ҚазҰУ – да ұстаздар күніне орай мерекелік концерт өтті

ҚазҰУ – да ұстаздар күніне орай мерекелік концерт өтті
жеке
блог

    Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдастыруымен ұстаздардың төл мерекесіне орай «Ұстаз – ұлттың тірегі» атты мерекелік іс – шара өтті.
Ұстаздық жолдың қызығы мен қиындығын, жас ұрпақ тәрбиелеудегі маңыздылығы мен жауапкершілігін жете түсінетін, әр ұрпақтың білімі мен білігі жолында аянбай еңбек ететін ұстаз деген ұлы есімнің орны ерекше.Сол себепті де, осындай айтулы күні ҚазҰУ – дың оқытушы – профессорларына алғыс айтып, мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында Әл – Фараби кітапханасында толғанысқа толы тамаша кеш өтті.  Арнайы шақырту қағазымен келген әр факультет ұстаздары көңілді кештің куәгері болып қайтты. Әуезді әнмен басталған кеште «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының белсенді жастары өз өнерлерін тарту етті. Осы кеште күмбірлеген домбыраның үнімен күй тартылса, гитараның сүйемелдеуімен ұстаздарға арналған әндер шырқалды. Одан өзге кәсіподақ жанынан құрылған «Шабыт» шығармашыл жастар клубының студенттері ұстаздар құрметіне өлең жолдарын оқыды. Кеш соңында оқытушы – профессорларға ұйымдастырушылар атынан гүл шоқтары мен арнайы сыйлықтар табысталды. Кейіннен видео форматында кәсіподақ белсенділері құттықтау сөз арнап, өлең оқып, концерттік іс – шараны қорытындылады. Университет оқытушылары да кеш соңында жылы лебіздерін білдіріп, алғыспен тарқасты.


Жолниязқызы Ақнұр
Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультетінің 3курс студенті