Қазақ халқының отбасылық құндылықтары мен әдет-ғұрыптары
жеке
блог

Қазақ халқының отбасылық құндылықтары мен әдет-ғұрыптары

Менің ойымша, әдет-ғұрып-ол рухани және мәдени құндылықтардың сақталуы жолындағы үлкен мүмкіндік, ал, отбасылық құндылық-салт-дәстүр негізінде өз типін жоғалтпайтын бір-бірімен өте тығыз жүйеде байланысқан қатынас немесе үдеріс.« Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» деген екен ұлылардың ұлысы Абай Құнанбаев. Ақылдылық пен парыз, иман мен ғибадат қазақ халқының отбасылық құндылықтарының ішіне еркін кіріктірілетін рухани азық. Қазақы отбасы үшін құндылықтар мен әдет-ғұрыптардың ретті сақталып қана қоймай, әрі қарай тамырымен жайылуы маңызды және ол хақ. Ежелден қалыптасқан құндылықтардың қазіргі заманда сақталу деңгейі әр отбасында әртүрлі дәрежеге тең. Адам-ол тұлға, бірнеше тұлға-отбасы, отбасы-Отан, Отан-тұтасып жатқан мемлекет. Мемлекеттің сақталуы жолындағы құндылықтар мен әдет-ғұрыптардың маңызына тоқталайық.
Отбасылық құндылықтар-бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан екі маңызды тұлғаның отбасын сақтау жолындағы іс-әрекетке салт пен әдетті арқау етуі. Салт пен әдет-отбасының негізгі қүндылықтары. Ел өмірімен біте байланысқан рухани, мәдени азық. Ұлағатты ұл, инабатты қыздың теріс жолға түспеуіне үгіттейтін жөн-жосық.«Тәрбие-тал бесіктен». Бала тәрбиесіне аса көңіл бөлген қазақ халқы, ең алдымен ерлі-зайыпты арасындағы сыйластықты талап етеді. Отбасы құндылықтарының түпкі тамыры отбасын айрандай ұйытып ұстау. Әрине, қазіргі кездегі құлдырауға ұшыраған бірден-бір құндылық десем, сірә, өтірік емес. Үлкенді сыйлау, ізгілік, ізеттік, сыйластық, имандылық, ар-ұждан, тәрбие, мәдениеттілік, адамгершілік-сақталуға және өзгерту енгізілмеуге тиісті заң іспеттес.
Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, байланысты мысалға алғым келеді. Енені анасындай, келінін қызындай көретін көрініс XXI-ғасыр үшін біршама алыс. Дегенмен, саналы түрде сақталған. Қарапайым, күнделікті өмірдегі ене мен келін арасында үлкен ізгілік сақталу міндетті. Осы күнге дейін сақталған көне көрініс: келіні жас босанған кезде, енесі келініне «-сен маған қызмет еттің,енді мен саған қызмет ете тұрайын» деген екен. Оның негізінде, біріншіден, жас босанған әйел үшін ауыр жұмыс жасау, суыққа шығу зиян, екіншіден, немересінің дені сау болып өсуі үшін жасалынатын көрер көзге әдемі көрініс. Ене мен келін арасындағы үлкен сыйластық пен аналық махаббатты еркін түре көруге болады. Сонымен қатар, ене мен келін арасындағы жақсы қарым-қатынас отбасының тұтастығы жолында маңызды қызмет атқарады.
Менің ойымша, отбасы-ұрпақтар арасындағы байланыс. Рухани және мәдени құндылықтардың сақтаушысы. Мен, қазақы отбасы құндылықтарының ішінен тек бір мысал келтіріп өттім. Оларды дәріптеу, насихаттау, тарату мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу жолындағы үлкен мүмкіндік.