Алтын діңгек асыл босағам - ауылым

Алтын діңгек асыл босағам - ауылым
жеке
блог

Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
Жастық – алтын, қайтып келмес күнімде
Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер.

Мағжан Жұмабаев

      Туған жер адам баласының жарық дүние есігін ашқан қастерлі мекені.Бізге дейінгі сан толқын ұрпақтың кіндігі,қаны мен маңдай тері тамған жері.Әрине,туған жер кез-келген адам үшін киелі орын алатыны ақиқат. Себебі,ол адамды елімен және болашақ өмірімен байланыстырады.Балалық шақтан бастап-ақ өз қадір-қасиетін ұғындырып,бойына махаббат сезімін оятады.

       Менің туған жерім Тарбағатай тауы бөктеріндегі табиғаты тамаша Қызылту ауылы. Мен үшін ауылымның әр тасы, тіпті бір тамшы суы да аса қымбат.Қойнауынан құт дарыған, щатқалынан шаттығы тасыған Қызылту өңірі - ырыс пен ынтымақтың қайнар бұлағы.Туған ауылымның тұнып тұрған әсем көрінісі бойыма ерекше мақтаныш оятады.Тау етегіндегі қуыстарды қуалай өскен буталы орманы, тау суын сарқырата кең далаға алып қашқан өзендері , кең даласы бойыма еріксіз күш-қайрат сыйлайды.Бақытты балалық шағым ауылыммен тікелей байланысты. Қазіргі таңда Алматы секілді алып шаhарда тұрып жатқаныммен, ауылыма деген шексіз махаббатым ешқашан бойымнан кеткен емес.Қызылту мен үшін жердің жәннәті іспетті. Дүниенің бар асылын алдыма қойсада, ауылымның құрт-майы мен қара суына жетпейді.Тарихы тереңде жатқан көне жәдігерлер мен аты әлемге танылған тұлғалар дәл менің шағын ғана ауылымнан шыққан.Ауыл деген шіркін,тіршілік бейнетіменде тұғырлы деп ойлаймын. Қаланың күйбең тіршілігі ауылдың қызықты және уайымсыз күндеріне жетпейді ғой. Менің туған жерім-ырыс -береке мен мерекенің құт мекені. Тұрғындарының тұла бойында бауырмалдылық,кішіпейілділік сынды ізгі қасиеттер жетіп артылады. Осы үшін де Қызылтудың орны мен үшін әрқашан ыстық.

     "Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді" деген сөз мағынасын бүгінгі таңда толықтай түсіндім.Кейде ауылыма барған кезде: "Ауылымның түтіні -ау қымбат маған,қымбат маған белдері-ау сұңғақтаған Қызылту" деп әндетіп, сағынышымды жылап тұрып басып аламын.Ту көтерер ері,қазыналы жері бар Қызылту мен үшін алтыннан да қымбат. Ауылыма деген сағынышым мен ыстық ықыласымды бір мақалаға жазып жеткізе алмаспын. Қиып түсер қылыштай сөздеріммен ауылымның кереметтігін айтып жеткізе алмаспын.

     Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев " Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататының естен шығармауға тиіспіз" деген өнегелі сөздерін әр қазақ жадында ұстап, туып -өскен ауылдарын дамытуға,қадір-қасиетін түсінуге тырысу керек.Расында,әр қазақтың туған жері кішігірім ғана ауыл,аудан.Халқымыз үшін асыл руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі ауыл екені даусыз.Ауыл - әркімнің шыр етіп дүниеге түскен,қаз басқан қасиетті мекені. Сол себепті қай жерде жүрсекте, жүрек түкпірінде оны әлдилеп жүргеніміз абзал.Ауылдың таза ауасын тыныстап, суынан нәр алып,көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат оны қастерлеуі тиіс.

     Ауылым-алтын мекенім деген сәулелі, жылы сөздің мағынасы мен үшін одан ары тереңдей түскендей.

          Дайындаған: Секен Айзада