Менің Әуезовім

Менің Әуезовім
жеке
блог

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1 курс магистранты Құрманғали Бибігүл

Тәуелсіздік алу жолында қазақ халқы көптеген қиындықтарды бастан кешірді. Бірақ мен қазақ халқын ең бақытты халық деп айтар едім. Себебі қай заманда болмасын елі үшін жанын берген еңбегі ерен азаматтарымыз көп болды. Солардың арқасында еліміз толықтай тәуелсіздікке қол жеткізді. Елімізді надандық пен ескі наным-сенім шырмауынан құтқарған Абайдың, отаршылдыққа қарсы күрескен Махамбет пен Исатайдың, тәуелсіздік жолында арпалысқан Байтұрсынов, Дулатов, Бөкейханов, Жұмабаевтай ұлы перзенттеріміздің ел тарихындағы алатын орны ерекше. Осындай аңыз адамдармен аты қатар аталатын, халқына сіңірген еңбегі мол, жеке-дара, оқшау тұрған біртуар мақтаныштарымыздың бірі - Мұхтар Омарханұлы Әуезов.

Әуезов әлемімен мектеп табалдырығын аттағаннан кейін ‘Көксерек’ әңгімесін, Абай жолы романын, ‘Қараш -қараш’ оқиғасын оқу арқылы тереңірек таныстым. Мен бұл шығармаларын оқу арқылы өмірге деген өзіндік көзқарастарым мен ойларымды қалыптастырдым. Менің Әуезовім мені ұлы Абайдай дарынды, Құрмаштай мейірімді, көңілі пәк, Бақтығұлдай өз тағдырының қожасы болуға ұмтылған жарқын тұлға болып өсуге жетеледі.

Мұхтар Әуезовтің әдебиет пен ғылым саласына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол әдебиет саласы бойынша публицистика, драматургия, аударма, проза бағыттарын дамытып, биік шыңға шығарған ірі тұлғаларымыздың бірі болды. Мұхтар Әуезовті мен батыс пен шығыс әдебиетінің бай мұрасын бір арнаға тоғыстырып, біртұтас қазақ әдебиетінің нығайып қалыптасуына зор үлес қосты, әрі бірден-бір себепкер болды деп айтар едім. Оның ‘Еңлік-Кебек’ пьесасы ‘Абай жолы’, ‘Білекке білектен’ романдары, ‘Қорғансыздың күні’ шығармасы, ‘Өскен өркен’ романы өз заманында үздік шығармалар қатарына қосылып, еңбегіне сай бағаланды.

Мұхтар Әуезовтің жас ұрпаққа үлгі боларлықтай, еліне мол мұра етіп қалдырған туындыларының ішіндегі ең көркемі -  ‘Абай жолы’ роман-эпопеясы. Әр жас буынның немесе кемелденген қарт адамның жазушымыздың есімін естігенде есіне бірден ‘Абай жолы’ романының түсері анық. Себебі ‘Абай жолы’ романы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман-эпопея болып қана қоймай, дүниежүзіне қазақ әдебиетінің мол мұрасын танытқан ауқымды жаңалықтардың бірі болды. Бұл роман-эпопеяға көптеген шетелдің жазушылары өздерінің пікірін білдіріп,жоғары бағалары берді. Мысалы, орыс кеңес жазушысы К. Федин ‘Ұлт туралы толық та, тұтас түсінікті жазушының өзі береді... Мұхтар Әуезов өзінің ‘Абайымен’ менің қазақ халқы туралы түсінігімді қалыптастырды. Мен енді хош иісті самал ескен даланың жұпар ауасын жұтып, қазақ болып кеткен тәріздімін.’- деп жазды.

Осы секілді Мұхтар Әуезовтің қай шығармасын алып қарасақ та кейіпкердің мінез-құлқы, психологиясымен, өмірлік көзқарастарымен, сол заманның қоғамдық құрылысымен толықтай танысып, көз алдымызға айқын елестете аламыз. Оның шығармалары әрбір оқырманды отансүйгіштікке, өмірге прогрестік көзқараспен қарауға, барлық жағынан жан-жақты болуға жетелейді. Осындай мақтаныштарымыздың ерлік істерін жас ұрпаққа дәріптеу - біздің басты міндетіміз.