Өзге тілдің бәрін біліп, қазақ тілін құрметтеген Марина

Өзге тілдің бәрін біліп, қазақ тілін құрметтеген Марина
жеке
блог

Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етіп, тіліміздің тұғырын биіктетіп жүрген жалынды жастар аз емес. Ол қатарда Қазақстанда туып, қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері де бар. Соның бірі – Марина Фалеева.

Марина Владимировна 1998 жылы дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан өңірінің тумасы. Қазақ тілін бала кезінен жақсы көріп, еркін меңгерген. Қазақ тілінен Қанипа Бітібаева атындағы халықаралық олимпиадада екі рет жеңімпаз атанған. Республикалық және облыстық пәндік олимпиада жарыстарында қазақ тілінен бірнеше рет топ жарған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде қазақ тілі мамандығы бойынша білім алған. Марина – полиглот. Орыс тілі – туған тілі, ал аса қатты қадірлейтін қазақ тілінен бөлек ағылшын және түрік тілдерінде де сөйлей алады.

Маринаның қазақ тілін үйренуіне себепкер болған бірден-бір жан – анасы. Кішкентайынан қазақ балабақшасына берген. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын санасына түйіп өскен.

- Анам мемлекеттік қызметкер болды. Сондықтан қазақ тілін білу жайлы да талап болды. Есейгенде үйрену қиындау да болды. Ал мені жетік білсін деп қазақ балабақшасына берді. Басында бір айдай ешкіммен сөйлеспей жүріппін. Кейін үйреніп алғанмын, - дейді.

Марина түрік тілін қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенде үйренген. Бұл мектепте де қазақша білім алған. Ал бала кезгі арманы тележүргізуші болу екен. Бірақ кейіннен басқа салаға ауысқан.

- Тележүргізуші болсам деп қиялдадым. Жұрт алдына шығып, әкімдердің алдында сөз сөйлеп жүрдім. Сондықтан осы сала маған жақын деп сендім. Алайда мектеп кезінде телеарнадан тәжірибеден өтіп, өз бағамды түсіріп алғандай болдым. Содан кейін бұл салаға баруға жүрегім дауаламай қалды. ҚазҰУ-ға түскенде де осы салаға бет бұрамын деп ойлағанмын. Бірақ сәті келмеді. Қазір басқа қызметтемін, - дейді.

Біздің кейіпкер Абай мен Мұқағали өлеңдерін жатқа оқиды. Кішкентайынан қазақ поэзиясымен сусындап өскен. Ал мектепте талай олимпиадаға дайындаған ұстазы Әйгерім Жұмабекова шәкіртін мақтан тұтады.

Марина қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің «Алтын ұрпақ» кітабына енген түлегі, оқу озаты, қазақ тілі пәнінен республикалық, халықаралық олимпиадалар мен шығармашылық конкурстар, әдеби жарыстар жеңімпазы, облысымыздың мақтанышы. Мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қолдану аясын кеңейту, жас ұрпақты қазақ тілін құрметтеуге баулу саласында үлгі боларлық тұлға. Сонымен қатар, Марина ибалы, инабатты мінезімен, үлгілі тәрбиесі мен мол шығармашылық әлеуметімен ерекшеленеді. Сан мәрте лицей туын зияткерлік жарыстарда биіктен көрсетті, - дейді маман.