Adiós, ИСПАНИЯ...
жеке
блог

Adiós, ИСПАНИЯ...

Италия мен Испания арасындағы тартысты ойында апениндіктер жеңіске жетіп, төртінші рет Еуропа чемпионатының финалына шықты. Негізгі және қосымша уақыттар 1:1 есебімен тең аяқталып, пенальтилер сериясында Италия басым болды — 4:2.

Тарих қайталана бермейді. Испания 2016 жылғы Португалияның тағдырын қайталап келе жатыр еді. Яғни, осы күнге дейін негізгі уақытта бір рет қана жеңіске жетті. Хорватияны 90 минут ішінде тізе бүктіре алмады. Швейцарияны жеңу үшін 120 минут та аздық қылды. Ал, кеше Италиядан басым бола тұра жеңіліп қалды. Тағдыр тәлкегі дейсіз бе, ойынның 80-минутында Дани Ольмо мен Альваро Мората тізе қосып, керемет комбинация ұйымдастырды да, есепті теңестірді. Бірақ пенальтилер сериясында тап осы екеуі қателесіп, Испанияны финалға жеткізбей тастады. 

Испаниялықтар көбіне "жасанды оффсайд" арқылы қарсыластарын тұсамақ болды. Бұл жоспарлары орындалды да, Италия ойыншылары кемі он рет ойыннан тыс қалған шығар. 

Жалпы қорғаныс шебіндегі өзара түсініспеушілік бұл жолы да жарға соқтырды. Испанияның қорғанысында бір кінәрат бары әр ойында-ақ сезіліп қалатын. Италиямен матчта да ойын тізгінін қолына алып, допты көбірек иеленуге тырысқанымен, тылды көбіне ашық қалдырып, Италияның әрбір шабуылы дүрбелең туғызды да жатты. Гол соғылған кезде де Эрик Гарсия мен Эмерик Ляпорттың ебедейсіз қимылынан соң иесіз қалған допты Кьеза иеленді. Осы сәтте Кьезаны үш ойыншы қаумалады. Бірақ тосқауыл бола алмады, италиялық шабуылшы есеп ашып кетті — 1:0. Жалпы баяғыдай «тики-така» әдісімен ұзаққа шабатын дәуірдің өтіп кеткеніне көздері жететін уақыт болды ғой.

Дегенмен испандардың голы әдемі соғылды. Жоғарыда айтқанымыздай, Мората мен Ольмо "қабырға әдісімен" пас алмасып, нәтижесінде Моратаның алдында қақпашыдан басқа ешкім қалмады. Керемет, жылдам комбинацияға көзіміз ілесіп те үлгермеді, доп қақпа торында тулап қалды.

Италия ше? Расы сол, алғашқы соққыны 45-ші минутта ғана бағыттады. Кешегі ойында прагматик болғанымен, бұған дейін қарсыластарының бәрін жайпап, бес ойында да жеңіске жеткен Италия баз бір тұрғыда испандарға қарағанда финалға лайық та еді. Манчини шәкірттері бұл жолы да сыр бермеді, испандар есепті теңестірген соң да сауатты ойнауын жалғастыра берді. Манчинидің Буффонды не үшін керексінбегенін, Италияның қай кезде де таланты қақпашыдан кенде болмайтынын Доннарума ойын барысында да, пенальтилер сериясында да тағы дәлелдеді. Жалпы чемпионаттағы төрт құбыласы түгел команда әзірше осы Италия болып тұр. Тағы бір «әуп» десе Италия жанкүйерлерін бақытқа бөлейтін сәтке де жетіп қалар.

Бүгін Дания-Англия текетіресіне куә боламыз.