударатын боламын. Бұл жұмысты жазу барысында А.Қыраубаеваның, Н.Келімбетовтің, Х.Сүйіншәлиев және т.б. ғалымдардың еңбектерімен таныса отырып, берілген тақырыпты ашуға тырыстым.

 

Кіріспе бөлімде айтып кеткенімдей, дастаннның мән-мағынасы төрт кейіпкер негізінде құралған қарапайым сюжетінде емес. Мұндай сюжет дидактикалық шығармаларда тек көмекші қызмет атқарады. Н.Келімбетовтың айтуынша, бұл дастанда көтерілген басты мәселе – шағарма қаһармандарының басынан өткізген оқиғаларында емес,  сол қаһармандар арқылы айтылатын автордың өсиет-уағыздары мен ғибрат сөздерінде, сұрақ жауаптарында жатыр.[2,196] Дастанда автор ерекше мән беріп жазған маңызды мәселенің бірі – адамдардың бір-бірін құрметтеуі, ізет көрсетуі, сыйлауы болып табылады. Баласағұнидің ойынша, адам баласының қадір-қасиеті – білім мен ақылда. Ал ол – кемелденудің алғашқы жолы ғұламаның білім жайындағы ойлары мұсылманшылдықтың бір парызы – ғылым іздеу екенінен шығады. [1,107]

Ақыл қайда болса, ұлылық толады.

Білім кімде болса, сол білікті болады. [4]

Cонымен қатар,  ақын өлең жолдарында ізгілікті адамзат үшін ең қажетті қасиет деп таниды да:

         Ізгілік – оң, Ессіздік – сол, жүгің – Ар,

            Оңың – ұжмақ, солың – тамұқ, біліп ал! [4] – деп жырлайды.

Мұнымен бірге даңқ пен дәулетке мастанбауға, әділеттің жолын қуып, шыншыл болуға, нәпсіні тыйып, сабырлы болуға, сараңдық пен ашкөздіктен аулақ болуға дәріптеп, өз пайдасынан гөрі ел пайдасын ойлауға шақырады. Оны төмендегі жыр шумақтарынан байқауға болады.

        

Бір орында Су, Сөз, Дәулет тұрмайды,

            Жиһангерлер жүре бермей тынбайды.

 

            Әділ болсаң қараға – ақ, аққа – жақ,

            Ұрпақтарың жақсы атыңды сақтамақ.

 

            Егер қайғы жараласа жаныңды,

            Күт сабырмен туатын шат шағыңды.

 

            Адам ба адам өз пайдасын көздеген,

            Адам нағыз – ел пайдасын діттеген. [4]

Ақынның осы жолдарынан оның тек қана ақын емес, көпті көрген дана екенін байқауға болады. Және де жыр- дастанда  аллитерация, инверсия, теңеу, метафора сынды көркемдік әдістерді ұтымды пайдалануы, шыны керек, мені таң қалдырмай қоймады.

  

         Алма Қыраубаева апайымыз да өзінің еңбегінде дастанның негізгі мазмұнындағы адамгершілікті насихаттаған бәйіттерді жүйелеп көрсетеді де,  жырдың басты идеясы осы екенін тағы да таныта түседі. Ғалым дастандағы кесірлі, кесерлі ойларды әшкерелей отырып,  оларды да адамгершілік туралы оймен байланыстыра қарастырады. Осы орайда ғалымның пікірі былайша жалғасады: Туындыгер сонымен бірге қарама-қайшы қылықтардан сақтандырады. Олар: жалған сөз, екі сөйлеу, шарап құмарлық, зүгенсіздік, зымияндық, ащы тіл. [3, 94] Алма ханымның пікірі бойынша, ақынның осы ойлары кейінгі ақындарда жалғасын тапқан , соның ішінде  Қорқытпен, Абаймен, Жамбылмен үндесіп жатыр, бұл әрине көңіл қуантады. Ғалым дастан мазмұнын жинақтап, құтты адам болмысын былайша көрсетеді: құтты іздеген адам жібек мінезді, көңілі таза, тілі майда, жігерлі болып,  үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге мейірін төксе, араз көңілді түйіп ұстаса, осы қасиеттер құтты ұстаудың құлып-кескіні. [3, 101]

         Ғұлама өз сөзінде әке-шешден тәрбие көрген жандар қашанда нәпсісін тыя білетін, жомарт, бауырмал, сабырлы, инабатты болып келетінін айтады.  Бұл туралы Н.Келімбетов: «Баласағұн әдептіліктің сан түрін жырлай келіп, солардың ішіндегі ең бастысы – тіл әдептілігі деген қорытынды жасайды.  Дастанның бір тарауы, дәлірек айтсақ, жетінші тарауы түгелдей осы мәселеге – тіл әдептілігіне, яғни, мәнерлі, мәнді, сыпайы сөйлей білу өнеріне арналған», дейді.[2, 211]           

Мәселен:

Тіл – арыстан, есік баққан ашулы,

         Сақ болмасаң жұтар келіп басыңды.

 

         Көрген емен көбік сөзбен оңғанды,

         Тобықтай түй тосан ауыз  толғамды!

        

         Тіліңді бақ, басың аман болады,

         Сөзді қысқа айт, жасың ұзақ болады. [4]

Өлең жолдарын оқи отырып кез келген адамның мақал-мәтелдер тақырыбын еске түсірері шүбәсіз. Расымен де, тек дастан емес, 1001 мақал жинағы ма деп қаласың. Оларға мағыналық жағынан да, құрылымдық жағынан да ұқсайтыны рас. Тіпті кейбірі күні бүгінге дейін ел аузында мақал болып айтылып жүр. Ал бүгін қозғалып отырған руханият мәселесі сөз болғанда, ең алдымен, ойымызға мақал-мәтел мен нақыл сөздер келеді. Менің ойымша, «Құтты білік дастанында кездесетін мақал-мәтелдер» деген тақырыпта бөлек жұмыс жасалу керек.

 

 

                                ҚОРЫТЫНДЫ

 

 Руханиятты қадірлейтін қоғамның ғана болашағы бар дедік. Рухани мәдениет адамның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасты, қадірі, адамшылығы, ұяттылығы, тәрбиелігі, зиялылығы, қарапайымдылығы арқылы көрінеді. Адамның адамгершілік қасиеттерінің жоғарлығы- руханилықтың негізі. Ал өнер, әдебиет, ғылым мен білім адамға тәрбиелеу мен еңбектену арқасында келеді. Осы айтылған қасиеттердің барлығы да Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында көрініс алып, дәріптелген.  Демек, біздің қазіргі “рухани жаңғырып жүрген ” заманымызда бұл еңбектің маңызы артпаса, кеми қойған жоқ. Осы уақытқа дейін отандық ғалымдарымыз зерттеп келгенімен, әлі де жұмыс жалғастыру керек деп ойлаймын. Себебі қазіргі жастардың дені осы еңбекті Асқар Егеубайдың аударғанын білмек түгіл, қазақша нұсқасының бар екенінде хабары жоқ. Менің ойымша, мұндай еңбектерді тек зерттеп қана қоймай, дамушы жастар өздігінен қызығып оқитындай дәрежеге жеткізу керек.  Қазақша нұсқасының нарықтағы бағасы 5-9 мың теңге арасында. Әрине, мұнымен мен еңбектің құндылығын түсіріп тұрған жоқпын, дегенмен руханилыққа тәрбиелейтін озық әдебиет үлгілерінің халыққа қолжетімді болуы маңызды деп білемін.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 1-кітап. Алматы: Мектеп, 2001;

2. Н. Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы: Атамұра, 2005;

3. А. Қыраубаева. Ежелгі әдебиет. Алматы: Қазақ университеті, 1999;

4. Жүсіп Баласағұн. Құтты білік(ауд. Асқар Егеубаев). Алматы, 1986;