Қарттар үйіндегі студент жастардың мерекелік тартуы
жеке
блог

Қарттар үйіндегі студент жастардың мерекелік тартуы

1 – қазан Халықаралық қарттар күніне орай  Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы жанынан құрылған «Сен жалғыз емессің» қайырымдылық қоры және Алатау ауданы Жастар ресурстық орталығы  «Нұр» қарттар үйіне барып, мерекелік көңіл күй сыйлап қайтты.

    Бұл күнді 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы «Халықаралық қарттар күні» деп белгілеген болатын. Яғни, осынау жасын сыйлаған асыл қарттарымыздың мерекесін елімізде ғана емес, бүкіл әлем бойынша студент жастар тағылымы мол мерекелік іс – шара, алуан түрлі жобалар ұйымдастырады. Бұл дәстүрден біздің ҚазҰУ студенттері де қалыс қалған емес. Олар Алматы қаласындағы «Нұр» қарттар үйіне барып, ондағы ата – апаларымызбен тілдесіп, көңіл көтеріп, мерекені сезіндірді. Осы игі шараның мақсаты – әлеуметтік жағынан аз қамтылған қарт адамдарға, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі зейнеткерлерге көңіл бөлу, оларға материалдық, қайырымдылық көмек көрсету болатын. Сондықтан бұл мерекені атап өтуде «Сұңқар»белсенділері және Алатау аудандық Жастар ресурстық орталығы қарттар үйінде өз өнерлерін көрсетті. Кештің шымылдырығын Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төраға орынбасары Ольга Петровна мен «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төраға кеңесшісі Ажар Құрбанбекқызы жылы лебіздерімен ашты. Артынша ұйымдастырушылар атынан қарттарымызға сыйлықтар табысталды және жастардан ән мен би, жыр – шумақтар арналды. Қоңыр әсем даусымен тарих факультетінің студенті Қайырғазы Тоғжанның орындауындағы ән қарттардың жүрегінен орын алып, бірде толқытып, бірде билетті. Ал домбыраның құлағында ойнаған Кембаева Тоғжан мен Оңғарбай Сейткерім көрермендерді тартысты күйімен тамсандырды. Кейіннен кеш жүргізушілері  қарттарымызға ойын ойнатып, жеңімпаздарға сыйлықтар беріп, көңілдерін көтерді. Мерекелік кештің соңы Алматы қаласы «Алатау ауданы Жастар ресурстық орталығы» - ның басшысы Файзуллаев Қадырбек Бауыржанұлы мен «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы жанынан құрылған «Сен жалғыз емессің» қайырымдылық қорының жетекшісі Кембаева Тоғжан Бауыржанқызының құттықтау сөзімен аяқталды.

    Осылайша, қазыналы қарттарымыздың ақ баталы сөзі мен алғысын алған ұйымдастырушылар мен студенттер бірнеше сағатқа созылған жобаны жоғары деңгейде алып шықты. Бұған дәлел ата – апаларымыздың «Қош бол, сәулем көргенше, қайта айналып келгенше» деп әндетіп, ризашылықпен шығарып салғандары болды.

    «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, бар құрмет пен сыйға лайық қарттарымызға әдемі қарттық тілеп, уақытында қамқорлық танытайық.

 

Жолниязқызы Ақнұр
Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультетінің 3 курс студенті