Абай және Мағжан өлеңдерімен сусындап өстім – Анастасия Кравченко

Абай және Мағжан өлеңдерімен сусындап өстім – Анастасия Кравченко
жеке
блог

Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету, жас тіл мамандары жетістігін жария ету – бүгінгі медианың бір мақсаты десек те болады. Cол мақсат жолындағы жазбамыздың келесі кейіпкері – Анастасия Кравченко.

Ақмола облысында дүниеге келген, қазір қазақ балабақшасында тәрбиеші болып қызмет ететін «Тіл білгірі» конкурсының Бас жүлдегері Анастасия Кравченко қазақ тілінің қадір-қасиеті жайлы кеңінен толғанды.

Кравченко Анастасия Петровна 1999 жылы  14 сәуірде Ақмола облысы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Бала кезінен бастап қазақ мектебінде білім алған ол қазіргі таңда қазақ балаларының білімді, тәрбиелі болуына атсалысып жүр.

Жалпы мен балалар үйінде тәрбиелендім. 2-ші сыныптан бастап қазақ тілінде білім алдым. Қазақ тілінен басқа орыс, ағылшын тілдерін білемін. Әйтсе де, бір орнында тұрмай, әрқашан ізденісте болу, өзін – өзі жетілдіру және ешқандай тосқауылдарға қарамай, тек алға жылжу деген ұстанымыммен қазақ тілін ары қарай дамытып жүрмін.

Бала естігенін айтып, көргенін істейді дейтін сөз бекер айтылмаған. Мектеп жасына дейінгі балаларға рухани құндылықтарды сіңіру, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеу маңызды екені белгілі. Анастасия үйден алғаш жыраққа шыққан жасқа тұңғыш ұстаз болудың қызығы мен қиыншылығы туралы да баяндады.

Балабақшада жұмыс істеу қиын деп айта алмаймын. Бірақ әр мамандықтың өзінің қыр-сырлары болады емес пе? Мен алғаш балабақшаға жұмысқа келген күннен бастап, балаларға мейіріммен қатар, ересек адамдармен сөйлескендей олармен сұқбат құру керек екенін түсіндім. Сондай қыр-сырларын үйреніп, мамандықты жетік білген кезде, әрине ештеңе қиын емес.

Анастасия қазақ тілін меңгерумен қатар ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, өлеңдерін жатқа айтады.

Мен Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаевтың шығармаларымен сусындап өскем. Өлеңдерін де жатқа білемін. Және оны мақтан тұтпаймын. Әлі де болса оқи түсуге ниетім бар.

Анастасияның бала күнінде ұяң, дүниені тани түсуге, адамдардың мінез-құлқына үңіле қарап тануға ұмтылысы туралы ұстазы Балайым Әлиакпарқызы әңгімелеп берді.

Анастасия менен тәлім-тәрбие алған шәкірттерімнің бірі де бірегейі. Ойы жүйрік, білімге құштарлығы зор! Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей құрметтей білетін сүйкімді сымбатты қыздарымның  бірі. Болашағынан үлкен үміт күтемін. Мен оған сенемін, - дейді.

Біздің болашағымызды тәрбиелеп жүрген Анастасияға алға қойған мақсаттарына жетуіне тілектеспіз. Ісіне сәттілік, жұмысына береке тілейміз.