Әлемнің философиялық бейнесі

Әлемнің философиялық бейнесі
жеке
блог

Философия идеясы-болашақтың схемасы

Новалис

  Философия тарихында әлемнің тұтас бейнесі болған емес. Белгілі бір дәуірге, уақытқа, ғылыми жетістіктерге, философтардың дарындылығына байланысты,  әлем мен адам ұғымы әртүрлі қарастырылған. Расында, қанша философтар мен философиялық бағыттар болса, сонша философиялық көзқарастар да болды.

  Әлемнің философиялық бейнесінің семантикалық орталығы әлем мен адам және олардың өзара қарым-қатынасы. Дәлірек айтқанда, адамның әлемге деген қарым-қатынасы.

 «Әлем» ұғымын адамдар күнделікті сөйлеуде де, ғылыми, философиялық зерттеулерде де қолданады. Философиялық аспект бойынша әлем деп, тұтас ретінде қабылданған шындық түсініледі. Алайда, «әлем тұтастай» бізге ешқашан тікелей берілмейді, өйткені әрбір адамның мүмкінділігі шектеулі, ол шындықтың кішкене бөлігін ғана көреді.

  Әлемге деген философиялық көзқарас, оның қандай онтологиялық тұрғыдан қарастырылуына байланысты. Философияда монистік, дуалистік және плюралистік бағыттар бар. Монистік көзқарастар негізі ретінде біртұтас (материалдық немесе рухани)  принциптер алынады. Мысалы, материализмнің көзқарасына сәйкес, әлем тұтас және материалды. Дуализм Универсум  аясында мәңгі өмір сүретін және бір-біріне параллель дамитын екі бастама:  материя мен рух бар деп санайды. Бұл ағым екі әлемнің, яғни  материалдық және рухани әлемнің бар екенін мойындайды. Ал, плюрализм бірнеше онтологиялық бастамалар бар болса, демек, бірнеше әлем де бар деп санайды.

  Әлемнің философиялық бейнесі адамның өмірі өтетін әлем туралы, оның материалдық және рухани, объективті және субъективті, табиғи және кездейсоқ, шекті және шексіздіктің тоғысуы деп айтуға болатындығын түсінуге мүмкіндік береді. Әлемнің бұл философиялық бейнесінің маңызды артықшылықтарының бірі -  басқа әлем бейнелерімен салыстарғанда адамдардың әлемді кең, әрі жан-жақты қабылдауына ықпал етеді. Әлемнің философиялық бейнесінің жан-жақты сипаты философияның түпкі мазмұнынан туындайды, соның ішінде философия тарихы, онтология (болмыс туралы ілім), сана туралы ілім, таным теориясы (гносеология), аксиология (құндылықтар туралы ілім), экзистенциалды мәселелер, антропология, әлеуметтік философия, диалектика (метафизика), логика, этика, эстетика, ғылым философиясы және т.б. Сондықтан, әлемде оның философиялық тұрғыдан талданбайтын және қамтылмайтын бірде-бір саласы, қыры жоқ.

 Әлемнің философиялық бейнесі дәлелдеуге, логикалық дәйектілікке ұмтылады. Ол тұжырымдардың міндеттілігін, оларды түбегейлі тексеруді қамтиды және мұның бәрі оны әлемнің ғылыми бейнесіне жақындатады. Кейбір философтардың (Спиноза, Фихте, Гуссерль және т.б.) оны ғылымға ұштастырғандары таңқаларлық емес. Атақты неміс философы Гегель философияны тіпті «ғылымдардың ғылымы» деп атаған.

  Демек, философия әлемнің бейнелеріне жүгініп, қазіргі жағдайда адамдардың ойлау стилін жетілдіруге ықпал етеді. Адамдардың даналыққа деген ұмтылысын ескере отырып, қазіргі философия адамның шығармашылық дамуының нақты құралына айналды деп айтуға болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.    Маслихин А. В. Философская картина мира //Вестник Марийского государственного университета. – 2007. – №. 1 (2).

2.    Шопенгауэр А. Избранные произведения. – М.: Просвещение, - 1993. – С. 64.

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

Тлемисова А.С.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, философия ғылымдарының кандидаты

Жанатаев Д.Ж.